Accessibility links

«Ақылдастар алқасы» Назарбаевқа бола дауласты


Жазушы Ғаббас Қабышұлы жиында отыр. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Жазушы Ғаббас Қабышұлы жиында отыр. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Қаңтардың 9-ы күні Алматыда «Жас Алаш» газеті ұйымдастырған жиында Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларға байланысты «Зиялы қауымның ақылдастар алқасы» құрылды.


Алқа құрамына 11 адам (Қабдеш Жұмәділов, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, Мереке Құлкенов, Болат Атабаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Мұхтар Тайжан, Серік Сапарғали, Төлеген Жүкеев, Маржан Аспандиярова, Дос Көшім) кірді.

Олардың түсіндіруінше, бұл алқа - «зиялы қауым өкілдерінің қашан кездесіп, жиналатынын айқындайтын үйлестіруші» қызметін атқарады.

«ЖАҢА ДЕРЕКТЕР»

Жаңаөзен оқиғасы бойынша құрылған қоғамдық комиссия мүшесі, жиынның ​модераторы Рысбек Сәрсенбайұлы демалыс күндері Жаңаөзеннен оралғанын, тың деректер әкелгенін айтты.

Жаңаөзен тұрғындарының сөзіне қарап, «әу баста-ақ билікте мұнайшыларды алаңнан кетіру мақсаты болған» деп тұжырым жасауға болады дейді ол.

- Өйткені мұнайшылар 16 желтоқсан күні тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланатын кезде саяси талап қоймақ болған. Бірінші талаптары - «президент кетсін». Екіншісі – «Қазақстанның қазба байлықтары халыққа қайтарылсын». Осы талапты қойғызбас үшін оларды алаңнан кетірудің тәсілі ретінде алаңда той тойламақ болған, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

«МҰРАГЕР»

Жазушы Қабдеш Жұмәділов «Жаңаөзен оқиғасының түп-тамырында азаматтардың Жазушы Қабдеш Жұмәділов. Алматы, 9 қаңтар 2011 жыл.

Жазушы Қабдеш Жұмәділов. Алматы, 9 қаңтар 2011 жыл.

көшеге шығып, бейбіт жиын ұйымдастыру құқығын жүзеге асыра алмауы жатыр, осы халықтың құқығын қалыпқа келтіру керек» дейді.

- Ереуіл дейтін барлық елде бар - АҚШ-та, Францияда, Ұлыбританияда...Әнеугүні Ресейде сайлаудың дұрыс өтпегеніне байланысты бір ай бойы барлық қалада ереуіл болды. Полициямен арада текетірес болған шығар, бірақ оқ атқан жоқ олар. Ешкімді қырған жоқ.

Ереуілге шығармау, митинг өткізбеу, қарсы сөз айтқызбау деген - баяғы Совет одағындағы империялық, бізде ғана сақталып қалған тәртіп. Оны біз бірден-бір мұрагер боп сақтап қалғанбыз, - деді ол.

«ОҚ АТҚЫЗҒАН ҚАНДАЙ ҚАРҒЫС АТҚЫРЛАР...»

Бұл жиында осы уақытқа дейін Жаңаөзен оқиғасына байланысты пікір айтып жүрген Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Ғаббас Қабышұлы сынды азаматтардан бөлек Зейнеп Ахметова, Зейнолла Тілеужан, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Мақсұт Қалыбаев, т.б азаматтар болды.

Ақын-жазушылар «жазушылар одағының ертеңгі күні май шаммен іздеріне түсетінін болжасып, қарсы акция ұйымдастыратынын» айтты. «Өздерін ұлт зиялысы санайтын азаматтар қиын-қыстау уақытта халықтың жағына шығу керек» десті.

Жазушы Зейнеп Ахметованың ойынша, «оқ атуға бұйрық берген адамды тауып Жазушы Зейнеп Ахметова. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Жазушы Зейнеп Ахметова. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

бер» деп талап етуге халықтың құқы бар.

- Халықтың өз-өзіне оқ атқызып, қазақты қазаққа қарсы салып қойып отырған қандай қарғыс атқырлар екені, оның аты-жөндерінің, бұйрық бергендердің қашан жария болатұғынын құдайым өзі білсін. Бірақ бұл халықтың талап ететін – сол. Бұйрық берген, сол бұйрыққа қол қойған адамның аты-жөнін айтуды талап етуге біздің халық ретінде хақымыз бар деп ойлаймын, - деді Зейнеп Ахметова.

«ТЫҢДАМАСА...»

Режиссер Болат Атабаев «Жаңаөзендегі мәселеге назар аудару үшін осыншалықты адамның қаны керек болғанына өкінетінін» айтты.

- «Басатын ешкім жоқ», «Айтатын жер жоқ», «Бізді тыңдамайды» деуді тоқтату керек. Тыңдамаса, тыңдатқызуымыз керек! Билік сондай болса, енді не істейсің? Басқа билік жоқ. Менің басқа Қазақстаным болса, әлдеқашан кетер едім есікті бір теуіп, - деді Болат Атабаев «үніміз халыққа жетпейді» деп өкпе-реніш айтқан азаматтарға.

«АНАУ КЕТСІН, МЫНАУ КЕТСІН» ДЕГЕННЕН НЕ ҰТАМЫЗ?»

Жиналған азаматтар билікке талап хат жазатын боп келіскенмен, нені талап ету мәселесіне келгенде біраз дауласты.

Жазушы Ғаббас Қабышұлы «президенттің кетуін талап ету керек, себебі елде осыншалықты заңсыздықтардың күш алуына тікелей президенттің өзі кінәлі» деді.

- Телеарналарды қарап отырсаң, оқып отырсаң, бізде кәдімгі коммунизм орнап қапты: «Ешқандай кемшілік жоқ. Бәрі жақсы». Ал шындығында мүлде басқаша. Ендеше мұның бәріне кім кінәлі? Атап айтсақ, шапанымызды шешіп алмас. Алса ала берсін. Бәріне бір ғана Назарбаев кінәлі. Назарбаев бүкіл кадр мәселесін бір өзі шешіп отыр. Кейбіреуіміз айтамыз осы шипақтатып: «Қайтсін енді, маңайындағыдар жаңылдырып отыр» деп. «Әйтеді, бүйтеді...» деп. Атасының басы! Оның маңайына жағымпаздардың барлығын халық жинап берген жоқ қой! Маңдайынан шертіп отырып, өзі жинап алды ғой. Үйтіп президентті ақтауға болмайды! Балық басынан шіритіні рас. Біздің әңгімеміз – жеке айтамыз ба, топтап айтамыз ба, осындайда мәлімдеме жасаймыз ба – тек президенттің кетуін талап ету керек. Сол бастаған жүйенің кетуін талап ету керек, – деді Ғаббас Қабышұлы.

Бірақ отырғандардың біразы бұл талаппен келіспеді.

- «Анау кетсін, мынау кетсін» дегеннен не ұтамыз? Одан гөрі басты-басты, мына Ақын Мұхтар Шаханов. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Ақын Мұхтар Шаханов. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Жаңаөзенге байланысты, адамның өліміне байланысты, т.б мәселелерді алға шығару керек, - деді Мұхтар Шаханов.

Ақын Темірхан Медетбек те «Кет!» дегенмен оған құлақ асатын президент жоқ: орындалмайтын талап қойғанша, алдымен кішілерін кетірейік» деген ақыл айтты.

Қоғамдық белсенді, Жаңаөзен оқиғасын қолдап шеру өткізгені үшін 15 тәулікке қамалып шыққан Серік Сапарғали бұл пікірлерге қарсы шықты.

- Президенттің бүкіл билігімен орнынан кетуін талап етуіміз керек. Ал талап ете алмадыңыздар, онда асханаға барыңыздар да, әйелдің киімін киіп, тып-тыныш отырыңыздар! Мұндай жерге келмеңіздер! Ақыл айтпаңыздар мұнда келіп! - деді Серік Сапарғали.

Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, қарусыз адамдарға қарсы оқ атылды.

Ресми орындар Маңғыстау облысындағы оқиғалар салдарынан 17 адамның қаза болғанын хабарлады.

Билік 2011 жылғы желтоқсанның 17-інен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейін Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай тәртібін жариялап, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібін енгізді.

Қаңтардың 4-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай мерзімін қаңтардың 31-іне дейін ұзартты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG