Accessibility links

Оқ атуға кімнің бұйрық бергені әлі жұмбақ


Полицияның арнайы жасақ сарбазы. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл. Көрнекі сурет
Полицияның арнайы жасақ сарбазы. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл. Көрнекі сурет

Жаңаөзендегі қанды оқиғаға төрт жыл толу қарсаңында «өкілетін асыра қолданғаны үшін» сотталған полицейлер де, «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар» да түгел босап шықты. Сотта жәбірленушілер нақты адамдардың атын атап, «абақтыда азаптады, оқ атты және қару қолдануды бұйырды» деп көрсетсе де, түпкі бұйрық иесі мен негізгі орындалушылар анықталмаған күйі қалды.

2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды оқиғадан кейінгі сот кезінде жауапқа тартылған полицейлер «бейбіт ереуілшілерге оқ атты» деген айыпты жоққа шығарумен болды. Алғашқы жылдары Азаттық тілшісіне полицейлердің «көпе-көрінеу жаламен сотталып жатқанын» айтып шағымданған олардың туыстары сотталғандар біртіндеп босатылған соң байланысқа шығудан қашқақтайды. Сот процесі кезінде табельдік қаруды алуға және оқ атуға бұйрық беруші өкілет иесінің кім екені анықталмаған күйі қалды. Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жаңаөзен оқиғасы бола салысымен полицейлерге бейбіт шерушілерге оқ атуға бұйрық берілгенін теріске шығарған. Ол: «Тәртіпсіздік басталғанда полицейлер қарусыз болған. Кейін бірнеше полицей ішкі істер басқармасына оралып, бірнеше Калашников автоматы мен патрондар алып шыққан» деген мәлімдеме жасаған. Азаттық тілшісіне бір жыл бұрын берген ең соңғы сұхбатында алты жылға сотталған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес бөлімінің бұрынғы бастығы Бекжан Бағдабаевтың әйелі Гүлжиһан Бағдабаева министрдің сөзімен үзілді-кесілді келіспейтінін айтқан. Ол «оқ атпаған күйеуінің нақақ жазаланғанын», ал атыс туралы бейнетаспадан нақ кімдердің қару қолданғаны анық көрінсе де, олардың жауапқа тартылмағанын айтып налыған. «Ішкі істер минстрлігінің өзі полицейлеріне істі «тігіп» отыр» деген Гүлжиһан Азаттық тілшісіне.

Жаңаөзен полицейлері қазір қайда?

ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕ КӨЗГЕ ТҮСКЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚАЗІР ҚАЙДА?

Жаңаөзен оқиғасына байланысты екі айға созылған сот процесінде ереуілді күшпен басу операциясына қатысқан, оқ атқан бірсыпыра құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аты аталды. Бірақ олардың алтауы ғана нақты жаза алып, кейін мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты. Азаттық тілшісі 2011 жылғы 16-17 желтоқсан күндері болған қанды оқиға кезінде Жаңөзенде және Маңғыстау облысында қызмет атқарған жоғары лауазымды полиция қызметкерлерінің қазір қайда екенін анықтап көрді.

  • «Жаңаөзен ісімен» сотталушылар «өздерін абақтыдағы азаптады» деп айыптаған Жаңаөзен қаласы ІІБ бастығының бұрынғы орынбасары Абдрасул Өтешов қазір Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында ІІБ бастығының орынбасары, полицейлер Аслан Түлебаев облыстық ІІД тергеу бөлімінде тергеуші, Рашид Құлыбаев облыстық ІІД қылмыстық істер бойынша жедел уәкілі;
  • Жаңаөзен қалалық ІІБ бастығының орынбасары Нұралы Баржиков сот кезінде «алаңда болғанын, қару қолданғанын» айтқанымен бұрынғы жұмысын жалғастырып жатыр;
  • Оқ атқанын мойындаған офицер Марат Қызылқұлұлы Жаңаөзен ІІБ көші-қон полициясында қызмет істейді;
  • 16 желтоқсан күні Жаңаөзендегі алаңда полицейлермен бірге болып, сотта «қашқан адамдарды атқан жоқпыз» дегенмен видео айғақты көрген соң «білмедім неге атып жатқанын» деп жауап берген подполковник Ұлықбек Мылтықов – облыстық ІІД әкімшілік полициясының бастығы;
  • Жаңаөзен қаласы ІІБ бұрынғы бастығы Мұхтар Қожаев қызметі өсіп, Астанадағы ІІМ қылмыстық полициясы комитетіне ауыстырылған;
  • Маңғыстау облыстық ІІД бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Сәденов – Астанада ІІМ көліктегі ІІД бастығы;
  • 2011 жылғы 16-17 желтоқсан күндері Маңғыстау облыстық ІІД басқарған, кейін төтенше жағдай жарияланғанда Жаңаөзен қаласының коменданты болған Аманжол Қабылов дәрежесі көтеріліп, Астанадағы ІІМ қылмыстық полициясы комитеті төрағасының орынбасары болды;
  • Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жаңаөзен оқиғасы болған 2011 жылдан бері екі рет министр қызметіне қайта тағайындалған. 2014 жылы бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, 2015 жылы генерал-полковник шенін алған.

​2011 жылғы желтоқсанның 18-і күні Қазақстанның бас прокуратурасы екі күн бұрынғы Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуілін күшпен басу кезінде «15 адамның қаза болғанын», ал желтоқсанның 27-сінде бес офицердің «қызмет бабын асыра пайдаланғанын» мәлімдеді. Полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. «Негізсіз қару қолданды» деп айыпталған полицейлерге қатысты сот 2012 жылғы сәуірдің 27-сі күні басталып, мамырдың 28-інде аяқталды. Ақтау қалалық соты Маңғыстау облысы полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиевті «қару қолдануға бұйрық берді» деп айыптап, 7 жылға, ІІД экстремизммен күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаевты «атқан оғы бейбіт тұрғын Жанар Әбдікәрімованы өлтірді», «Рахат Тәжімановқа, Рзабек Махамбетке тигені анықталды» деген айыппен 6 жылға, полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлын «Атаберген Дүйсекеновтің өліміне кінәлі», «Қанат Мұқашевті жаралады» деп 6 жылға, аға лейтенант Ринат Жолдыбаевты атқан оғынан "кәмелетке толмаған Рахат Көшеров көлікте отырған жерінде қаза болды" деп айыптап, 6 жылға, полиция капитаны Нұрлан Есбергеновті "жас жігітті оқ атып жарақаттады" деп 5 жылға бас бостандығынан айырды. Жаңаөзендік Базарбай Кенжебаевтың абақтыда алған жарақаттан қаза болғаны анықталған соң, «тәртіпсіздіктерге жол берді, қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен түрменің бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміров 2012 жылғы мамырдың 17-сі өткен бөлек сот отырысында 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Сот оны марқұм Кенжебаевтың отбасына 1 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Сот процесі кезінде айыпталған полицейлер өздеріне қарудың «желтоқсанның басында тіркелмей берілгенін» айтумен болды. Бұған дейін 2011 жылғы желтоқсанның 18-і күні журналистерге сұхбат берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Полицейлерге автоматтар мен оқ дәрілерді кім алуға рұқсат етті?» деген сауалға «Гонг» жоспары хабарланысымен олар (Жаңаөзен полицейлері – ред.) өздері алған, оларға ешкім рұқсат бермеген» деген еді. Министрдің сөзінше, «Гонг» жоспарын Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасы бастығы (сол кезде Мұхтар Қожаев – ред.) енгізген. Сот кезінде «тіркелмеген қаруды рұқсатсыз өз беттерімен қолданған белгісіз полицейлер» туралы мәлімдемелер жәбірленуші тарап пен құқық қорғаушылардың наразылығын тудырған.

Жәбірленушілердің құқығын қорғаған «Заман» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел Нұрғазиева: «Полицейлерді қалай «белгісіз» деп айтуға болады? Сонда тұтас бір мемлекет кімді жұмысқа алып, кімге қару беріп отырғанын білмейтін болғаны ма?» деп сұраған.

Сот кезінде Полицейлер Нұркен Жандарбеков пен Абдрасул Өтешов қару қолдануға бұйрықты Маңғыстау облыстық ІІД бастығының бұрынғы орынбасары полковник Қабдығали Өтеғалиевтің бергенін айтқан. Ал 7 жылға сотталып, 2014 жылдан бері мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан Өтеғалиевтің өзі «Жаңаөзендегі жағдайды Ақтау қаласынан ІІД басшылары қарап отырды» деген.

Ал 2011 жылғы желтоқсанның 17-сі күні Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе стансасында жаңаөзендіктерге қолдау білдірген халық толқуы кезінде тағы бір адам полицейлердің қолынан оққа ұшқан. Бұл эпизодқа қатысты да нақ кімнің қару қолданғаны анықталмады. Шетпедегі оқиғадан соң алты күн өткенде журналистермен кездескен аудандық ІІДЛБ (ішкі істер департаментінің линиялық бөлімі – ред.) бастығы Серік Қожаев бір адамның (өрт сөндіруші Төребек Төлегенов – ред.) қаза болғанын, 11 адамның жараланып, 8 адамның қамалғанын мәлімдеген еді. Осы кездесуде Маңғыстау облыстық ІІД бастығының орынбасары Қайрат Сарин халыққа оқты полицияның атқанын ашық айтқан. Ол: «Өрт сөндіруші жігіт «ана жақта» (наразы топпен бірге – ред.) болған... Кім атушы еді? Біз аттық! Өмірімізге қауіп төнгенде қару қолдануға құқығымыз бар» деген. «Ереуілшілерде қару болып па еді?» деген журналист сауалына: «Болған, бірақ бізде [ереуілшілерден] алынған ештеңе жоқ» деп жауап берген.

"Шетпе оқиғасы" кезінде қолына оқ тиген жігіт. Шетпе, 22 сәуір 2012 жыл.
"Шетпе оқиғасы" кезінде қолына оқ тиген жігіт. Шетпе, 22 сәуір 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты өткен сот процестері кезінде ереуілшілер мен Шетпедегі халық ішінен әлдебіреудің полицейлердің өміріне қауіп төндіріп, қару қолданғаны дәлелденген жоқ.

Ал туыстарынан айырылған қаралы отбасылар полицейлерге қатысты сот үкіміне наразылық танытып, облыстық кассациялық сот алқасына дейін шағымданған еді. 2012 жылғы тамыздың 29-ы күні Маңғыстау облыстық касациялық соты алдыңғы сот шешімдерін өзгеріссіз қалдырған. Полицейлер ісін қайта тергеуге жіберуді талап еткен ата-аналар оларды «өкілетін асыра пайдалану» айыбы емес, «адам өлтіру» бабы бойынша қайта соттауды талап еткен.

Жалғыз ұлы Радик Юсупов Жаңаөзенде оққа ұшқан Разия Юсупованың кассациялық соттағы сөзі, Ақтау, 29 тамыз 2012 жыл

Разия Юсупованың сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:47 0:00

Оларды тыңдаған Маңғыстау облыстық кассациялық сотының төрағасы Досжан Әміров полицейлер мен жауапқа тартылмай қалған өзге де лауазым иелерін қайта жауапқа тарту «ашық тұрған мәселе» қалпында қала беретінін айтқан. «ҰҚК басшыларының, ІІД басшыларының, қылмыстық жауапкершілікке тартылмай қалғандығы [туралы айтарым], басқа да полиция қызметкерлері оқ атқан деп отырсыздар, ол азаматтарға қылмыстық іс жүргізу – ашық тұрған мәселе» деген ол.

Маңғыстау облыстық кассациялық сотының төрағасы Досжан Әміровтің сөзі, Ақтау, 29 тамыз 2012 жыл

Судья Досжан Әміровтің сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:39 0:00

Қазақстандағы Хельсинки комитетінің төрайымы, құқық қорғаушы Нинель Фокина Жаңаөзен оқиғасы өте сала Азаттыққа берген комментариінде «Жаңаөзен оқиғасынан кейін күн тәртібінде бірінші болып тұрған мәселе - қарусыз, бейбіт халыққа арнайы органдардың оқ атуы екенін» айтқан. Құқық қорғаушы бұл сауалға биліктен жауап алудың не себепті қиын екенін түсіндіре кеткен. Нинель Фокинаның сөзінше, «арнайы органдар туралы жалпы заңда бұл органдардың қызметіне бақылау жасайтын азаматтық бақылау институттары немесе қандай да бір бақылау тетігі туралы бір ауыз сөз айтылмаған» және «қару қолдануға қатысты шарттар заңның өзінде емес, оған енгізілген түзетулердің ішінде ғана айтылған».

Разия Юсупова (оң жақта), Жаңаөзенде оққа ұшқан Радик Юсуповтың анасы апелляциялық сотта отыр. Ақтау, тамыз 2012 жыл
Разия Юсупова (оң жақта), Жаңаөзенде оққа ұшқан Радик Юсуповтың анасы апелляциялық сотта отыр. Ақтау, тамыз 2012 жыл

Жаңаөзенге байланысты сот процестеріне тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаевтың ойынша, судьялар іске тіркемей қойған «полицейлер оқ атып жатқан видеоларда» олардың бет-әлпеті анық көрінбесе де, қазіргі технологияларды пайдаланып, дауыстары арқылы табуға болады.

- Сол күндері (2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні) полиция, билік өкілдері бір бірімен ұялы байланыс арқылы сөйлескен, бұны да сотталған ІІМ қызметкері айтқан. Ал мобильді байланыс қорғалмаған телекоммуникациялық арна болып саналады. Сондықтан АҚШ ғарыш спутниктері арқылы, Ресей Жаңаөзеннен шамамен 600-700 км қашықтықтағы Габала радиолокациялық стансасы арқылы, Әзербайжан сияқты басқа да елдердін барлау органдары сол күндері барлық айтылған әңгімелерді жазып алды деп ойлаймын. Нақты кімнің қаруынан адам өлтірілгенін қазір анықтау қиын болғанымен, кім бұйрық бергенін анықтауға болады, - дейді Макс Боқаев.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сында сегіз ай бойына Жаңаөзен қаласының орталығындағы алаңда еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыларын өсіруді талап етіп тұрған «Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының ереуілін полиция мен арнайы жасақ қарумен таратқан. Бұл оқиғаға желтоқсанның 17-сінде Шетпе стансасының халқы наразы болып, пойыз жолын бөгеген кезде және бір адам полиция қолынан оққа ұшқан. Маңғыстау облысындағы халықтың наразылығын басуға Жаңаөзен мен Шетпеге жергілікті құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар Қазақстанның басқа өңірлерінен әскери гарнизондар, полицияның арнайы отрядтары тартылған.

XS
SM
MD
LG