Accessibility links

Ереуілшілер белсендісіне шабуыл жасалғаны хабарланды


Жанар Сақтағанова - Жаңаөзендегі мұнайшылар белсендісі. Жаңаөзен, 10 қазан 2011 жыл.

Жанар Сақтағанова - Жаңаөзендегі мұнайшылар белсендісі. Жаңаөзен, 10 қазан 2011 жыл.

Өткен жексенбіде Жаңаөзен қаласындағы ереуілші мұнайшылар белсенділерінің біріне белгісіз біреу пневматикалық пистолеттен оқ атқан. Полиция тексеру амалдары жүріп жатқанын айтады.


Қазанның 9-ы күні Азаттық тілшісіне телефон шалған ереуілшілер Жаңаөзендегі мұнайшыларға қарсы оқ атылғанын хабарлады. Оқ тиген адам - «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты «Өзенэнергиямұнай» мекемесінің қызметкері Жанар Сақтағанова.

ОҚ

Жанар Сақтағанова оқиға болған сәтте құрбысы, «Халық майданы» қозғалысының белсендісі Айжангүл Әміровамен бірге Айжангүлдің анасының үйіне бара жатқан. Оқ көп қабатты үйдің подъезіне кіре берген кезде ту сырттарынан атылған.

Айжангүл Әмірова «тарс еткен дыбысты әуелі балалар атып ойнайтын тарсылдақ ойыншықтардың дауысы екен деп қалдым» дейді.

– Сағат кешкі ондар шамасы еді. Подъезге кіре бергенімізде арт жағымыздан бірдеңе тарс ете қалды. Жанардың айғайлаған дауысы шықты. Ол «жедел жәрдем шақыр» деп, айғайлап жатты. Мен дәрігер мен полицияны шақырдым, – дейді ол.

Айжангүл Әмірованың айтуынша, олар үйге жақындай бергенде бас киімін баса киген бір жас бала қастарынан асығыс өте шыққан екен. «Сол адам жүгіріп бара жатып атты» дейді мұнайшылар белсендісі.

Біраздан соң есін жиған Жанар Сақтағанова «қан мен жарақат болмаған соң тірі екенімді түсіндім» дейді. Ол сол аз уақытта ойы сан-саққа жүгіргенін айтады.

– «Өлім деген осы екен» деп те ойладым. Жарақат жоқтығына қарап, оқтың резеңке екенін түсіндік. Қатты ауырды, мен тіпті біреу таспен ұрып жіберген шығар деп те ойладым, – дейді Жанар Сақтағанова.

Жедел жәрдем дәрігерлері Жанарды тексерген. «Халық майданы» белсендісінің айтуынша, жедел жәрдеммен бірге келген 20 шақты полиция қызметкері оқты таппаған.

САРАПТАМА МЕН ТЕКСЕРУ

Айжангүл Әмірова бұл оқты өзіне жасалған ескерту деп санайды. Оның Азаттық тілшісіне айтқандарына сүйенсек, соңғы кездері өзіне қатысты қудалау көбейіп кеткен.

– Жедел жәрдем фельдшерінен «бұл жерде қайда сараптама жасауға болады» деп сұрадым. Себебі сараптама жасамасаң, ертең сені «спиртті ішімдік ішті, есірткі шекті» деуі мүмкін. Жиналған полиция қызметкерлері бірден «сен біздің ар-ожданымызға нұқсан келтірдің» деп, мені ортаға ала бастады. Олар тіпті Жанарға көз қырын да салған жоқ, – дейді Айжангүл Әмірова.

Ол ұялы телефон арқылы полиция қызметкерлерімен арада болған дауды Азаттық тілшісіне тыңдатты.

– Мен бәрібір есірткі бар-жоғын тексеруді талап еттім. Тексеру жасағанмен, қорытындысын қолымызға берген жоқ. Бірден полиция бөлімшесіне жіберетіндерін айтты. Ал оған не қосып жазылатынын кім білсін! – дейді Айжангүл Әмірова.

Айжангүл Әмірова қалалық полиция басқармасына барып түсініктеме жазғандарын мәлімдеді. Жанар Сақтағанова өзіне жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп арыз жазған.

Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы Жанар Сақтағанованың арызы шағымдарды есепке алу кітабына тіркелгенін хабарлады. Бұл істі қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімі бастығы, майор Амангелді Қаңбақбаев тексеріп жатыр екен.

– Осы жазылған арызға сай қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде, – деп жауап берді Амангелді Қаңбақбаев Азаттық радиосына.

Батыс Қазақстандағы басталғанына төрт айдан асқан ереуіл барысында мұнайшылар белсендісі Жақсылық Тұрбаев, белсенді Құдайберген Қарабалаевтың 18 жастағы қызы Жансәуле Қарабалаева, ереуілші Абай Әбенов көз жұмған еді.

Ал ереуілшілер белсендісі, заңгер Наталья Соколова 6 жыл түрмеге кесілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG