Accessibility links

Жәбірленуші полицей Жаңаөзен оқиғасын «есіне түсіре алмады»


Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сотта бір полицейдің әрі жәбірленуші, әрі тергеуші болғаны анықталды. Ал жәбірленуші кәсіпкерлер бас прокуратураның «шағымнан бас тартқандарға өтемақы төленбейді» деген мәлімдемесіне қарамастан, арыздарынан айнып жатыр.


Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот отырысы жұма күні түске дейін ғана болды. Қорғаушылар істегі сараптама қорытындыларымен танысу үшін судьядан қосымша уақыт сұрап, судья бұл өтінішті қанағаттандырды.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілдерінің айтуынша, түске дейін 11 жәбірленуші сұралып, олардың көбі арыздарынан бас тартқан.

«ТАЛЫП ҚАЛҒАН» ПОЛИЦЕЙ

Бұл күні бір ғана полицей (конвоир) Шамсутдиновтен жауап алынды. Ол желтоқсанның 16-сы күні талып қалғандықтан оқиғаларды есіне түсіре алмағанын айтып, «Есімді ауруханада жидым» деп жауап берген.
Жаңаөзен қаласының орталық алаңындағы полиция мен мұнайшылар қақтығысы. 16 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласының орталық алаңындағы полиция мен мұнайшылар қақтығысы. 16 желтоқсан 2011 жыл.


- Жауап кезінде оған айыпталушы Роза Төлетаева бірнеше сұрақ қойды. «Егер ештеңе есіңізде болмаса, онда қандай ауруханаға апарғанын айтыңызшы?» деді. «Жаңаөзен қалалық ауруханасына» деді. «Ондағы оқиға кезінде жараланған азаматтарды көре алдыңыз ба?» дегенде, «Жоқ, мен екінші қабатта жаттым. Ешкімді көрмедім» деп жауап берді. Төлетаева «Тас тигендер бар, оқтан жараланғандар бар. Дәрігерлер оқ тигенді де, тас тигенді де «жеңіл жарақат» деп анықтама бере берген. Дәрігерлер жарақат деңгейін қандай критерийлер бойынша анықтаған? Оларды да сотқа шақыруды сұраймын» деп, сотқа дәрігерлерді де шақыру туралы өтініш берді. Айыпталушылар да оқ пен тасты теңестірген дәрігерлердің әрекетіне наразылықтарын білдірді, олар тіпті «дәрігерлерге қарсы қылмыстық іс қозғау қажет» деп мәлімдеді. Сот айыпталушылардың осы наразылығына қатысты «бұл мәселе басқа істе қаралады» деп жауап берді, - дейді «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев.

Бүгін арызынан бас тартқандардың арасында шығын шеккен кәсіпкерлер Сандуғаш Өтепова (1,5 миллион теңге), Бақтияр Лепиев (600 мың теңге), Ақмарал Батырбекова (500 мың теңге) және Мендаева (350 мың теңге зардап шеккен), т.б. азаматтар болған. Олар мұнайшыларды кінәлай алмайтындықтарын, сондықтан арыздарын қайтарып алатындарын мәлімдеген.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, «Сулпак» дүкенінде сауда орындарын жалға алған кәсіпкерлердің мүддесін қорғаушы адвокат Анжелика Рахимбердина Ақтаудағы сотта «алдымен, мүліктік шығынды нақты кімдердің келтіргенін анықтау керек, олардың кім екені анықталғаннан кейін ғана «Сулпак» саудагерлеріне келген 138 миллион теңгені (812 мың доллар) даулауға болады» деп мәлімдеген.

СОТТЫ БАҚЫЛАУШЫ ДЕПУТАТ

Сәуірдің 6-сы күнгі сот отырысына мәжіліс депутаты Гүлнар Сейітмағанбетова да келген екен. «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, сотты бақылау үшін келген депутат жарты сағат қана отырып, сосын шығып кетіп, журналистерге сұхбат бере бастаған.
Сотты монитор арқылы бақылап отырған адамдар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Сотты монитор арқылы бақылап отырған адамдар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.


- Сотты мұқият бақылап отырған журналистер сот залындағы дыбыстарды дұрыстап ести алмай қалды. Ол (депутат - ред.) мемлекеттік арналарға «соттың ашық өтіп жатқанына көзім жетті» деп сұхбат беріп жатты. Яғни ол бұл сотты бақылауға емес, өзін жарнамалау үшін келген сияқты болды. Егер адамды шын мәнінде соттың ашықтығы қызықтырса, онда тым болмағанда әдептілік үшін жарты күн қарап отырып, тыңдауы керек еді, - дейді Ерлан Қалиев.

«ӘРІ ЖӘБІРЛЕНУШІ, ӘРІ ТЕРГЕУШІ»

Комитет өкілдері сотта болған тағы бір жайтты хабарлады. Кеше түстен кейін жәбірленуші ретінде Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Нұржан Жандарбеков сұралыпты. Жауап алу барысында оның алдын-ала тергеу кезінде 37 айыпталушының бірі Талғат Сақтағановты тергегені, бірақ сотқа тергеуші емес, жәбірленуші ретінде қатысып отырғаны белгілі болған.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, осы жайтқа байланысты адвокат судьяға өтініш берген.

- Бір істе бір адамның әрі тергеуші, әрі жәбірленуші болуы өрескел заң бұзушылық екенін айтқан Талғат Сақтағановтың адвокаты бүгінгі сотта алдын-ала тергеу бойынша Жандарбеков жүргізген материалдарды жарамсыз деп тану туралы, Сақтағановты босату туралы судьяға өтініш түсірді. Ал прокурорлар «Иә, біз мұны білдік, мойындаймыз. Бірақ бұл жағдай анықталғаннан кейін қайта тергеу тобы құрылып, Жандарбековті істен алшақтатты. Ал ол жүргізген материалдың бәрін тексердік» деп жауап берген, - дейді Ерлан Қалиев.

Азаттық радиосына түскен ақпараттар бойынша, адвокат прокурорлардың бұл уәжіне қарсы «Жандарбековтің орнына келген тергеушінің дайын материалды тексермегенін» айтқан. Айыпталушылар да адвокаттың бұл мәліметін растаған.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотты жүргізіп жатқан судья Аралбай Нағашыбаев. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотты жүргізіп жатқан судья Аралбай Нағашыбаев. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.


Бұдан кейін айыпталушылардың бірі Мақсат Досмағамбетов орнынан тұрып:

- Изоляторға ең алғаш түскен кезде бізді ұрып-соғып, қорлады. Бірақ тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбады, - деп мәлімдеген.

Судья «бұл басқа іс» деп, айыпталушыны тоқтатып, Сақтағановтың адвокатының өтінішіне дүйсенбі күні жауап беретінін айтқан.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бүгінгі сотта айыпталушылар бірнеше мәрте наразылық көрсетті. «Полицейлердің ұрып соққанын», «дәрігерлердің оқ тиген мен тас тигенді теңестіргенін» айтқан олар кеше сот отырысына тәуелсіз ақпарат құралдары өкілдерін кіргізуді талап етіп тұрып алып, судья "сотта тәуелсіз бақылаушылар барын" айтқаннан кейін ғана орындарына отырған.

Ашық сот ретінде белгіленген бұл процесті журналистер сот басталғалы көрші залдағы монитордан ғана бақылап отыр.

Жаңаөзен оқиғасына орай өтіп жатқан сот процесі 2012 жылы наурыздың 27-сінде басталды. Ақтаудағы қалалық соттың ғимаратында жұртқа орын жетпейтіндіктен, 37 айыпталушының ісі Ақтаудағы «Арман» жастар орталығында қаралып жатыр.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзенде, 17-сінде Шетпеде шерушілерді күшпен қуып тарату барысында 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланды (ресми есеп бойынша). Оппозиция қаза болғандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады.

Оған дейін жергілікті мұнайшылар жеті ай бойына жалақыны көбейтуді талап етіп, ереуіл өткізіп келген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG