Accessibility links

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі: «Мұнайшылар талабы заңды екенін енді түсіндім»


Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан соттағы айыпталушылар. Жаңаөзен, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан соттағы айыпталушылар. Жаңаөзен, 27 наурыз 2012 жыл.

Бүгін, сәуірдің 27-сі Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотта Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев жауап берді. Куәгер ретінде сұралған бұрынғы әкім мұнайшылардың талаптары заңды болғанын енді түсінгенін, Жаңаөзен оқиғасының болуында өзінің де кінәсі бар екенін айтты.


«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, сот отырысы адвокат Гүлнар Жуаспаева мен судья Аралбай Нағашыбаевтың арасындағы кішігірім қақтығыспен басталған.

- Судья Аралбай Нағашыбаев сот басталған кезде Гүлнар Жуаспаеваның ноутбугінен сот отырыстарының аудио және видео жазбаларын тауып алғанын айтты. Нағашыбаев авдокаттың сот тәртібін бұзғанын, сот отырысынан қандай да бір аудио-видео жазба жасауға тыйым салынғанын хабарлады. Адвокат басқа біреудің затын ақтарудың адамгершілікке жатпайтынын айтқанда судья «Ноутбук столда жатқанда көмекшілерім оны менікі екен деп қалып, маған алып келді. Ноутбуктің кімдікі екенін анықтау үшін ашып қарадым» деп жауап берді. Судья адвокаттан оның затын рұқсатсыз қарағаны үшін кешірім сұрады, бірақ жазба жасағанына қатысты бөлек қаулы шығаратынын мәлімдеді, - дейді ол.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сот отырысында Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевке адвокаттар тарапынан да, айыпталушылар тарапынан да көп сұрақтар қойылған. Ол жауаптарында мұнайшылардың талабы заңды болғанын мойындағанын айтқан.

ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР

Сотқа бақылаушы ретінде қатысқан Ерлан Қалиев:

- Ол басында түсінбесе де, «мұнайшылардың талаптары заңды болғанын енді түсінгенін, 1/8 коэффициенті туралы талаптың заңды болғанын» айтты, - дейді.

Бұған дейін алаңда киіз үйлері өртелген кәсіпкер-жәбірленушілер Орақ Сарбөпеевтің ағаш үйлерін (киіз үй – ред.) алып кетеміз дегенде алдыртпай, қандай да бір зиян келген жағдайда шығын өтеледі деп, 2 миллион теңгеге қолхат бергенін айтқан еді. Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сотта бұл турасындағы сұраққа бұрынғы әкім:

- Ағаш үй иелерінің өздері мүліктерін алаңда қалдырғанына қарсы болғаннан кейін, оларды әкімшілікке шақырып, «Ештеңе де болмайды. Бұл мерекеге керек қой» деп көндіруге тырыстым. Ең болмағанда өтемақысын беріңіз деп сұрағаннан кейін «Ағаш үйлерге ештеңе болмайды, мен кепілдік берем» деп қолхат жазып беруге тура келді. Мен мұндай боларын білген жоқпын, - деп жауап берген.
Жаңаөзен қаласының бұрыңғы әкімі Орақ Сарбөпеев. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласының бұрыңғы әкімі Орақ Сарбөпеев. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.


Орақ Сарбөпеев, сонымен бірге, желтоқсанның 16-сы күні алаңға шамамен сағат 10-дарда келгенін, сол жақта жүрген кезде «кенеттен полицейлер мен мұнайшылар арасында пікірталас туындағанын» көзі шалғанын айтқан.

- Ол «полицейлердің мұнайшыларға «Сендер мұнда не үшін тұрсыңдар? Кетіңдер!» деген сөзін естігенін айтты, - дейді Ерлан Қалиев.

Комитет өкілінің айтуынша, Сарбөпеев сол күні кешке дейін бүлінген әкімшілік ғимаратында болғанын айтқан.

- Одан «Ғимарат жанғанда сіз қалай аман қалдыңыз?» деп сұрағанда ол «Бірінші қабат жанған шығар. Біз үшінші қабатта болдық» деп жауап берді, - дейді Ерлан Қалиев.

Ерлан Қалиев бұрынғы әкімнің кейбір сұрақтарды жауапсыз қалдырғанын хабарлап:

- Ол «Оқиға кезінде жараланған мұнайшыларды емдемеу жайында кім бұйрық берді?», «Оқ атуға кім бұйрық берді?», «Президент Назарбаевтың өзі Маңғыстау облысына келгенде «Мұнайшылардың талабы заңды, жергілікті билік кінәлі» деп айтты. Осыған қатысты не айтасыз?» деген сұрақтарға жауап берген жоқ, - деді.

«МЕНІҢ ДЕ КІНӘМ БАР»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, Орақ Сарбөпеев сот барысында Жаңаөзенде болған оқиғада өзінің де кінәсі бар екенін мойындайтынын айтқан. «Жаңаөзен-2011» комитеті өкілі Ерлан Қалиев:

- Оған «Осының бәрін кім ұйымдастырғанын білесіз бе? Осындай оқиғаға кім кінәлі?» деп сұраған кезде ол «Кім ұйымдастырғанын айта алмаймын, бірақ болған оқиғада менің де кінәм бар» деп жауап берді, - дейді.

Комитеті өкілінің айтуынша, сот барысында Орақ Сарбөпеевке «Әкім ретінде еңбек дауын шешу үшін не істедіңіз?» деген сұрақ қойылған. Бұрынғы әкім «мұнайшылар мәселесін шешуге тырысқанын, бұл турасында жоғарыдағы билік органдарына жеткізгенін, тіпті «Қазмұнайгаз» компаниясының басшылығына да барғанын» айтқан.

- Ол бұл сұраққа «Қазмұнайгаз» компаниясы мұнайшылар ереуілін тоқтатқан кезде ғана комиссия құратынын айтты. Алайда бұған мұнайшылар «Бұл олардың кезекті уәдесі» деп келіспеді. Күзге таман менің қабылдауымда АҚШ-тағы құқық қорғау ұйымының өкілі болды. Мен одан еңбек дауын шешу үшін сауатты маман жіберуін сұрадым. Сонымен бірге, арнайы министрлік өкілі қатысқан жиынға тәуелсіз сарапшылардың қатысуына мүдделі болдым. Ол жерде жұмысшылар тарапынан Ақтаудан Пястолов, Белкин, Серік Сапарғали және «Алға» партиясының заңгері болды» деп жауап берді, - дейді Ерлан Қалиев.
Саясаткер Маржан Аспандиярова. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.

Саясаткер Маржан Аспандиярова. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.


Орақ Сарбөпеев «Неге сырттан көмек сұрадыңыз? «Нұр Отан» тұрған кезде неге «Алға» партиясынан көмек сұрадыңыз?» деген сұраққа «Мен бастысы - мұнайшылардың мәселесі шешілгені деп ойладым» деп жауап берген.

Бүгін Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сотта куәгер ретінде «Азат» ЖСДП өкілі Маржан Аспандиярова сұралды.

Twitter-дегі жазбаларға сенсек, Маржан Аспандиярова сотта «Оқиғаға Орақ Сарбөпеевтен бастап, Мәсімов, Құлыбаев, Назарбаевтар кінәлі деп санаймын» деп айтқан. Ол судьядан соттың әділ өтуін талап еткен кезде судья тек іске қатысты деректерді айтуды, болмаса соттан шығарып жіберетінін ескерткен.

БҮРКЕНШІК АТПЕН ЖАУАП БЕРГЕН КУӘГЕР

Бүгін Шетпедегі оқиға бойынша сотта бүркеншік атпен бір куәгерден жауап алынған.
Сотқа қатысқан, есімін атағысы келмеген азаматтың айтуынша, жасырын куәгер бірнеше айыпталушының атып атап, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы оқиға орнынан оларды көргенін айтқан.

- «Тәртіпсіздік» болатын күні бірнеше айыпталушыны көрдім. Соны ұйымдастырып жүрген адам сияқты болып көрінді» деді. Ал кейбір айыпталушылар ол адамды таныған да сияқты болды, - дейді ол.

Бұден бөлек, бүгінгі сот отырысында қосымша бейнематериалдар көрсетілген.

«Бұл - ОМОН жасақтарының өздері түсірген видео екен. Қараңғы болғандықтан, ондағы адамдардың жүзі айқын емес» деді Азаттыққа сұхбат берген азамат.

Шетпе оқиғасы бойынша өтіп жатқан соттың келесі отырысы мамырдың екісіне қалдырылды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG