Accessibility links

Өзін жәбірленуші тергеген айыпталушы босатылмады


Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимаратқа жұртты тексеріп кіргізіп жатыр. Ақтау, 9 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет.

Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимаратқа жұртты тексеріп кіргізіп жатыр. Ақтау, 9 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет.

Жаңаөзен сотында судья тергеудің дұрыс жүргізілмегенін мойындаса да, айыпталушыны қамақта қалдыру туралы шешім шығарды. Тағы бір жәбірленуші «Шығын туралы айтқым да келмейді. Балалар – кінәсіз» деп мәлімдеді.


Өткен аптаның соңында айыпталушы Талғат Сақтағановты сотта жәбірленуші ретінде сұралған Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Нұржан Жандарбековтың тергегені белгілі болған еді. Бұл факт анықтала салысымен адвокат Ардақ Батиева Жандарбеков бастаған тергеу тобының материалын жарамсыз деп танып, сол бойынша қамалған Талғат Сақтағановты босату туралы өтініш түсірген еді.

Бақылаушылардың айтуынша, Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотта дүйсенбі сәуірдің 9-ы күні судья Аралбай Нағашыбаев бұл өтінішті «жартылай ғана қанағаттандырған».

- Бір жағынан судья Сақтағановтың ісіне қатысты тергеудің дұрыс жүргізілмеуіне байланысты Жандарбеков бастаған тергеуді жарамсыз деп таныса, бірақ оны босату туралы өтінішті қанағаттандырған жоқ, - дейді «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев.

СОТҚА МАСКА КИІП ҚАТЫСУ

Комитет өкілдерінің айтуынша, түске дейін адвокаттардың бірі айыпталушы Әбдірахмановтың өкпе дертіне шалдыққанын, оның жазасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш түсірген.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Макс Боқаевтың айтуынша, өтініш түсірген адвокат судьяның назарын Әбдірахмановтың бұрындары өкпе ауруына шалдықпағанына, тек қамауға түскен мезгілден бері дертті болғанына аудартуға тырысқан.
Жаңаөзен сотындағы айыпталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Жаңаөзен сотындағы айыпталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл


- Адвокат айыпталушының өкпе ауруына абақтының ішінде шалдыққанын айтты. Бұрын ауырмаған екен. Адвокаттың қандай құжат, дәлелдерге сүйеніп тұрғанын айта алмаймын, бірақ сүйтіп айтып отыр. Қандай ауру екенін, ол түберкулез бе, плеврит пе, әлде өкпе қабынуы ма, оны да нақты айтқан жоқ. Бірақ Әбдірахмановтың төрт-бес күннен бері маска киіп кеп жүргенін өзім де байқап жүрмін, - дейді Макс Боқаев.

Оның айтуынша, түске дейінгі отырыста судья бұл өтінішке байланысты жауабын әлі айтпапты. Әйтсе де, түстен кейін сотқа қатысып жатқан оппозиция белсендісі Андрей Цуканов Twitter-де «айыпталушы Әбдірахманов туберкулездің ашық түрімен ауырып келсе де, ол өзгелермен бір камерада отыр» деп жазады.

«ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ ӨЗ ӘРЕКЕТСІЗДІГІ»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, дүйсенбі күні сотта түске дейін алты жәбірленуші сұралып, олардың арасындағы үш кәсіпкер арыз-шағымдарынан бас тартқан.

- Мысалы, «Самал» дүкенінің иесі Жұмағазиеваға сөз берген кезде бірден арызынан бас тартты. Прокурорлар «қанша шығын келді?» деп сұраған кезде «Шығын болды. Бірақ мен оны қазір айтқым да келмейді. Неге десеңіздер, осында отырған балалардың кінәсіз екеніне көзім жетіп отыр. Олардың тезірек шығуына тілектеспін» деді, - деді Ерлан Қалиев.
Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимараттан шығып келе жатқан жұрт. Ақтау, 6 сәуір 2012 жыл. Ерлан Қалиев түсірген сурет

Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимараттан шығып келе жатқан жұрт. Ақтау, 6 сәуір 2012 жыл. Ерлан Қалиев түсірген сурет


Оның айтуынша, дүйсенбі күні сұралған жәбірленушілердің арасында Жаңаөзен қалалық төтенше жағдай департаментінің заңгері Қайрат Ермұханов та болған. Ол оқиға кезінде мекеменің КамАЗ және ЗИЛ көлігінің терезелері сынғанын айтып, 74 мың теңге көлемінде зардап шеккенін, арызынан бас тартпайтынын жеткізген.
Ерлан Қалиевтің айтуынша, адвокаттар Ермұхановқа көп сұрақ қойған, одан тіркеу журналын алып келуді талап еткен.

- Бұған қоса, адвокаттар «Қылмыстық істе жәбірленуші ретінде де танылып отырсыздар. Сіздер оқиға кезінде неге тым болмағанда өртті сөндіруге талпынбадыңыздар? Неге ең болмағанда бір ғимараттың өртін сөндірмедіңіздер? «Аруана» болсын, әкімшілік болсын, т.б болсын, уақытында өшірген кезде мүмкін дәл қазіргідей шығын болмас па еді? Алдын-ала тергеу кезінде тергеушілер сіздердің әрекетсіздіктеріңіз туралы анықтама жасады ма?» деп сұрады. Бірақ бұл сұрақ та жауапсыз қалды, - дейді Ерлан Қалиев.

Дүйсенбі күні судья Аралбай Нағашыбаев барлық 188 жәбірленушінің 36-ы ғана сұралмай қалғанын мәлімдеген.

- Судья қалған жәбірленушілердің барлығын осы аптада сұрап, бұдан соң куәларға көшетініне үміттенетінін айтты, - дейді Ерлан Қалиев.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG