Accessibility links

Адвокаттар судьяны ауыстыруды талап етті


Судья Аралбай Нағашыбаев. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Судья Аралбай Нағашыбаев. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Алдын-ала тергеу кезінде айыпталушыларға «қарсы жауап берген» Таңатар Қалиев қысым көргендіктен дайын жауапқа қол қоюға мәжбүр болдым деп мәлімдеген. Сәуірдің 11-і күні екі адвокат Ардақ Батиева мен Гүлнар Жуаспаева судьяны ауыстыру туралы өтініш берген.

Екі адвокат та судьяның істі тәуелсіз түрде жүргізіп жатқанына күмән келтірген. «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев:

- Адвокаттардың бірі: «талай өтініштер беріп жатырмыз. Бірақ сол өтініштердің не себепті қабылданбай жатқанын нақты түсіндіріп жатқан жоқ. Тіпті мына айыпталушыларды сұрау мәселесіне келгенде де неге бізбен ақылдаспайды?... Осылардың барлығы оның іске үстірт қарайтындығын көрсетіп отыр. Ол кісі шындықты ашу үшін емес, прокурорлардың сөзін сөйлеп отырғандықтан өтініш береміз» деп мәнін осылай түсіндірді, - деді.
Жаңаөзен сотынан көрініс. Lada.kz сайтынан алынған сурет. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен сотынан көрініс. Lada.kz сайтынан алынған сурет. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.


Оның айтуынша, бұл өтінішті екеуінен бөлек, тағы үш адвокат қолдаған. Басқа жетеуі қандай шешім шығарса да, сотпен келісетінін жеткізген. Ал Қосбағаров есімді адвокат прокурорлармен бірге қарсы шығыпты. Ерлан Қалиевтің айтуынша, айыпталушылар судьяның ауысқанын қаламаймыз деген.

Бұдан кейін Ақтау қалалық сотынан келген Досетов есімді судья Аралбай Нағашыбаевты қалдыру туралы шешім шығарыпты.

ТАҢАТАР ҚАЛИЕВТІҢ ЖАУАБЫНАН БАС ТАРТУЫ

Кеше бірінші болып айыпталушы Таңатар Қалиевтен жауап алынып, ол «сөйлеуден бас тартқандықтан» оның алдын-ала тергеу кезінде берген жауабын прокурорлар оқып шыққанын жазған едік.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сотта Таңатар Қалиев орнынан тұрып кеше өзінің жауап беруден бас тартпағанын, тек денсаулығына байланысты сөйлеуге мүмкіндігі болмай қалғанын айтқан.
Жаңаөзен сотын көруге келген жұрт. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен сотын көруге келген жұрт. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.


Бұдан кейін ол кеше прокурорлар оқыған, алдын-ала тергеу кезінде берген «жауабын» мойындамайтынын, қысым көргендіктен қол қоюға мәжбүр болғанын айтқан.

- Таңатар Қалиев айтты: «Кешегі прокурорлар жариялаған, алдын-ала тергеу кезінде айтқан сөздерімді мойындамаймын. Неге десеңіз, келе салысымен мені ұрып соқты. Екі күннен кейін ҰҚК-не апарып, табуреткамен басымнан ұрды. Екі күн соқты. Қорқытты, үркітті. Өзімнің бес балам бар. Біреуі мүгедек. Оларды да айтып үркітті. Психологиялық қысым жасады. Басқалар туралы айтсаң, жеңілдік жасаймыз деп алдады. Қалғандары бәрі отырады» деп айтты, - дейді Ерлан Қалиев.

Бұған қоса, айыпталушы судьядан өзін жеке камерада қалдырмауды сұраған. Бақылаушының айтуынша, «Кешеден бері өзгелермен бірге жалпы камераға отырғызылатын болып едім. Бірақ оған қарамастан бүгін мені жеке камераға қайта тықты. Қазірдің өзінде қорқып отырмын. Мені неге бөледі? Қорқыту үшін бе тағы?...» деген.

«ЖАНҒЫШ ЗАТЫ БАР 30 БӨТЕЛКЕ ДАЙЫНДАУ»

Twitter-дегі пайда болған соңғы жазбаларға қарағанда Қалиев түстен кейін де сұралып, алдын-ала тергеу кезінде өзінің берген «куәлігін жазбағанын, тек қысыммен дайын жауапқа қол қоя салғанын» айтқан. Бұдан кейін адвокаттар оның сол кездегі жағдайын анықтау үшін қойған жазуына сараптама жасау туралы өтініш түсірген. Сонымен бірге сол кезде түсірілген бейнетүсірімді де пайдалану туралы өтініш айтқан.
Саясаткер Болат Әбілов Жаңаөзен сотына қатысушылармен сөйлесіп тұр. Ақтау, 10 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет.

Саясаткер Болат Әбілов Жаңаөзен сотына қатысушылармен сөйлесіп тұр. Ақтау, 10 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет.


Ақпарат бойынша, 30-дан астам айыпталушыға осы Таңатар Қалиевтің берген жауабы негізінде айып тағылып отыр. Бұған қатысты сотта жүрген оппозициялық саясаткер Болат Әбілов сәуірдің 10-ы күні Facebook әлеуметтік желісінде былай деп жазады:

«Қалиев 17.12.2011 ұсталған екен. Стенограмманың мәтінінде Талғат Сақтағанов пен Роза Төлетаеваның қараша айында жиналыс өткізіп: «...Шыдамның шегіне жеттік, соңына дейін тұрамыз, 16 желтоқсанға дайындалуымыз керек, әкімшілік пен өзге де мемлекеттік мекемелерді өртеу (керек)»-мыс дегендері айтылады. Бұған қоса «15 желтоқсан күні олардың мұнайшыларды қайтадан жиналып алып, жанғыш заты бар 30 бөтелкеден дайындау туралы бірнеше мұнайшыға тапсырма бергені, оның ішінде Қалиевтің де бары айтылады... Үзіліс жариялаған кезде біз мұнайшыларға жақындаған «Бәке, сенбеңіз. Мұның бәрі өтірік» деп айтты».

«СОТҚА КЕЛЕ АЛМАҒАН ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР СОТТА ЖҮР»

Кеше судья Аралбай Нағашыбаев жиырма шақты жәбірленушінің сотқа әртүрлі себеппен келе алмайтындығын айтып, айыпталушыларды сұрауға көшкен еді.
Ерлан Қалиевтің жазуынша, бүгінгі сотта адвокаттар сол келе алмаған жәбірленушілердің кейбірі сотта жүргенін айтып, судьядан себебін сұраған.

- Адвокаттардың бірі: «Мысалы, Қосанов деген полицей үш күн бұрын осы сот залының ішінде жүрді. Ол жәбірленуші ретінде саналады. Неге осында жүрген кісіні таба алмай жатырсыз?» деп сұрады. Судья болса «Иә, залда жүрген шығар. Бірақ оның тікелей түрде жауап бермеу туралы арызы бар» деп жауап берді, - дейді Ерлан Қалиев.

ПРОКУРОРЛАРДЫҢ «РЕНІШІ»

Оның айтуынша, бүгін түске дейін тағы да екі жәбірленуші сұралып, екеуі де арызынан бас тартқан.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, соның бірі 189 мың теңге залал көрген зейнетақы қорының өкілі Айгүл Олжаева арызынан бас тартатынын айтқан кезде прокурорлар «реніш білдірген».

- «Бұл жекеменшік емес, үкіметтің мүлігі ғой, сіздер қалай бас тартасыздар? Бас тартуға құқығыңыз бар ма?» деп қайта-қайта сұрады. Ал зейнетақы қорының өкілі: «Кешіріңіз, әрине, бұл үкіметтің мүлігі екенін білем. Бірақ менің жоғары бастықтарым бар. Олар Алматыда. Мен кеше ғана олармен сөйлестім. Олар маған осы сотқа барып, арыздан бас тартатынымызды айт деп тапсырды» деді, - дейді Ерлан Қалиев.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG