Accessibility links

Жәбірленушілер бітпей жатып айыпталушылар сұрала бастады


Жаңаөзен сотына кіргісі келген жұрт кезекте тұр. Ақтау, 9 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет

Жаңаөзен сотына кіргісі келген жұрт кезекте тұр. Ақтау, 9 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет

"Жаңаөзен-2011" комитетінің өкілдері соттың оныншы күні де "айып тағылғандардың кінәлі екенін дәлелдейтін бірде-бір факт табылған жоқ" деп санайды. Сырқаттанып қалған бір айыпталушы қамау орнында азаптауға ұшырадым деп мәлімдеген.

"Жаңаөзен-2011" комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, сейсенбі күні түске дейін ғана болған отырыста істегі 188 жәбірленушінің 20-сының сұралмағанына қарамастан судья соттың екінші кезеңіне өтетінін айтып, айыпталушыларды сұрауды бастаған. Бұған процеске қатысушылар наразы болыпты.

"ОЛАРДЫ КҮТУГЕ УАҚЫТ ЖОҚ"

- Адвокаттар «неге?» деп сұраған кезде судья «жәбірленушілердің біреуі іссапарда, біреулері мекен-жайын ауыстырып, табылмады. Оларды күтуге соттың уақыты жоқ. Әрі қарай сотты жалғастыра береміз. Олар табылған кезде шақыра береміз» деп айтты. Бұдан кейін адвокаттар айыпталушылардың дайындалуына қосымша уақыт беруді өтініп еді, судья тек жарты күн уақыт берді, - дейді Ерлан Қалиев.

Оның айтуынша, судья әу-баста сотта сұралу тәртібі осылай анықталғанын айтып өткен. Сейсенбі күні бұл турасында адвокат Гүлнар Жуаспаеваға хабарласқанымызда ол:

- Білмеймін. Мен өзім сотты өткізу тәртібі талқыланған сәттерді, сот отырыстарының хаттамаларын тексергім келеді. Әзірге бұл хаттамаларды берген жоқ. Содан кейін ғана мұның қаншалықты заңды екенін айта алам. Десе де, егер бұл расталмай шықса, онда сотты ауыстыру туралы өтініш берем, - деді.

Қоғамдық белсенді Ерлан Қалиев түсірген соттың өту тәртібі туралы адвокаттар пікірі:



СҰРАЛҒАН АЛҒАШҚЫ АЙЫПТАЛУШЫ

Ерлан Қалиевтің айтуынша, сейсенбі күнгі сотта бірінші болып айыпталушы ретінде Таңатар Қалиевтен жауап алынған. Әйтсе де ол денсаулығының нашарлығын айтып, жауап беруден бас тартқан.
Жаңаөзен ісі бойынша айыпталушылардың бірі сот залында отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Жаңаөзен ісі бойынша айыпталушылардың бірі сот залында отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл


«Оның алдын-ала тергеу кезінде айтқан жауабын прокурорлар оқып берді» дейді Ерлан Қалиев.

Дәл осы Жаңаөзен сотына байланысты сейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Рамазан Есіргепов Таңатар Қалиевтің жауабы негізінде барлық айыпталушыларға айып тағылғанын атап өтті.

- Қалиевтің берген жауабы негізінде қалған айыпталушыларға айып тағылып отыр. Осылайша қылмыстық іс құралып отыр. Бейресми ақпарат бойынша, Қалиевтің өзіне қысым жасалып, оны қорқытып-үркіткен. Тіпті оған жазасын жеңілдету сияқты ұсыныстар да айтқан деседі, - дейді комитет өкілі Рамазан Есіргепов.

«ТЕМІРГЕ ЖАТҚЫЗЫП, ҰРЫП-СОҚТЫ, СУЫҚ СУ ҚҰЙДЫ»

Бұған дейін адвокаттардың бірі айыпталушы Есенгелді Әбдірахмановтың туберкулездің ашық түріне шалдыққанын, өзге айыпталушылармен бір камерада отырған оған медициналық көмек қажет екенін айтып, өтініш берген еді.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі отырыста айыпталушы Есенгелді Әбдірахмановтың өзі бұл дертке қалай шалдыққаны туралы баяндап берген.
Ол қамау кезінде өзін және қасындағы балаларды түгелдей шешіндіріп, тастай темірге жатқызып, ұрып-соққанын, екі сағат сайын суық су құйып, қысым жасағанын айтты.
- Ол қамау кезінде өзін және қасындағы балаларды түгелдей шешіндіріп, тастай темірге жатқызып, ұрып-соққанын, екі сағат сайын суық су құйып, қысым жасағанын айтты. Ол сонымен бірге бұған дейін туберкулезге шалдықпағанын да айтқан. Оның бұрындары ауырмағанын Маңғыстау облыстық туберкулез диспансерінен келген Ибрагим Қадырәлиев те растады. Дегенмен ол Әбдірахмановқа қамауда да қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын, оның ауруының басқаларға жұқпайтынын айтты. Десе де, адвокаттардың талабымен Әбдірахмановты бүгін кешке қайта тексереді, - деді Ерлан Қалиев.

«ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕН КИІЗ ҮЙ ИЕЛЕРІНІҢ ЖАУАПТАРЫ СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, айыпталушы Қалиевке дейін сейсенбі күні таңертең сотта екі жәбірленуші сұралған. Оның бірі – желтоқсанның 16-сы күні алаңға тігілген киіз үй иесі Нұрғали Жұмалиев арызынан бас тартатынын мәлімдепті. Бұған дейін жауап берген киіз үй иелері секілді ол да әкімшіліктің киіз үйін 16-на дейін жиюға мүмкіндік бермегенін айтыпты.

- Алаңда «мұнайшылар сіздерге қоқан-лоқы, қысым жасады ма?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап берді. «16-сы күні не көрдіңіз?» деп сұраған кезде ол: «Бәрі дұрыс басталған еді. Бірақ 11-ге таман әкімшіліктің, «Ару ананың» жанып жатқанын байқағаннан кейін қорқып қашып кеттім» деді. Бұған қоса, ол: «Кейіннен есімді жиып, алаңға қайта барып киіз үйімді жықтым. Бірақ ішіндегі заттарды тасып үлгермедім. Қай уақытта жанғанын білмеймін, ертесі келсем, тек күлі ғана қалған» деп жауап берді. Бұған дейін жәбірленуші ретінде жауап берген полицейлер: «Киіз үйлердің 16-сы күні жанып жатқанын көрдік» деп айтқан еді. Бірақ киіз үй иелерінің жауабы олардың сөзімен сәйкес келмейді, - деді Ерлан Қалиев.
Олар 4 милллион 286 мың теңге зардап шектік деп отырса, қылмыстық істе олардың шығыны 30 миллион теңгеге бағаланған екен.
Оның айтуынша, бүгінгі сотта жәбірленуші ретінде сұралған «Гефест» ЖШС-нің өкілдерінің арыз түсірмесе де, жұмбақ жағдайда жәбірленушілер қатарынан табылғаны, арызды бүгін ғана беріп отырғаны белгілі болған.

Бұған қоса, «бір қызығы – олар 4 милллион 286 мың теңге зардап шектік деп отырса, қылмыстық істе олардың шығыны 30 миллион теңгеге бағаланған екен» дейді бақылаушы.

- Адвокаттардың бірі осы компанияның заңгеріне «Компанияңыздағы Жаңаөзен қалалық бөлімшесінің директоры желтоқсанның 17-сі күні «Хабар» арнасына сұхбат беріп, «құдайға тәуба, «Атланта» ғимаратымыз (осы компанияға тиесілі – Е.Қ.) омондардың арқасында тұтастай жанып кеткен жоқ деп айтқан. Бұл қалай?» деп сұрағанда заңгер бұл турасында естімегенін, білмейтінін айтты. Осылайша қарама-қайшылықтар туындады, - дейді Ерлан Қалиев.

«МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ «КІНӘСІН» ДӘЛЕЛДЕЙТІН БІРДЕ-БІР ФАКТ ТАБЫЛМАДЫ»

Сотта болып қайтқан «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілдері осыған байланысты сейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, сотта көптеген заңбұзушылықтар болып жатқанын, сот басталғанына 11 күн болса да, "айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін бірде-бір факт табылмады" деп санайды.
Дүкенімнің алдындағы қалың темір қоршауды жай адам суырып ала алмайды. Тек БТР-ге троспен байлап алсаң ғана жұлынады. Балалардың қоршауды жұлып алуға шамалары да жетпейді.
«...Негізгі айыптау аргументтерінің бірі – 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні белгісіз адамдардың жарылғыш заттар салынған бөтелкелер мен қару қолдануы болып отыр. Бірақ жәбірленушілер, тіпті полицейлердің өздері 37 айыпталушының бірде-біреуінің қолына қару ұстап немесе біреудің мүлкін қиратып немесе өртеп жатқанын көрмеген» деп жазылған комитет таратқан баспасөз баяндамасында.

Оппозициялық басылымның журналисі Шәріп Құрақбай «жәбірленушілердің өздері «бұзақылықты» мұнайшылардың істегеніне сенбей отыр» деп санайды.

- Бір дүкеннің қожасы айтады: «Менің дүкенімнің алдында қалың темір қоршау болған. Оны жай адам суырып ала алмайды. Тек БТР-ге троспен байлап алсаң ғана ол жұлынады. Балалардың қоршауды жұлып алуға шамалары да жетпейді» деді. Сол сияқты банктерді айтсақ болады. Олардың сейфтері 150 килограмдық екен. Оның арнайы код, кілттері бар. Оны білетін адамдар ашып, тонамаса, «бұзақылардың» оған еш қатысы жоқ, - деді Шәріп Құрақбай.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG