Accessibility links

Судья бұл сотта оқ ату туралы сұрамауға шақырды


Жаңаөзен сотына қатысып отырған жұрт. Lada.kz сайтынан алынған сурет. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен сотына қатысып отырған жұрт. Lada.kz сайтынан алынған сурет. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен сотына қатысып отырған қоғам белсенділері жәбірленуші ретінде сұралып жатқан полицейлердің жауаптарында қарама-қайшы жайттар көп екенін айтады. Полицейлердің оқ атуына қатысты сұрақ қойылған кезде айыпталушылардың бірі талып қалған.


Ақтау қаласында Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сәрсенбі күні жәбірленуші ретінде танылған полицейлер сұрала бастады.
Сотқа қатысып жатқан қоғам белсенділері мен журналистер бұл күнгі сот отырысын «ерекше болды» деп санайды.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, сәрсенбілік сотта түске дейін жәбірленуші ретінде үш полицей тыңдалған. Бұл – желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзеннің орталық алаңындағы шепте болған қалалық ішкі істер басқармасының өкілдері: басқарма төрағасының орынбасары Аббат Адилов, бөлім бастығының орынбасары Нұрәлім Баржиков, бөлім бастығы Мұрат Қызылқұлұлы.

БІРІНШІ ПОЛИЦЕЙДІҢ СӨЗІ

Ерлан Қалиевтің айтуынша, сотта бірінші болып куәлік берген Аббат Адилов тек желтоқсанның 16-сы күнгі оқиға басы қатты жараланған сәтке дейін ғана есінде қалғанын айтқан.
Қала орталығында тұрған полицейлер. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл

Қала орталығында тұрған полицейлер. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл


Аббат Адилов желтоқсанның 16-сы күні таңертең сағат 10-ға таман алаңға келгенін айтқан. «Неге алаңға келдіңіз?» деген сұраққа «жылдам келу туралы бұйрық түсті» деп жауап берген. Аббат Адилов шепте тұрған кезде алаңдағы адамдардың «қазан, азық-түлік әкелген "Газельді" аударғысы келгенін», оларды таратпақ болған кезде басынан қатты соққы тигенін айтқан. Ал есін тек ауруханада ғана жиған.

- Ол өзін кімнің ұрғанын білмейтінін, бұған нақты ешкімді айыптай алмайтынын айтты. Сөзінің аяғында 37 адамның арасында «нақты мына адам кінәлі» деп айта алмайтынын, бірақ егер олардың кінәлары дәлелденетін болса, оларды қатаң жазаға кесу туралы өтінетінін айтқан, - дейді Ерлан Қалиев.

ЕКІНШІ ПОЛИЦЕЙДІҢ ЖАУАБЫ

Қалиевтің айтуынша, жауап берген екінші полицей - тергеу бөлімі бастығының орынбасары, 24 жастағы Нұрәлім Баржиков «өз сөзіне өзі қарсы шыққан», берген жауабында бұлыңғыр тұстар көп болған.

- «Табельдік қаруыңыз болды ма?» деген адвокаттардың сұрағына ол алғашында «қарусыз болдық» десе, кейін онда қаруы болғаны белгілі болды. «Сіз алдын-ала тергеу кезінде берген жауабыңызда 5 оқ кетірдім деп жазыпсыз» деп адвокаттардың бірі сұраған кезде судья: «Қару қолдану жөнінде бұл жеке қылмыстық іс. Мұндай сұрақ қоймаңыз» деп тыйып тастады, - дейді Ерлан Қалиев.
Сот залынан көрініс. lada.kz сайтынан алынған сурет. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Сот залынан көрініс. lada.kz сайтынан алынған сурет. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.


Нұрәлім Баржиков сотта полицейлерге оқ атылғанын, өзінің қалқанына да оқ тигенін айтқан. Адвокаттардың бірі: «Сіз бұзақылар атты деп отырсыз. Өздеріңізде табельді қару болған екен. Ендеше неге оны сол жерде ұстамадыңыздар?» деп сұрақ қойған кезде полицей: «Ол жерде тәртіпсіздік болып жатқан кезде ұстауға мүмкіндік болмады» деп жауап берген.

Дәл осы екінші полицей сұралып жатқан кезде айыпталушылардың бірі Парахат Дүйсембаев: «Неге қарусыз халыққа от атасыңдар? Менің әкем сол оқтан өлді, ал қарындасым мүгедек болып қалды» деп айқайлап, талып қалған. Ол судьяның: «Бұл басқа сотта талқыланады. Егер мұндай сұрақ қоя берсеңіз, залдан шығарамын» деген ескертуін де естімеген. Мұнан кейін үзіліс жарияланып, айыпталушыға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін сот ары жалғасқан.

Кейбір ақпарат бойынша, Парахат Дүйсембаевтың әкесі Жаңаөзен оқиғасы кезінде тиген оқтан көз жұмған, аяғынан жараланған қарындасы мүгедек боп қалған.

ҮШІНШІ ПОЛИЦЕЙДІҢ АЙТҚАНЫ

Бақылаушылардың ақпараты бойынша, жауап берген үшінші полицей - бөлім бастығы Мұрат Қызылқұлұлы. Айыптау қорытындысында оның оқиға кезінде оң көзінен жараланғаны туралы жазылса да, ол сотта «ешқандай жарақат алмағанын» айтыпты.

Бұл тұста «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев мынадай жайтты ерекше атап өтеді. Айыптау қорытындысында Мұрат Қызылқұлұлының сурет арқылы 24 адамды танығаны туралы жазылғанымен, істе бірде-бір фамилия, мәліметтер, тіпті суреттің өзі жоқ болып шыққан. Адвокаттар талап еткеннен кейін барып прокурорлар суретті көрсеткен. Сол кезде 24 адам дегені айыпталушылар емес, былтыры желтоқсанның 16-сы күні алаңда болған адамдардың жалпы саны екені анықталған. Бұл суреттен қамауда отырған бірнеше айыпталушы ғана табылған.
Арнайы жасаққа қарап тұрған тұрғындар. Жаңаөзен, қаңтар 2012 жыл.

Арнайы жасаққа қарап тұрған тұрғындар. Жаңаөзен, қаңтар 2012 жыл.


- «Сіз суреттен сыныптасыңызды бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Сол сыныптасыңыз қамалғандардың арасында бар ма?» дегенде ол: «Жоқ. Оны неге қамау керек?» деп жауап берді. Адвокаттар: «Сіз қазір қамауда отырған адамдар тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айта аласыз ба?» деген сұраққа: «Жоқ, мен өйтіп айта алмаймын. Мен тек қана осы суреттегі адамдардың алаңда болғанын ғана айттым» деді, - дейді Ерлан Қалиев.

Бұған қоса, полицей Мұрат Қызылқұлұлы айыптау қорытындысында келтірілген «айыпталушы Жұмағалиев ұрды» деген деректі де растамаған.

«АРЫЗДАН БАС ТАРТУ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ТОҚТАТПАЙДЫ»

Журналист Шәріп Құрақбайдың айтуынша, сотта полицейлер бұған қоса желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласындағы 5-шағын ауданда орналасқан бірінші үйдің шатырынан бытырамен оқ атылғанын да айтқан.

- 5-микрорайон болу керек, көпқабатты үйдің төбесінен біреулер мылтық атқан дейді. Біреуінің қалқанына тиіпті. Әйтеуір мылтық атқандар көп болып кетті. Сотта қалқаныңды алып келіп көрсет деген де талап болды. Бірақ түсінгенім, оқ атқанға байланысты сот бөлек болады, - дейді Шәріп Құрақбай.

Осы аптаның басында Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі 87 жәбірленушінің сұралып біткенін мәлімдеген еді. Сотта жәбірленуші ретінде сұралған жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі мұнайшыларға кінә таға алмайтындарын айтып, арыздарынан бас тартқан.
Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.


Сәрсенбі күні бас прокуратура өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Астанада өткен брифингте жәбірленушілердің мүлікке қатысты арыздарынан бас тартуы қылмыстық істі тоқтата алмайтынын мәлімдеді.

- Бұл азаматтар соған қарамастан жаппай тәртіпсіздік кезінде мүліктік зардап келгенін де жоққа шығармай отыр. Олардың шығын орнын толтыру туралы арыздарынан бас тартуы біз үшін түсініксіздеу, - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, қылмыстық іс «жаппай тәртіпсіздікке» байланысты қозғалып отырғандықтан «бұл әрекет қылмыстық істі тоқтата алмайды».

Жаңаөзен оқиғасына байланысты Ақтау қаласында өтіп жатқан сот наурыздың 27-сі күні басталды.

Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы қатысып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG