Accessibility links

Жаңаөзендегі қақтығыста кемінде 10 адам қаза тапты


Жаңаөзендегі қақтығыс кезінде өртеніп жатқан ғимарат. Reuters TV, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзендегі қақтығыс кезінде өртеніп жатқан ғимарат. Reuters TV, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстанның бас прокуратурасы Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты төтенше жиын өткізіп, он адамның қаза тапқанын растады. Бұл оқиғаға қатысты халықаралық ұйымдар реакция білдіре бастады.

«Бүгін, 2011 жылы 16 желтоқсан күні 11 сағат 30 минутта Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мерекелік шаралар кезінде бір топ адамның қылмыстық әрекеті кесірінен жаппай тәртіпсіздік шықты» деп мәлімдеді Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев.

Бас прокурор «тәртіпсіздік жасаған» азаматтарды «бұзақылар» деп атап, олардың «қоғамдық тәртіпті бұзып, полицейлерге шабуыл жасап, жаңа жылдық шыршаны, киіз үйді, полицей автобусын, қалалық әкімшілік ғимаратын, қонақ үйді, «Өзенмұнайгаз» компаниясының кеңсесін өртегенін» айтты.

Асхат Дауылбаевтың мәлімдемесіне қарағанда, президент Назарбаевтың тапсырмасымен ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов басқарған жедел тергеу тобы құрылып, Жаңаөзенге ұшып кеткен.

Жаңаөзендегі ереуілшілер және олардың жақтастары мен полиция арасындағы қақтығыс мерекелік шыршаны құлатудан басталды. Reuters TV, 16 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзендегі ереуілшілер және олардың жақтастары мен полиция арасындағы қақтығыс мерекелік шыршаны құлатудан басталды. Reuters TV, 16 желтоқсан 2011 жыл

БҰҰ адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссарының өкілі Руперт Колвилл желтоқсанның 16-сы Reuters ("Рейтерс") агенттігіне кем дегенде 10 адамның ажалына себепші болған Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты қатты алаңдайтынын жеткізген.

- Біз қазақ билігін бұл жағдайды егжей-тегжейлі тексеріп, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру кезінде құқық қорғау орындарының шектен тыс күш қолданбауын қадағалауға шақырамыз, - деді Колвилл.

ЕРЕУІЛШІЛЕРДІҢ АЙТҚАНЫ

Қаланың орталық алаңына жиналған ереуілшілер әкімшілік ұйымдастырған оқушылар мен жастар шеруінің өтуіне, киіз үй тігілуіне қарсы болған.

Мұнайшылар «бұл – биліктің арандатуы» деп, алаңда мерекелік шара өткізуге қарсы екендерін айтады.

Ереуілшілердің бірі, «Өзенэнергомұнай» мекемесінің жұмысшысы Оразбай Тұрсынбаевтың айтуынша, олар халықтың наразы көңіл-күйі жайлы ресми хат жазып, жергілікті билікке алдын-ала ескерткен.

– Мен өз қолыммен Жаңаөзен қаласы прокуроры Марат Тойжанға, қала әкімі Орақ Сарыбөпеевтің кеңсесіне апарып, ескерту хат тапсырдым және тіркеттім. Онда «16-сы күні тойдың топалаңы шығуы мүмкін, бірақ оны ереуілшілерден көрмеңдер, халықтың наразылығы пісіп келеді» деп баяндаған едік, – дейді Оразбай Тұрсынбаев.

Қала алаңындағы адамдар. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл. (Стан.кз бейнепорталының суреті).

Қала алаңындағы адамдар. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл. (Стан.кз бейнепорталының суреті).

Оның айтуынша жергілікті билік ереуілшілер ескертуіне құлақ аспаған. «Біздің наразылығымызға қарамастан алаңның қақ ортасына әкеліп ағаш ​үйлер тігіле бастады. Әдетте мұндай үйлердің алаңына шетін ала тігілетін өз орындары бар еді. Дегенмен олар әдейі елдің ашу-ызасын қоздыра түсу мақсатында ереуілшілер тұрған жерге әкеп орнатты» дейді ол.

– Бірақ мұның бәрі халықтың шыдамын тауысқан тәрізді. Алаңда суықта ереуілдеп тұрғандар шоғыры аз болғанмен олардың туған-туыстары жетерлік. Олардың барлығын аш, ақшасыз өмір сүру жалықтырды. Қалай болған да бір жағына шығу керек болды, – деп түсіндіреді жағдайды Оразбай Тұрсынбаев.

Ал ереуілші Марат Жүсіпбаевтың сөзіне сүйенсек, олардың «алаңды босатыңдар» деген талабынан соң полиция күш қолдана бастаған. Мұнайшылардың айтуынша, жиналған халық алаңда тұрған шыршаны, музыка ойнап тұрған дыбыс күшейткіш аспаптарды, автобусты өртеп жіберген.

Түс кезінде Азаттық тілшісіне телефон соққан мұнайшылардың бірі Күнсұлу Әйтешова «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы кеңсесі, Жаңаөзен қалалық әкімшілігі ғимараты мен қаладағы үлкен қонақ үйлердің бірі «Аруананың» өртеніп жатқанын хабарлаған еді.

Өртене бастаған полиция автобусы. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл

Өртене бастаған полиция автобусы. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл

Бір сағаттан соң қайта хабарласқан ереуілшілер «полицейлердің қару қолдана бастағанын» айтқан.

– Қазір алаңда біреуді-біреу біліп болмайды. Көп адам жарақат алды, өлгендер де бар, – дейді мұнайшылар белсендісі Айман Оңғарбаева.

Оның сөзін растаған 16 жастағы Айткүл Нұрова әкесі Бейсен Нұровтың аяғынан жараланып, ауруханада отырғанын айтты.

– Әкемнің аяғына оқ тиді. Оның бет-аузынан сау тамтық жоқ. Алаңда көп адамдар оқ тиіп құлап жатыр, – деп жылады ереуілші мұнайшының қызы.

Ереуілші Марат Жүсіпбаевтың айтуынша, оның көзінше сегіз адам мерт болған.

– Екі әйел адам мен алты ер адам көз жұмды. Мен оларды жедел жәрдем машинасына салып жібердім. Жедел жәрдем үлгермей жатыр. Оқ кей адамдардың тамағына, басына тиген: олардың арасында қарапайым халық та, бар, ереуілшілер де бар, – деп хабарлаған еді Марат Жүсіпбаев.

БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ АЙТҚАНЫ

Стан.кз бейнепорталының хабарлауынша, ереуілшілерді таратуға келген Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарбөпеев мұнайшыларға мерекелік шара өтуіне, киіз үй тігуге бөгет болмауларын, «бұл әрекеттерін тоқтатуы керегін, әйтпесе арты жаман болатынын» Қала алаңындағы полицейлер. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Қала алаңындағы полицейлер. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

ескертті.

Тәуелсіздік күнінен арналған шеру өтпей қалды. Алаңға тігуге киіз үйлерін алып келген адамдар:

– Алаңда ешкім жоқ деп бізді алдап шақырды. Келсек, мыңдаған ереуілші тұр. Әкім бұлардың шаруасын бұған дейін неге шешпеген? Сондықтан киіз үй тікпейміз деп, көлікке қайтадан тиеп әкетіп жатырмыз, - дейді.

Жаңаөзен қаласы әкімінің кеңесшісі Айнаш Тілекқабылова «тәртіпсіздік жасаушылар таяқпен, темірмен, жанғыш зат құйылған бөтелкемен қаруланғанын» айтты деп хабарлаған еді «Ақтау-Лада» газеті.

Азаттық тілшісі Айнаш Тілекқабыловадан осы оқиғаның егжей-тегжейін сұраған еді. Бірақ ол Азаттықтан хабарласқанын ести сала телефондарын өшіріп тастады.

Одан соң Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Жанна Ойшыбаеваға телефон соқтық.

- Жаңаөзен қаласы әкімшілігі «Өзенмұнайгаздың» жұмысқа келмегені үшін қызметтерінен шығарылған мұнайшылары тұрған алаңға киіз үй тікпек Қала алаңындағы полицей мен ереуілшілер. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Қала алаңындағы полицей мен ереуілшілер. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

болған. Қала тұрғындарына, оның ішінде жұмыстан шыққан қызметкерлерге де мерекелік көңіл-күй сыйламақ болған. Бірақ бұған алаңдағы ереуілшілер наразы болып, қала тұрғындарына тас лақтырып, ысқыра бастады, - дейді Жанна Ойшыбаева.

Ол «Новости Казахстан» ақпарат агенттігінің «бұзақылар полицейлерді сабап, шырша мен оның жанында тұрған автобусты өртеп жіберді» деген дерегін растамаған.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы «бар ақпаратты облыстық ішкі істер басқармасынан алу керек» деді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева Азаттық тілшісінің сауалына жауап беруден бас тартып, телефонын өшіріп тастады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі «облыста ешқандай төтенше оқиға жоғын» мәлімдеп, басу айтты.

– Тек алаңға жиналғандар тігілген ағаш үйді өртеп, сахнаны бүлдіріп бассыздық әркеттер жасаған. Басқа артық қимыл жоқ, – деген Маңғыстау облысы әкімінің аты-жөнін айтудан бас тартқан баспасөз қызметкері түс кезінде хабарласқан Азаттық тілшісіне.

(Мақаланы жазуға Азаттықтың тілшісі Баянбай Атанбайұлы қатысты).

Жаңаөзендегі оқиға жайлы

«К-плюс» телеарнасының бейнекөрінісі:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG