Accessibility links

Жазушылар Жаңаөзен жастарын «қауесетке сенбеуге» шақырды


Жазушы Смағұл Елубай «Ақ жол» партиясының съезінде. Алматы, 27 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Жазушы Смағұл Елубай «Ақ жол» партиясының съезінде. Алматы, 27 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның 18-і күні жазушылар одағында Алматыда оқып жатқан Жаңаөзен жастары мен зиялы қауым өкілдері кездесті. Ақын-жазушылар жастарға Маңғыстаудағы қазіргі оқиғаның «саяси мақсаты жоғын» айтты.


Жазушылар одағындағы жиынға Алматы қаласы әкімшілігінің өкілдері, ішкі істер департаментінің қызметкерлері де қатысты. Бейтаныс біреулер бұл кездесуді бастан-аяқ бейнетаспаға түсіріп жүрді.

«САЯСИ МАҚСАТ ЕМЕС, ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІКТЕН ТУДЫ»

Алғаш сөз алған ақын Есенғали Раушан «студенттердің басын қосудың негізгі себебі - Жаңаөзенге байланысты тарап кеткен әр түрлі қауесетті теріске шығару» екенін айтты.

– Мына жерде сендерді ешкім ауыздарыңнан қақпайды. Әке-шешелерің бәрі аман ана жақта. Сендердің құлақтарыңа жетіп, сендерді толқытып, мазалаған басты проблема - «әкесі мұнайшы болса, кешегі көтеріліске
Ақын Есенғали Раушан. Алматы, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Ақын Есенғали Раушан. Алматы, 18 желтоқсан 2011 жыл.
қатысса, ол оқудан шығады, стипендиядан айырылады, общежитиеден шығады» деген әңгіме - бекер. Провокацияға түспеңдер. Ондай әңгіме жоқ. Әрине, сендер оқудан үлгермесеңдер, бұзақылық жасасаңдар, онда сендерді де, мені де кінәлайды, – деді жиынды бастаған ақын Есенғали Раушан.

Есенғали Раушан Жаңаөзендегі оқиға «саяси мақсаттан емес, әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан туындағанын» айтты.

«ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ВИРУС»

Жазушы Смағұл Елубай да Есенғали Раушанның «әлеуметтік теңсіздік» туралы пікірімен келісті. Жаңаөзендегі жұмыссыздық проблемасын айтқан жазушы кінәні шетелдік компанияларға жапты.

– Жұмыссыздық деген проблема бар ол жерде. Оны кім тудырып отыр десек, ол – шетелдік компаниялар. Олар – жұмыс берушілер, жұмыс істеушілер – біздің бауырларымыз, қазақтар. Шетелдік компаниялар жергілікті қазақтардың құқын таптамауы керек, – деді Смағұл Елубай.

Сондай-ақ, жазушы «Жаңаөзендегі қақтығыстың артында шетелдік күштер жатыр» деген болжам жасады.

– Біздегі тұрақтылықты көре алмай отырған алыс-жақын көршілер бар. Солардан да вирус келіп түсуі мүмкін: «Осы мынау тәуелсіздікті тойлап жатқан кезде осылардың бір шырқын бұзайық. Ол шырықты қалай бұзуға болады?!» деген. Қай жерде наразы ауыл, қала бар – сол жерге вирус тастаса ол жер бірден лап ете түсетінін біледі олар. Ол сценариді де жұрт жоққа шығармайды, – деді Смағұл Елубай.

Ол Жаңаөзен оқиғасы туралы интернеттегі деректерді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі жағдаймен салыстырды. «Ол кездегі әңгіме, қазіргі қауесеттер арандату үшін айтылады» деді Смағұл Елубай.

«АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ ІСІ»

Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин әңгімені 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бастап, «Жаңаөзендегі оқиғада арандатушылар болған» деп сөзін сабақтады.

– Мен қазақпын деген адам, мың өліп, мың тірілген, дәл сол күні, құдай біледі, өзінің ұлтына қарсы шықпас еді. Ол балаларды арандатушылар
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.
болды деп ойлаймын. Арандату болды. Жетектеп алып келіп: «Анау жерге шық, анау күні сені қызметтен аластатқан. Шық та, бастап бер» деп. Алданып шықты солардың біразы. Міндетті түрде солай болды ғой деп ойлаймын, – деді Нұрлан Оразалин.

Араб елдеріндегі төңкерістерді мысалға келтірген Нұрлан Оразалин жиналған жастардың қазақ екендіктерін қайта-қайта айтып, «бірлікке шақырды».

- Қазақтың қазақтан басқа туысы жоқ. Қазақтың қазақтан басқа бауыры жоқ. Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Қазақ алакөз болуына болмайды, - деді Нұрлан Оразалин.

«ТАПСЫРМА»

«Жас Алаш» газетінің редакторы Рысбек Сәрсенбай әуелі бұл жиынды Жаңаөзен оқиғасына байланысты «президент тапсырмасының бір тармағы» деп атаған еді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00
Жүктеп алу


– Одақтағы жиын – президент тапсырмасының бір тармағы. «Халықты,
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 29 желтоқсан 2010 ж.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 29 желтоқсан 2010 ж.
жастарды басу керек. Тыныштандыру керек. Бұзақыларды даттау керек. Ол дұрыс емес. Сіздер көтерілмеңіздер. Бассыздыққа бармаңыздар» дейді. Оны мен де айтамын. Оның қажеті жоқ, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Алайда одан кейін сөз алған Есенғали Раушан «бұл президенттің тапсырмасы емес екенін, жиынды өткізуге студенттердің өзі түрткі болғанын» айтты.

Бұл сөзді отырған жастардың біразы растап, дауыстап жатты. Кездесу соңында Рысбек Сәрсенбай жиынды «президенттің тапсырмасы» деп айтқаны үшін Есенғали Раушаннан кешірім сұрады.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:27 0:00
Жүктеп алу


«РЕСМИ АҚПАРАТҚА СЕНУ КЕРЕК»

Жазушылар одағында өткен жиынға ресми билік тарапынан Алматы қаласы әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Кенжехан Матыжанов қатысты. Ол да жастарды «сабырға шақырып», жиынға «сезімі ұшқыр жастар тағы да бірдеңеге ұрынып қалмаса екен деген оймен» келгенін айтып, «бүгінге дейін тарап келген ресми ақпаратқа сену керек» деген ыңғай танытты.

– Неге той өткіземіз деп жатырмыз? Тәуелсіздіктің тойын өткізбегенде не істейміз біз?! Одан артық қандай той керек бізге?! Әркімнің әртүрлі пікірі бар. Бірақ қазіргі кезде ресми ақпараттарға сенбеске амалымыз жоқ. Басқа мүмкіндік жоқ, – деген ішкі саясат бөлімінің бастығы Кенжехан Матыжанов «жастар толғандырған мәселелерді жазбаша ұсынуы керегін» айтып, жиынның тарауын жылдамдатты.

«ОЛАР – БАСБҰЗАР, ҚЫЛМЫСКЕР, СОДЫР ЕМЕС»

Жиынды ұйымдастырушылар «бас қосу кезінде айтылған пікірлері үшін жастарды ешкім қудаламайды» дегеніне қарамастан, ортаға шығып сөйлеген жастар аты-жөндерін атаудан бас тартты. Мәселен, өзін «Жаңаөзен тумасымын» деп таныстырған студенттердің бірі Жаңаөзен оқиғасындағы наразылық танытушылардың ісі әділ екенін айтып, полиция қызметкерлерінің оқ атқанына наразылық білдірді.
Олар – жеті ай бойы өз талаптарын жұмыс берушіге және жергілікті билікке орындата алмай отырған мұнайшылар және оларға зорлық көрсетіп жатқанда тұра алмаған қазақ жастары

– Елімізде ақпарат құралдарының барлығы жарыса қаралап жатқандай, алаңға шыққан халық ешқандай басбұзарлар, қылмыстық топтар, шеккен, ішкен, шектен шыққан содырлар емес, ағайын. Олар – жеті ай бойы өз талаптарын жұмыс берушіге және жергілікті билікке орындата алмай отырған мұнайшылар және оларға зорлық көрсетіп жатқанда тұра алмаған қазақ жастары, – деді студент жас.

Ал кіші ғылыми қызметкер Ерболат Әбікенұлы зиялы қауымға кейіс білдіріп:

– Осында келе жатқанда радиодан «сыртқы күштер», «секталар» деген сияқты айтылып жатыр. Бірақ «мүмкін, биліктен де бар шығар» дегенді біреуіңіз де айтпадыңыздар ғой, зиялы қауым, халық жазушысы, депутаттар. Сіздерге тілектеріміз, комиссия ұйымдастырып, зиялы қауым ағаларымыз, ана жаққа барып, нақты көріп келсеңіздер. Сол жаққа да басу айтсаңыздар. Ресми мәліметтерге ғана жүгінсек, қиын, – деді.

Жастардың бірі Жаңаөзендегі оқиғаға орай құрылған мемлекеттік комиссияға ұсынысын айтты. Ол ұсыныстар қатарында «мұнайшыларды қудалау тоқтатылсын», «жазықсыз оққа ұшқандар үшін кінәлі басшылар жазаға тартылсын», «қылмыскерлер деп айыпталған халықтан кешірім сұралсын» деген талаптар да бар.

УАЙЫМ

Жастардың бірі құрбыларының атынан сөйлеп, Жаңаөзендегі туыстары үшін алаңдап отырғанын айтты.

– Оқиға басталған күннен бері өзіміздің үйімізбен хабарласа алмай, байланыса алмай отырмыз. Ол жердегі бауырларымыз, әке-шешеміз, іні-қарындастарымыз аман ба, не өліп қалды ма – біз оны білмейміз. Коменданттық сағат жарияланбай тұрып қаладан байланысты үзіп тастау, негізі, дұрыс емес. Ұялы байланыс қалада қазір де жоқ. Биліктен сұрайтынымыз, тезірек ұялы байланысты қалпына келтірсе екен, – деді ол.

Бұл кездесу бір сағаттың көлемінде аяқталды. Тарап жатқан жастардың бірнешеуімен тілдесіп едік:

– Қанымыз қайнап жатыр, ағай. Мен білмеймін, мысалы, ата-анама не болып жатқанын. Телефон соғам, хабарласа алмай жатырмын. Не болып жатыр екен деп осында келгенмін...

– «Мемлекет өзі өртеген дейді» ғой...

– «Жетпіс адам өліпті, моргта адам көп, Ақтаудың ауруханасына адам сыймай жатыр» деп естіп жатырмыз... – деді жастар жамырасып.

– Бүгінгі жиыннан нендей ой түйдіңдер? – деп сұрап едік:

– Жоқ, түк ұққан жоқпыз! – деп, бір топ жас кете барды.
XS
SM
MD
LG