Accessibility links

Жаңаөзенге жете алмаған қоғамдық комиссия


«Азат» ЖСДП тең төрағасы бірі Болат Әбілев. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

«Азат» ЖСДП тең төрағасы бірі Болат Әбілев. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына орай құрылған қоғамдық комиссия Жаңаөзен қаласына жете алмай, Алматыға қайтып келді. «Билік түрлі тосқауыл қойып, халыққа шындықты жеткізбеуге күш салып отыр» дейді комиссия мүшелері.


Желтоқсанның 23-інде Алматыдағы баспасөз үйінде Жаңаөзен оқиғасы бойынша белгілі саясаткерлерден құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия мүшелері өздерінің Ақтауға барғанымен, Жаңаөзен қаласына жете алмай кейін қайтқанын, «бірақ соның өзінде Маңғыстау облысында моральдық-психологиялық ахуалдың ушығып тұрғанын байқағандарын» айтты.

Баспасөз мәжілісіне Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Мұхтар Тайжан, Рысбек Сәрсенбай қатысты.

«87 ШАҚЫРЫМДЫҚ ДЕМОКРАТИЯ»

– Облыс әкімінің орынбасары Жұмашев мырза президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңаөзенге баратын жолдың бәрі ашық» деген сөзін айтып: «Қаласаңыздар қазір-ақ Жаңаөзенге жеткізейік» деді. Бірақ біз өз көлігімізбен аттандық. Олар көлігіміздің нөмірін жазып алып қалды. Бірақ Жаңаөзенге 40 шақырым қалғанда, Жетібайға жете бере бізді полиция тоқтатып, артқа қайтару жөнінде бұйрық болғанын айтты, – дейді «Азат» ЖСДП тең төрағаларының бірі Болат Әбілев.

«Азат» ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов «тәуелсіз қоғамдық комиссия өкілдеріне Жаңаөзенге баруға рұқсат бергеніне қарап, билік расында да ел ішіндегі алыпқашпа сөздерге тоқтау салғысы келеді екен-ау деп үміттеніп қалғанын» айтты.

– Бірақ Қазақстандағы демократия 87 шақырымнан аспады. Жетібай деген жерге «Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

жақындағанда, жүргізушіміздің куәлігін алып қойды, сөйтіп полиция бізді оншақты шақырымға дейін кері ұзатып салды, – дейді Әміржан Қосанов.

«Жаңаөзен оқиғасына дейін билік күнделікті ресми БАҚ арқылы айтып келген «тыныштық, тұрақтылық, экономикалық өрлеу» туралы аңыздарының бәрі быт-шыт болды. Ал Жаңаөзен оқиғасы кезінде Қазақстан қоғамы екіге жарылды. Біреулер қолында қаруы жоқ азаматтарды неге атты деген сұрақ қойды. Ал екінші жағы ереуліге шыққандарды айыптауға кірісті. Ал Жаңаөзен оқиғасынан кейін біздің қоғамымыз қандай болады, осы оқиғаға әділ баға бере аламыз ба? Әлде билік берген бағасымен келісіп қоя саламыз ба?» дейді оппозициялық саясаткер.

«АҚЫРЫ АТТЫҚ, ЕНДІ ӨЛТІРЕ САЛАЙЫН!»

Қоғамдық комиссия мүшелерінің бірі Рысбек Сәрсенбай «Жаңаөзенге жете алмаса да, бірақ жайтқа көз жеткізгендерін» айтты.

"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

– Жергілікті билік журналистерді өздері әзірлеп қойған жаралы адамдармен ғана жолықтырып жатқанға ұқсайды. Біз сөйлескен жаралылар шындықты айтты. Соның бірі, 19 жастағы жігіт айғай-шуды естіп далаға шыққанын, сол кезде оқ тигенін, орнынан тұра бергенде қайта ұрып құлатып, бір полицейдің тапаншасын шекесіне қадап тұрып: «Ақыры аттық, енді өлтіре салайын!» дегенін» айтты, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

«Жаңаөзен тұрғындары 16 желтоқсанда алаңға шығып, «президент Назарбаев орнынан кетсін, жердің қазба байлықтары мемлекетке қайтарылсын» деген саяси талап қоймақ болған. Оны жергілікті билік те өте жақсы білген. Сондықтан алаңда мерекелік той жасауды жоспарлаған» дейді ол.

Қоғамдық комиссия мүшесі Софы Сматаев «үндемей қалған, не болмаса билікті қолдап, ереуілшілерді айыптаған» жазушыларға ренішін білдірді. Ал Мұхтар Тайжан азалы күн жарияланып, сайлау кейінге қалдырылмаса сайлау кампаниясына қатысудан бас тартып отырғанын «Руханият» партиясының басшылығына ескертіп қойғанын айтты.

«ОДАН САҒАН НЕ ПАЙДА?»

Комиссия мүшесі Болат Әбілевтің ойын, «мемлекет басшысы елдегі жағдайға бақылаудан шығарып алған».

– Кеше «берген тапсырмам орындалмады» деп өзі де айтты. Онда президент немен шұғылданып жүр? Кеше бір адам президентке болған жағдайды жеткізді. Президент не деді? «Сіздің айтқаныңызды тексереміз, егер өтірік болса сізді соттаймыз» деді. Міне, президентттің әңгімесі. Біз ауруханаларда жатқан жаралылармен кездестік, оның 70 пайызы – кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар. Шөкеевпен кездесуге қатысқандардың бірі «Оқ атуға кім бұйрық берді?» деп сұрағанда, ол «Одан саған не пайда – сен де, мен де ол адамға ештеңе істей алмаймыз» деді, – дейді Болат Әбілев.

АЛТЫ ТАЛАП

Қоғамдық комиссия мүшесі Әміржан Қосанов журналистерді болған оқиғаны боямасыз баяндауға шақырып, осы комиссияның Қазақстан президенті алдына қойған алты талапты оқып берді.

Олар – «мұнан кейін бейбіт адамдарға қарсы ешқашан қару қолданылмайтынына президент жария түрде кепілдік берсін», «Жаңаөзен оқиғасын тексеретін мемлекеттік комиссия құрылсын», «қарусыз адамдарды атуға бұйрық берген адамды тапсын», «мұнайшылардың еңбек дауы реттелсін», «Қазақстанда жалпыұлттық аза күні жариялансын», «парламент мәжілісінің сайлауы кейінге шегерілсін» деген талаптар.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG