Accessibility links

«1986 жылы - сарбаз күрегі, 2011 жылы - автомат»


Тәртіпсіздіктер кезінде жараланған адам Жаңаөзен қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. 18 желтоқсан 2011 ж.
Тәртіпсіздіктер кезінде жараланған адам Жаңаөзен қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. 18 желтоқсан 2011 ж.

Жаңаөзенде телефон байланысы қалпына келген соң, интернетте жаппай тәртіпсіздіктер болған күні адамдарға қалай оқ атылғанын көрсететін видео пайда болды. Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар қантөгістің алдын алуға болар еді деген пікірде. Билік өкілдері бұл туралы пікір айтудан бойларын аулақ салды.


2011 жылы 16 желтоқсанда, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі күні жеті ай бойы бұрынғы мұнайшылар ереуілі жалғасқан Жаңаөзен қаласында тәртіпсіздіктер бұрқ ете түсті. Қазақстан билігі оларды басып-жаншу үшін қару қолданып, қалаға бронетехника мен арнайы әскер енгізді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Жаңаөзенде 14 адам қаза тапқан, 90-нан астам адам жарақат алған. Ал бейресми мағлұматтар бойынша, өлгендердің саны анағұрлым көбірек. Із-түссіз жоғалған адамдар туралы да ақпарат бар. Жаңаөзен, Шетпе және Ақтау қалаларының кейбір тұрғындары биліктен 16, 17 және 18 желтоқсан күндері болған оқиғалардан соң жоғалып кеткен туған-туыстарын тауып беруді талап етіп отыр.

"Полиция қызметкерлері Жаңаөзенде тәртіп орната отырып, заң бойынша өз өкілеттіктерінің шеңберінен аспай әрекет етті"-, деп мәлімдеді 17 желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде.

Мобильдік телефонға тұрғын үйдің терезесінен түсіріп алған бейнебаян Жаңаөзенде наразылық білдірушілерді қуып тарату үшін қару қолданылғанын айғақтайды. Бұл видео Жаңаөзенде телефон, соның ішінде мобильдік телефон байланысы және интернет қалпына келген соң ғана пайда болды.

Жаңаөзенде қалай оқ атылғаны туралы видео:

Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу


Осы видеоның шығуына қатысты мәселелерді Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелінде талқылады.

Совет әскерінің қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан запастағы полковник Сергей Пашевичтің айтуынша, бұл видеоға қарағанда, ереуілдеген адамдардың қолында қару болмаған. Сондықтан бұл арада полиция өзін-өзі қорғады деудің еш қисыны жоқ деп есептейді ол.

- Армияда бізге "дипломатияның уақыты зеңбіректен оқ жаудыра бастағанда өтіп кетеді" деп үйрететін, - дейді ол.

"Видеодан адамдардың қашып бара жатқаны көрініп тұр, ал оларға ту сыртынан оқ жаудырып жатыр. Сондықтан, әрине, аталмыш жағдайда құқық органдарының қызметкерлері өздерін қорғады деуге де келмейді"-, деген түйін жасайды Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, Қазақстан ішкі әскерлері қолбасшысының бұрынғы орынбасары генерал Әмірбек Төгісов.

Ол видеодағы оқиғаны «қашып бара жатқан қарусыз әрі бейбіт адамдарға қарсы қару қолданудың нағыз өзі» деп бағалайды. Қашып бара жатқан адамдардың арқасына автоматтардан оқ жаудырған полиция жасағының іс-әрекеттерін генерал Төгісов тәртіп орнату емес, «әлдебір бандиттік құрылымдардың» шекісуіне ұқсатады. Сол себепті генерал бұл бейнебаянды «өрескел қылмыстың» айғағы деп, мұны «менттердің терроризмі» деп атады.

Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры Жармахан Тұяқбайдың айтуына қарағанда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары мен 1989 жылғы Жаңаөзендегі оқиғалар кезінде де мыңдаған адамдар қатысқан.

- Бірақ сол оқиғалар тұсында атыс болмады, - дейді қазірде оппозиция қайраткері Жармахан Тұяқбай.

Жаңаөзенде ереуілдеген адамдарға қарсы қару қолдануды бұрынғы бас прокурор «нағыз заңсыздықтың өзі» деп бағалайды.

- Тіпті өрт қою да не кез-келген басқа да заңға қайшы әрекеттер адамның бір тамшы қанына тұрмайды, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі қызметінің 30 жылдық тәжірибесіне сүйенген генерал Әмірбек Төгісов оқ жаудыру туралы жоғарыдан әмір берген деп топшылайды. Оның үстіне осындай төтенше жағдайларда да прокурордың санкциясы қажет екенін айтады.

Жармахан Тұяқбай да ереуілдеген адамдарға оқ атсын деген бұйрықты взвод не арнайы мақсаттағы топ ротасының командирі не болмаса тіпті министрдің өзі беруі мүмкін деп санамайды. Бірақ тіпті осы бұйрықты да кәсіби деңгейде орындамаған деп есептейді ол. Тұяқбайдың әлгі видеодан бір байқағаны - бұл бейберекет атыс болған, соның кесірінен тәртіпсіздіктерге қатысқандар ғана емес, кездейсоқ адамдар да зардап шегіп, жазым болған.

Ауған соғысының ардагері Сергей Пашевич Ауғанстанда кейбір генералдардың жауапкершіліктен құтылу үшін өздерінің берген бұйрықтарынан бұлтарып кеткен жағдайларды еске алады. Сол себепті кейбір командирлер олардан жазбаша бұйрық талап ететін дейді ол.

Запастағы полковник Пашевич Жаңаөзендегі қантөгістен соң оқ атуға бұйрық берген адамды табу мүмкін емес деп санайды.

- Осы бұйрықты шынымен беріп отырған адам, ол бәрібір де онысынан жалтарып, өзінің қоластындағыларды құрбандыққа шалады, - деп есептейді ол.

Тәртіпсіздікті бастаушылар кабелді зақымдағандықтан байланыс, соның ішінде мобильдік телефон байланысы бұзылған деген ресми тұжырым да Александр Муханы иландырмай отыр. Ол – Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның Маңғыстау облыстық филиалының директоры. Оның ойынша, байланыстың жоғалуына әлдебір шектеу себеп болуы әбден мүмкін.

Жаңаөзенде адамдарға қалай оқ атқаны жайлы бейнежазбаның шығуы XXI ғасырда ақпаратты тасалаудың осындай жолдары мүлде бекер екенін көрсетіп берді, дейді генерал Әмірбек Төгісов. Мұның соңғы бейнебаян емес екеніне де оның көзі жетіп отыр.

- Біз әлі тағы басқа да осындай бейнекөріністерге куә боламыз, - деді генерал Төгісов.

Ол Жаңаөзендегі трагедия әділ тергеліп, нағыз айыптылар жазаларын тартады дегенге қатты күмәнданады. Мысал ретінде ол Алматыда 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғаларын алға тартты.

- Қазақстан 1986 жылы сапер күректерінен бастап XXI ғасырда автоматтан оқ жаудыруға дейін жетті, - деп сөзін түйіндеді генерал Тоғысов.

Азаттық радиосы Қазақстан президенті жанындағы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжинді, бұрынғы ішкі істер министрі және қауіпсіздік кеңесінің экс-хатшысы Қайырбек Сүлейменовті, Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевты және оған қоса ішкі істер министрлігінің өкілдерін осы пікірталасқа қатысуға шақырған еді. Бірақ олар түрлі себеп-сылтаулармен оған қатысудан бас тартты.

Маңғыстаудағы толқуларға қатысты ресми пікірді желтоқсанның 21-і Вашингтонда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов білдірді.

Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Ерлан Ыдырысовтан Жаңаөзендегі қанды оқиғаның алғашқы сәттерін бейнелейтін Youtube желісіндегі видео туралы сұрақ қойған еді.

- Бұл, әлбетте, жан шошырлық видео көріністер екен. Бұл туралы сізге анық ештеңе айта алмаймын, қайдан шыққан, кім түсірген, тағысын тағы. Бұны талқылау - сарапшылардың ісі. Оқиға 16-сы болған, ал мына видео 21-і шығып тұр. Бірақ, бір анығы - үкімет бұл түсірілім туралы хабардар және ең жоғарғы деңгейде осы және осыған ұқсас фактілер жан-жақты тексеріледі деп шешілген, - деді Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов.

Мұздай қаруланған полиция жасағының қарусыз тұрғындарға оқ жаудырып жатқан сәттері түсірілген бейнекадрлар туралы сұраққа жауап бере отырып Ерлан Ыдырысов:

«Егер біз көрген бұл видеолар расталса, әділ үкім шығады» деп мәлімдеді.


Дөңгелек үстелдің орыс тіліндегі толық аудионұсқасын тыңдаңыз:

please wait

No media source currently available

0:00 0:29:01 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG