Accessibility links

Жаңаөзенде екпеден соң 86 бала ауруханаға түсті


Жаңаөзен медициналық колледжінің 16 жастағы студенті Гауһар Қармысованың анасы Жанар Ізбасарова екпеден кейін қызының денсаулығы нашарлап кеткенін айтады. Ақтау, 24 ақпан 2015 жыл.

Жаңаөзен медициналық колледжінің 16 жастағы студенті Гауһар Қармысованың анасы Жанар Ізбасарова екпеден кейін қызының денсаулығы нашарлап кеткенін айтады. Ақтау, 24 ақпан 2015 жыл.

Қызылша екпесінен кейін ауруханаға түскен оқушылардың ата-аналарының кейбірі «дәрігерлер екпе салдырмаймын деген ескертпемізді елемеді» дейді. Шенеуніктер балалардың мұндай халі «ағзаның қалыпты реакциясы» екенін айтады.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қызылшаға қарсы вакцина салған соң Жаңаөзен ауруханасына 86 оқушы түсіп, емделіп жатыр. Олардың 24-і Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген.

"Маңғыстау облысы бойынша екпеден соң ауруханаға түскен оқушының жалпы саны - 117" деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Руслан Бектібаев.

«ЕКПЕГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫҚ»

Жаңаөзендік оқушылардың үшеуі ақпанның 24-і күні Ақтауға тікұшақпен жеткізілді. Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Маржан Нұрланованың айтуынша, «олардың біреуі жансақтау бөліміне, ал екеуі неврология бөліміне жатқызылған». Маржан Нұрланова Азаттық тілшісіне «олардың хал-жағдайы туралы ақпарат бере алмайтынын» айтты.
Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық ауруханасына келгенде жансақтау бөлімі алдында бірнеше ата-ана тұрды. Жаңаөзендегі 18-мектептің 11-сынып оқушысы Әсем Еркеғұлованың анасы Жұмагүл Демеубаеваның айтуынша, қызы «екпе салғаннан 15 минуттан кейін талып қалған».
– Қызыма екпені салма деген ескертуіме қарамастан салған. Сынып жетекшісі қолхат жазып бер деген, уақыт таба алмадым. «Салдырмасаң, оқуға түсе алмайсың» деп қорқытқан соң (ақпанның 16-сы күні) қызым сыныптастарымен бірге [екпені] салдырған. Оны іле-шала Жаңаөзендегі аурухананың жансақтау бөліміне апарған, – дейді Жұмагүл Демеубаева.

Анасының сөзінше, Әсем Еркеғұлованы ертеңінде реанимацияға түскен алты оқушымен бірге «жағдайлары түзелді» деп шығарып жіберген.

Қызым бес күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер «ағзасын тазалап жатырмыз» дейді.

– Екі күннен соң қайтадан аяқ-қолы мұздап, «біртүрлі болып тұрмын» деген соң жедел жәрдем шақырдық. Есінен танып қалған соң Жаңаөзендегі ауруханаға, кейін «жағдайы нашар» деп Ақтауға алып келді. Бес күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер «ағзасын тазалап жатырмыз» дейді, – деді Жұмагүл Демеубаева.

Ал Жаңаөзен медициналық колледжінің 16 жастағы студенті Гауһар Қармысованың анасы Жанар Ізбасарова қызының «аяқ-қолы тартылып, екі сағат сайын есінен тана бергенін» айтады. Гауһар Қармысова Ақтауға Жаңаөзеннен ақпанның 22-сі жеткізілген.

– Жедел жәрдеммен бірге келдім. Қызым жолда қайта-қайта талумен болды. «Ауа жетпейді» дейді. Дәрігер қолына ине тығып тексерді, сезбеді, – дейді Жанар Ізбасарова.

Жанар Ізбасарова да екпе салуға қарсы болғанын, бірақ қызының «Салдырмасаң, оқуға қабылдамайды. Бәрі салып жатыр ғой, қол қойып берші» деп, «мәтіні бар бір тілім қағаз әкелгенін» айтады.

– Амалсыз қол қойып бердім. Бірақ Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінен сау баламның денсаулығын қалпына келтіруін талап етемін. Қызым осы беті мүгедек болып қалса, не істеймін? – дейді ол.

Ата-аналар «Неге екпені кері әсер берген сәттен тоқтатпады?» деген наразылық айтты. Олардың пікірінше, «екпе салуды сол күні-ақ тоқтатқанда, мұндай жаппай ауру болмас еді». Тұрғындар екпе салдыруға жауапты адамдарды анықтауды талап етіп, Жаңаөзен қаласы прокуратурасына, қалалық ішкі істер бөліміне арыз бергендерін айтты.

ВИДЕО: Екпеден кейін ауырған балалардың туыстары наразылығы

«ҚАЛЫПТЫ РЕАКЦИЯ»

Жаңаөзен қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары Тәттімбет Жұмалиев «екпені еріксіз салдырды» деген ата-аналар шағымын жоққа шығарып, «мектептерде екпеге дейін түсінік жұмыстары жүргізілгенін, ешкімді мәжбүрлеу болмағанын» айтты.

Маңғыстау облыстық ауруханасы жансақтау бөлімі дәрігері Тимур Өтеуғалиев «балалардың жағдайы тұрақты» дейді. Бірақ ол нақты қандай ем шаралары жасалып жатқанын айтпай, «денсаулықты қолдайтын ем жасап жатырмыз» деумен шектелді.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Алмабек Бисен балалардың екпеден кейін жаппай ауруханаға түсуін «ағзаның қалыпты реакциясы» деп бағалайтынын айтады.

Екпе егілген балалардың 10-15 пайызында осындай реакция болады, ал Маңғыстаудағы көрсеткіш 0,3 пайыз болып отыр.

– Екпе егілген балалардың 10-15 пайызында осындай реакция болады, ал Маңғыстаудағы көрсеткіш 0,3 пайыз болып отыр. Сондықтан тұрғындардың қауіптенуіне негіз жоқ, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Алмабек Бисен Азаттық тілшісінің екпенің ауруханаға түскен оқушылар денсаулығына қандай әсері болатыны, сапасы және оны сақтау мен салу шарттарына байланысты сұрақтарына «вакцинаның экспертиза орталықтарына жіберілгенін, оның жауабы әлі келмегенін» айтты.

Маңғыстау облысында қызылшаға қарсы екпе салу ақпанның 16-сы күні басталып, ақпанның 19-ы күні тоқтатылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметіне қарағанда, осы уақыт аралығында Маңғыстау өңіріндегі орта мектептердің 9-11 сыныптарында оқитын 14 мыңнан астам оқушыға екпе салынған. Жалпы, ақпанның 16-сы мен 28-і аралығында 34 мың 900 оқушыға екпе егілуі тиіс болған.

Мұндай оқиға Маңғыстау облысында ғана болып жатқан жоқ. Қызылшаға қарсы екпеден кейін өткен аптада Теміртау медицина колледжінің 18 студенті ауруханаға түсті. Теміртау қалалық прокуратурасы «Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң кәсiптiк мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қызылшаға қарсы екпе салуды республика бойынша наурыздың 2-сіне дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Вакцина экспертизасы мен жаппай ауруханаға түсу оқиғаларын тексеру наурыз айында аяқталмақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үндістаннан әкелінген екпе сапасына күмән келтірмейтінін хабарлады. Дәрігерлер «екпе – қатерлі асқынуларға ұласуы мүмкін қызылша дертінің алдын алудың жалғыз амалы» деп есептейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG