Accessibility links

Жаңаөзенде «екпенің әлегі» басылмай тұр


Жаңаөзендегі қызылшаға қарсы екпеден соң баласы ауруханаға түскен Жанар Ізбасарова. Ақтау, 24 ақпан 2015 жыл.

Жаңаөзендегі қызылшаға қарсы екпеден соң баласы ауруханаға түскен Жанар Ізбасарова. Ақтау, 24 ақпан 2015 жыл.

Жаңаөзенде ақпанның 16-сы мен 19-ы аралығында жасалған қызылша екпесінен соң кейбір жасөспірімдер екінші қайтара ауруханаға түсіп жатыр. Алматы мен Астанадан келген мамандар ата-аналарды сабырға шақырды.

Жаңаөзенде қызылшаға қарсы екпе салынғалы бір айдан асты. Ақпанның ортасынан кейінгі екі апта ішінде қаладан 86 бала денелері жансызданып, талып қалып ауруханаға түскен еді. Жаңаөзен ауруханасында 15 оқушы әлі жатыр. Қайта талып, ауруханаға түсіп шыққан оқушылар да бар. Мамандар дәрігер көмегіне екінші рет жүгінген балалар санын айтудан бас тартты.

Одан бөлек, осы апта әлеуметтік желілерге «әлі күнге талып қала беретін Жаңаөзен оқушылары» деп сипатталған бірнеше видео жарияланды. Ал Жаңаөзенге Алматы мен Астанадан келген мамандар балалар денсаулығының бұрынғы кінәраты туралы диагноз қойып, елді сабырға шақырып отыр.

«​ЕКПЕДЕН ​АЙЫҚПАҒАНДАР»​

Азаттық тілшісі наурыздың 19-ы күні екпеден кейін «талмадан» айыға алмай жатқан жаңаөзендік оқушылар ата-аналарымен сөйлесті. Марал Қалиеваның 10-сыныпта оқитын қызы Гүлдана Ілиясова екпеден соң, ақпанның 26-сы күні, аяқ-қолы тартылып, жансызданып ауруханаға түскен. Анасы қызын ауруханадан наурыздың 17-сі күні өз өтінішімен шығарып алған. Гүлдана енді өз үйінде төсек тартып жатыр.

- Баламызды аяғынан тұрғызып бере ме деп үміттенген едік, - дейді Марал Қалиева.

Ол наурыздың 19-ы күні Жаңаөзенге арнайы Алматыдан келген дәрігердің қабылдауында болғанын айтады.

- Қызыма «қан қысымы төмен, анемия» деген диагнозды бір ай дегенде әрең қойды. Тәбеті жойылып, басы айналып жата берсе, кімнің болсын қан қысымы төмен болмай ма. Енді жүрегі қысылып, шаншитынды шығарды. Білікті маман шақыртуды сұрағанда қойған диагнозы - осы,- дейді ол.

Youtube әлеуметтік желісінде "Жаңаөзендегі екпеден кейін әлі күнге талып қала беретін қыз бала" деп жарияланған видеодан алынған скриншот. 17 наурыз 2015 жыл.

Youtube әлеуметтік желісінде "Жаңаөзендегі екпеден кейін әлі күнге талып қала беретін қыз бала" деп жарияланған видеодан алынған скриншот. 17 наурыз 2015 жыл.

Анасы Гүлдананы «спортшы, волейболмен айналысады, екпеге дейін еш жері ауырмаған бала» деп суреттейді.

Жаңаөзен ауруханасына екпеден кейін екінші рет түскендердің бірі - 11-сынып оқушысы Айзада Кемелханова. Оның анасы Маржан Оразбаева:

- Ауруханаға ақпанның 19-ы түстік. Қол-аяғы жансызданып қалды. Ауруханада қызыма глюкоза, витаминнен өзге ем жасаған жоқ. Наурыздың 6-сына дейін ауруханада жатты, - дейді.

Маржан Оразбаеваның сөзінше, «қызы наурыздың 12-сі қайта талып қалған».

- Есін бір сағат өте ауруханада жиды. Қазір балдақпен жүреді. Екі күнге ауруханадан үйге сұрап алған едім, бірақ бүгін (наурыздың 20-сы) қайта талып, тағы жедел жәрдем шақырдым - дейді ол.

Маржан Оразбаева бір топ ата-ананың Жаңаөзен прокуратурасына ақпанда жазған арыздарына әлі жауап берілмегенін айтты.

- Прокуратура «тексеріп жатырмыз» дейді. Екпеден соң жағдайдың түзелгені шамалы. Көп ата-ана Жаңаөзен дәрігерлері айтарлықтай ем жасамаған соң, балаларын үйлеріне алып кетіп жатыр. Бірақ қайта талып қалып, кері әкеліп жатқандары да көп,- дейді ол.

«ЕКПЕМЕН БАЙЛАНЫСЫ ЖОҚ»

Екпеден соң жағдайы ең ауыр деп саналған жасөсіпірімнің бірі – Жаңаөзен медколледжі студенті Гаухар Қармысова. Ол Ақтаудағы облыстық ауруханадан наурыздың 14-і күні Алматыдағы «Ақсай» балалар ауруханасына жеткізілген. Оның анасы Жанар Ізбасарованың айтуынша, «Алматыға Жаңаөзеннен санитарлық авиациямен жеткізілген төрт балаға да екпемен байланысы жоқ диагноздар қойылған».

- Біріне «бала кезінен неврологиялық сырқатпен ауырады», енді біреуіне «ауруханада басқа ауруларды көріп шок алған», тағы біріне «екпеден соң алты күннен кейін ауырған, екпеге қатысы жоқ» деген қорытынды беріп отыр. Баламды қараған профессор «бала кезден психикалық ауруы бар, отбасындағы жағдай әсер етуі мүмкін» деді,- дейді.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы бастығы Руслан Бектібаев. Ақтау, 18 наурыз 2015 жыл.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы бастығы Руслан Бектібаев. Ақтау, 18 наурыз 2015 жыл.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Руслан Бектібаев наурыздың 19-ы күні Азаттық тілшісіне «Жаңаөзен ауруханасында екпеден соң 15 баланың емделіп жатқанын» айтты. Төрт бала Алматыдағы «Ақсай» балалар ауруханасына, 17 бала Астанадағы «Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығына» жіберілген.

Оның сөзінше, Алматы мен Астанадағы балалар наурыздың 20-сы күні емдеу орындарынан шығарылады. «Олардың денсаулықтары қанағаттанарлық».

- Оларды оңалту үшін Бурабайдағы, Жаңаөзен қасындағы «Кендірлі» сауықтыру орталықтарында тағы екі апта емдеуді ұсындық. Бірақ ата-аналар қарсы болып жатыр, - дейді ол.

Бектібаев Жаңаөзендегі балаларды Алматы мен Астанадан келген дәрігерлер қарап жатқанын айтты. Азаттық тілшісінің диагноздарға қатысты сауалдарына ашуланған ол:

- Несіне сұрай бересіз? Балаларды мамандар қарап жатыр. Әркімнің ауруы тек өзіне айтылады. Біз екпемен байланыстырмаймыз,- деді.

Руслан Бектібаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде таралған видео «шамамен наурыздың 14-і күні түсірілген, ондағы қыз бала қазір облыстық ауруханада емделіп жатыр, жағдайы жақсы». Ол «видео түсірген белгісіз әйелдің ізделіп жатқанын, құқықтық жауапқа тартылатынын» ескерте кетті.

Алматыдағы балаларды оңалту орталығынан келген психолог-реабилитолог Айжан Өмірбаева «Ата-аналардан тыныштық сақтауды сұраймыз. Балаларға барлық жағдай жасалып жатыр. Бірақ олардың денсаулық ақауларын екпемен байланыстырмаймыз. Видеолар жасөспірімдер психикасына кері әсер етеді, ондай ролик түсіруге қарсымыз» дейді.

Жаңаөзен қалалық ауруханасы. Маңғыстау облысы, 17 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен қалалық ауруханасы. Маңғыстау облысы, 17 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда ата-аналар дәрігерлер қойған диагноздардың дұрыстығына күмәнданады. Жаңаөзен іргесіндегі Теңге ауылының 11-сынып оқушысы, екпеден кейін Жаңаөзен ауруханасына түсіп, наурыздың 19-ы күні Ақтауға ауыстырылған Жансая Дүйсенбайдың әкесі Құдайберген Дүйсенбаев:

- Дәрігерлерге сенбейміз. Біздіңше, енді шетелден білікті дәрігер алдыру керек, - дейді.

Маңғыстау облысында қызылшаға қарсы екпе салу ақпанның 16-сы мен 19-ы аралығында жүргізілген. Осы аралықта 14 мыңнан астам балаға екпе егілген. Оның 2 мың 333-і жаңазендік оқушылар. Екпеден соң Жаңаөзенде ауруханаға түскендердің саны 80-ге жуықтаған. Бұдан соң қызылшаға қарсы екпе салуды республика бойынша наурыздың 2-сіне дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Вакцина экспертизасы осы наурыз айында аяқталмақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үндістаннан әкелінген екпе сапасына күмән келтірмейтінін хабарлаған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG