Accessibility links

«Жәрдемақыға мола тұрғыздым»


Жаңаөзенде 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы болған оқиғада балаларынан айырылған (солдан оңға қарай) Төрехан Тұрғанбаев, Алтын Көшерова, Раушан Әлібаева, Рая Юсупова, Маңғыстау ауданы Жармыш ауылы тұрғыны Жәнібек Төлегенов қаза болғандарды еске алып отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 10 желтоқсан 2016 жыл.
Жаңаөзенде 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы болған оқиғада балаларынан айырылған (солдан оңға қарай) Төрехан Тұрғанбаев, Алтын Көшерова, Раушан Әлібаева, Рая Юсупова, Маңғыстау ауданы Жармыш ауылы тұрғыны Жәнібек Төлегенов қаза болғандарды еске алып отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 10 желтоқсан 2016 жыл.

2011 жылы Жаңаөзенде полиция оғынан қаза болған кәмелетке толмаған Рахат Көшеровтің анасы ауруханада баласын іздеп жүріп «бейтаныс жігіттің көз алдында өлгенін, бірақ оның өлгендер тізіміне енбегенін» айтады.

Желтоқсанның 17-сі – жаңаөзендік 55 жастағы Алтын Көшерованың туған күні. Бес жыл бұрын дәл осы күні ол 16 жастағы ұлы Рахат Көшеровтен айырылды. Мұнайшылар ереуілін полиция күшпен баспақ болғанда орталық алаңға кездейсоқ барып, бетінен тиген оқтан көз жұмған жасөспірім ауруханада жан тапсырған. Анасы ұлының көз жұмар алдында бетінен сүйіп, туған күнімен құттықтап үлгергенін айтып егіледі.

«ӨЗІНЕ ТАРТЫП БЕТІМНЕН СҮЙДІ»

Алтын Көшерова ұлының қылықтарын сағына еске алады. Бес жылдан бергі өмірінің «жай тек жүріс» сияқты көрінетінін, денсаулығының мүлде нашарлап кеткенін айтады. Өміріндегі ең сұмдық оқиға болған күні анасы Рахатты ертіп Жаңаөзендегі 2-шағынауданда тұратын туысының асына бармақ болған. Күйеу баласының көлігіне отырып, алаң тұсынан өтіп бара жатқанда әлдекімнің дауыс зорайтқышпен самбырлап «екі миллион теңге беремін» деген дауысты естігендерін айтады.

- Мұнайшылардың ақшасын бере бастаған екен-ау, жақсы болған екен деп ойладым. Сөйтсем, кейін білдім, ол – сол кездегі қала әкімі Орақ Сарбөпеевтің алаңға ағаш үй әкелген кәсіпкерлерге [үй] өртеніп кетсе, екі миллион теңге беремін деп жатқаны екен. Мен туысымның үйінен түсіп қалдым. Рахатым күйеу баламның көлігімен ары қарай кетті. Сол – баламды аман-есен соңғы көргенім, - дейді Алтын Көшерова.

Біраз уақыт өте баласына телефон соққанда, күйеу баласы жауап беріп, Рахатқа оқ тигенін хабарлаған. Алаңда адам атты деген ойды қабылдай алмай баласын іздеп жан ұшырған Алтын бірден ауруханаға келген.

- Аурухананың іші – ығы-жығы. Айнала қанға бөккен. Адамдарды кіргізіп тастап жатыр екен. Жерде жатқандардың бетін ашып қарай бастадым: біреуі – жас бала, екіншісі – әйел адам екен. Екінші қабатқа көтерілдім. «Рахат! Рахат!» деп дауыстап баламды іздеп келемін. Қарсы кездескен медбике баламның басын ұстап бір палатаға кіріп кеткенін айтты, - дейді Алтын Көшерова.​

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан Рахат Көшеровтің үйінде тұрған суреті.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан Рахат Көшеровтің үйінде тұрған суреті.

Алтын баласын Жаңаөзен қалалық ауруханасының үшінші қабатынан тапқан. Төсекке жүрелей отырған Рахат Көшеровті киімінен таныған. «Көзің сау ғой, қай жеріңнен тиді» деп Рахаттың бетін басып отырған қолын алып қалғанда бір жағының үңірейіп қалғанын көргенін айтады. Есінен танып қалған Алтын есін жиғанда коридордың басқа жағында жатқанын біледі.

- Айналып Рахатымның қасына келдім. Дәрігер ауруды басатын дәріні, дәке мен капельница алып келуді тапсырды. Дәріхана бәрі жабық. Бірақ мен жан ұшырып сыртқа жүгіріп кеттім, - дейді ол.

Алтын дәрі-дәрмекті алып жеткенімен дәрігерлер ұлын Жаңаөзенде емдей алмайтындарын айтып Ақтауға жөнелткен.

- Дәрігер Рахаттың бетін тікті. Мен еңкейіп: «Рахатым-ау, жазылып кетерсің, Ақтауға апарайын деп жатыр» дедім. Көз жасымды тартып тұрмын. Ол мені өзіне тартып бетімнен сүйді. «Анашым, бүгін туған күніңіз ғой, құттықтаймын» деді. Есік алдына шықтым. Жедел жәрдем көліктері тізіліп тұр екен. Санадым. 12 екен. Менің баламды носилкаға салып алып шықты. Ақ футболкасымен қара суықта дірдектеп жатты. Ішке кіріп бір қайтыс болған адамның бетіне жабылған одеялды алдым. Етегі қанға шылқып тұр екен. Бұрап сықтым да, сол жерін аяғынан асыра балама жаптым, оны Ақтауға алып кетті, - дейді Алтын Көшерова.

Өң мен түс арасында қалғандай дел-сал күй кешкен ана баласының ерніндегі қан табы бетінде дөңгеленіп қалып қойғанын кейін көргенін айтады.

«СОЛДАТТАР ҚАЗАНЫМДЫ ТӨҢКЕРІП ТАСТАДЫ»

Алтын екі ортаға көлік жүрмей, Жаңаөзеннен Ақтауға әзер жеткенде жансақтау бөлімінде баласының үстіндегі аппараттарды шешіп жатқанын көргенін айтады.

- Мені үстіме арнайы киім кигізіп, «балаңызға кіріңіз» деп, жан сақтау бөліміне кіргізді. Балам биіктеу төсекте жатыр екен. Дәрігер үстіндегі аппаратарды шешіп, башпайына бірдеңе іліп жатыр екен. Балам тірі болмағаны-ау, неге алдады екен дедім. «Операция жасап біткен» екен. Наркозға жас жан бой бермепті. Дәрігер Рахатымды «спортшы ма еді, жүрегі мықты екен» деді. Қолы жып жылы екен. Менің қолымды уысына қысып, кірпігін бір қақты да, көз алдымда үзілді. «Ақ сүтімді кештім!» деп бақырып қатты айқайлап жылағаным есімде, - дейді ол.

Алтын баласының денесін ауылға алып кетуге сұрағанымен аурухананың бірден бермегенін, құйылғанын қанның ақшасын төлеуді сұрағанын айтады. Ақтаудың сыртына шығып жолда қол көтеріп тұрған оны Жаңаөзенге ағылып жатқан әскери көліктердің бірі тоқтап алып кеткен. Ертесінде туыстарымен жабылып жүріп мүрдені ауылға жеткізгенімен дұрыстап арулап көме алмаған.

"Жаңаөзен оқиғасынан" кейін қала көшесін күзетіп жүрген полицейлер. Жаңаөзен. 18 желтоқсан 2011 жыл.
"Жаңаөзен оқиғасынан" кейін қала көшесін күзетіп жүрген полицейлер. Жаңаөзен. 18 желтоқсан 2011 жыл.

- Жағдай болмады. Үйдің айналасында солдаттар тұрды. Балама арнап тіккен киіз үйімді солдаттар бұзып, қазанымды төңкеріп тастады. Рахатымды ораған матасы жалпылдап сыртта жатты. Қара суық жел. Су ысытып әкеліп, картонды қалқалап тұрып, баламды жуып, жерлеуге беріп жібердім. Ескі Өзенге апарып жерледі. Қабірін түнде машина жарығымен қазды, - дейді Алтын Көшерова.

Алтын Көшерова Жаңаөзен ауруханасында баласын іздеп жүргенде көз алдында қаза болған бейтаныс бір жігітті еске алды. Ал жерде тізіліп жатқандарды көргенімен, есінде сақтай алмаған.

- Рахаттың палатасына келгенімде терезенің тұсында бір адам бес литрлік суды көтеріп алып ыңыранып, аузына дәлдей апарып іше алмай отыр екен. Мен көмектестім. Үстінде күпәйкесі бар екен. «Апа, мынаны шешші» деді. Сырт киімін шешкенімде арқасын оқ жұлып кеткен, қан сулап жатыр екен. «Апа менің басым да сау емес, мына суды ішкім келе береді» деді. Медбике келіп жарасын таңды. Әлгі жігіт көз алдымда құлап түсіп, жан тапсырды. Мен оның тегін білмегенмен бет-әлпетін жақсы сақтадым есімде. Ол өлді деп хабарланған 16-ның арасында жоқ, - деді Алтын Көшерова.

Алтын баласын жерлеген соң үлкен психологиялық тоқырауға ұшырап, денсаулығынан айырылғанын айтады. 2012 жылғы қаңтар айында Жаңаөзен оқиғасынан соң құрылған мемлекеттік комиссия өтемақы ретінде қаза боғандардың отбасына бір миллион теңге, ал жаралы адамдарға 500 мың теңгеден берілетінін хабарлаған еді.

Алтын Көшерова ақша туралы әңгіменің баласының құны, оның ерте үзілген ғұмырының өтеуі сияқты сезініп, жүйкесіне қатты тиіп, естігісі де келмегенін айтады.

- Кейін қалалық әкімдікке шақырған соң бардым. Миллион дегенмен менің қолыма тигені тек 600 000 теңге. «Ол неге миллион емес» деп сұрамадым, қалған ақшаның қайда екенінде де шаруам болмады. Алған ақшамен баламның моласын тұрғыздым, - дейді ол.

«ТАҒЫ АТ ДЕСЕ, ТАҒЫ АТАМЫН» ДЕДІ»

Алтын Көшерова Жаңаөзен оқиғасынан кейін «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталған полицейлер сотының барлық отырысына қатысқанын айтады. Сотта Рахат Көшеровті атқан Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі екені айтылды. Бірақ айыпталушы басқа полицейлер тәрізді сотта адам өлтіргенін мойындаған жоқ.

- [Күдікке ілінген полицей] – сары өңді, орысша сөйлейтін бала екен. «Мен Рахатты атқаным жоқ. Мен ешкімнен кешірім сұрамаймын. Маған «Ат!» деді аттым, тағы «Ат!» десе тағы атамын» деді, - дейді Алтын Көшерова.

Рахат Көшеровтің анасы Алтын Көшерова "полицейлер" сотына келіп тұр. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.
Рахат Көшеровтің анасы Алтын Көшерова "полицейлер" сотына келіп тұр. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.

Ол басқа барлық жәбірленушілер тәрізді сотталған полицейлерден баласын жерлеуге жұмсаған материалдық шығынды өтеп беруді талап еткенімен оған қол жеткізе алмағанын айтады. Алтынның сөзінше, Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың туыстары бірігіп полицейлерді өкілетін асыра пайдалану емес, адам өлтіру бабы бойынша соттауды талап етіп сотқа шағымданған. Оларды әділ жазалауды сұрап президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат та жолдаған. Арызданушылардың 2012-2014 жылдар арасында бірнеше рет Маңғыстау облыстық ІІД мен ІІМ-нен моральдық шығын өндіріп беруді сұраған арыздарын облыстық сот қанағаттандырмаған.

Алты бала тәрбиелеп өсірген, жергілікті мұнай зауытында 30 жылдай оператор болып қызмет істеп келе жатқан жалғызбасты ана Алтын Көшерова Рахаты тірі болса, биыл 21-ге келер еді дейді. Қаралы ананың өмірі мезгілсіз өлген ұлының төргі бөлмедегі қабырғаға ілінген үлкен портретіне қарап, қабірінің басына барып дұға етумен өтіп жатыр.

Бас прокуратура дерегінше, 2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен қаласында және ертеңінде Шетпе кентінде болған полицияның мұнайшылар ереуілі мен халық толқуын басу кезінде 16 адам қаза тапқан. Мұнайшылардың биліктен әлеуметтік құқықтарын сақтауды, әділ түрде еңбекақы төлеуді талап еткен бейбіт наразылығы қанды оқиғамен аяқталған. 2012 жылғы мамырдың 28-інде Ақтау қалалық соты Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі адам өліміне байланысты бес полицейді «қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін» соттаған. Сот полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиевты – 7 жылға, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаев пен полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлы және полицияның аға лейтенанты Ринат Жолдыбаевтың әрқайсысын 6 жылға, полиция капитаны Нұрлан Есбергеновты 5 жылға абақтыға кескен. Сотталған полицейлердің барлығы мерзімінен бұрын босап шыққан.

Ал Жаңаөзен оқиғасына байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылы маусымда олардың 13-і үш және жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген, 21-і шартты жаза алған, үшеуі ақталған. Сотталған 13 адам – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов, Роза Төлетаева, Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаев өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. Қазір олар да бостандықта.

XS
SM
MD
LG