Accessibility links

Жаңаөзенде видео түсірілген үйдің тұрғындары қорқып отыр


Мөлшермен Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның халыққа от атқан видеосы түсірілген үй. 17 ақпан 2012 жыл.

Мөлшермен Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның халыққа от атқан видеосы түсірілген үй. 17 ақпан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін полицияның халыққа оқ жаудырғаны туралы алғашқы видео Saule540 деген атпен Youtube сайтына шықты. Ол видео ұялы телефонға тұрғын үйдің терезесінен түсірілген еді. Полиция бұл үйдің тұрғындарын қатты қорқытып тастаған.


Азаттық радиосының тілшісі ретінде мен сол видео түсірілген үйге барған едім. Бірақ тұрғындардың бірде-біреуі сөйлескісі келмеді. Видеоны түсірген адамдар туралы да тіс жарып ештеңе айтпады.

Бұл - менің Жаңаөзенге екінші рет келуім. Бүкіл Қазақстанға, қала берді әлемге қазақ полициясының шектен шыққан қатыгездігін әшкере қылған видеолар Ішкі істер министрлігінің әскері Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін кезекшілікке шықты. 17 ақпан 2012 жыл. Суретті Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген.

Ішкі істер министрлігінің әскері Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін кезекшілікке шықты. 17 ақпан 2012 жыл. Суретті Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген.

түсірілген жерлерді аралап шықтым.

Сол видеолар арқылы жұрт 2011 жылы 16 желтоқсанда полицейлердің халыққа соғыс патрондарын атқанын, жараланып, құлаған жерлерінен тұра алмай жатқан Қазақстан азаматтарын резина сойылмен аяусыз сабағанын, кейбір ереуілшілердің оқ тиген бетте жантәсілім еткенін көрді. Өздерінің заңда көрсетілген құқықтарын қорғаған мұнайшылардың ереуілі осылайша қантөгіспен аяқталды.

Сол күні Жаңаөзенде кемінде 16 азамат қаза тауып, жүз қаралы адам жараланды.

Жаңаөзенге барған бетте мен полицейлердің халыққа оқ жаудырған видеосы түсірілген пәтерге кіріп-шықпақ болдым. Ол видео Saule540 деген интернет-тұтынушының атынан Youtube сайтына шыққан еді. Дәл осы видеодан жұрт полицейлердің Жаңаөзенде халыққа оқ жаудырып қана қоймай, жаралыларды ұрып-соққанын көрді. Видеода аяғына оқ тиген бірнеше жігіт жанталаса қашуға тырысады, бірақ әл-дәрмені құрып, ақыры полицейлер соққысының астында қалады.

Полицияның сол күнгі әрекеті түсірілген Saule540 видеосының авторы кім? Аман-есен бе? Аман болса, қазір қайда жүр? Шерушілер оққа ұшқан көріністі түсірген сәтте қасында тұрған әйел адамдар қайда? Бұл сұрақтардың жауабын ешкім білмейді. Билік желтоқсан айында видео түсірілген пәтерді таптық деп мәлімдеді. Бірақ, пәтер тұрғындарының қайда екенін анықтай алмады. Saule540 пен қасындағы кісілер туралы бұдан өзге хабар жоқ.

SAULE-540-ТЫҢ ПӘТЕРІН ІЗДЕУ

Жаңаөзен қаласы да Ақтау сияқты бір үлгідегі «советтік ықшамаудандардан» тұрады. Көпқабатты панелді үйлердің, бұрын біркелкі болған, қазір әртүрлі әйнектер салынған терезелері, тіпті ара-тұра кездесетін кірпішпен бітеп тастаған балкондар көңіл құлазытады. Жаңа заманның бір белгісі – жыпырлаған спутниктік тәрелкалар қалқайып тұр.

Егер әлдебір үйге, мысалы Жаңаөзеннің үшінші ықшамауданында орналасқан 33-үйге жетуіңіз керек болса, таксистке «3 те 33» десеңіз болды, ол қайда бару керек екенін бірден түсінеді.
Мөлшермен Жаңазөен оқиғасы туралы Saule540 деген атпен интернетке шыққан алғашқы видео түсірілген үй. Ол видеода полицияның халыққа оқ жаудырып, жараланған адамдарды соққының астына алғандары анық көрінеді. 17 ақпан 2012 жыл. Суретті Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген.

Мөлшермен Жаңазөен оқиғасы туралы Saule540 деген атпен интернетке шыққан алғашқы видео түсірілген үй. Ол видеода полицияның халыққа оқ жаудырып, жараланған адамдарды соққының астына алғандары анық көрінеді. 17 ақпан 2012 жыл. Суретті Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген.


Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның халықты қалай атқанын ұялы телефондарына жазып алған әйелдер шамамен үшінші қабатта тұрған. Ол видеода кем дегенде үш адамның даусы естіледі. Мұқият тыңдаған адам үлкен екі әйел мен жас қыздың сөздерін естиді. Ол жерде әжесі мен немересі болғанын да шырамытады. Олар әуелде полицейлер «зиянсыз» патрондармен атып жатыр деп ойлайды. Бірақ оқ тиген адамдардың құлап, тіпті, кейбірінің қимылсыз қалғанын көрген кезде олардың зәресі ұшады.

Қашып кете алмай, қиналып жатқан жаралының басынан полицейлердің резина сойылмен бар күшімен ұра бастағанын көргенде оларды үрей билеп кетеді. Жаралыларға жаны ашып кеткен қыз баланың «Ол неге қашпай жатыр?» дегені де анық естіледі. Оған әйелдердің бірі «Аяғынан оқ тисе қайтып қашады?» дейді. Қыз баланың «Неге өлтіреді?» деген сұрағы жауапсыз қалады.

Бұл видео Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да, ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың да, бас прокуратураның да «Жаңаөзенде полиция бұзақылар мен тонаушыларға қарсы қару қолданды», «полиция заң аясында әрекет етті» деген ресми мәлімдемелерін үзілді-кесілді теріске шығарды.

Атылғандар бұзақы-тонаушылар емес, мұнайшылар болып шықты. Бұл видео биліктің Жаңаөзенге қатысты бүкіл риторикасын өзгертті. Енді олар «кейбір полицейлер қызмет бабын асыра пайдаланды, тәртіпке саламыз, жазаларын тартады» деген мағынада басқаша сөйлеуге мәжбүр болды.

Saule540 бұл видеоны Жаңаөзендегі үшінші ықшамауданның 33-үйінен түсірді деген жорамалды растайтын айғақ - кадрдың оң жақ шетіне осы үйге қарама-қарсы тұрған «Өзенмұнайгаз» компаниясының ғимараты түсіп қалған. Кадрдың сол жақ шетінен 1989 жылы жазда Жаңаөзенде болған қанды оқиғаға қойылған ескерткіш-бағанды байқауға болады.

Бұдан бөлек, бейнекадрде үйдің қасында өсіп тұрған ағаштың бұтағы бар. Сол ағаштың қасындағы терезелердің биіктігін видеомен салыстырсақ, бейнежазба үшінші қабаттың сол жақ шеткі терезесінен түсірілгенге ұқсайды.

ҚОРҚЫП ҚАЛҒАН ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫ

Осындай қарапайым тәсілмен пәтердің қай қабатта екенін есептеп шығып, Saule540 атты видео түсірілген үйге кіріп-шықпақ болдым. Ол үшін ғимаратты айналу керек екен. Есігі аула жағында болып шықты. Аулаға екі үйдің ортасындағы жіңішке жолмен өттім.

33-үйді мына видеодан көре аласыз:



Мен Жаңаөзенге ақпанның ортасында бардым, қалада қақаған аяз тұрды. Үйдің кіреберіс есігіне тақай берген кезімде ішкі істер министрлігінің сарбаздарын байқадым. Олар сол жерде үнемі кезекшілікте тұрады екен. Аңдушылар ақпанның аязды күні үйдің ық жағында күнге жылынып тұрды. Менің видеоға түсіріп жатқанымды байқаған бетте олар үйдің қалқасына тығыла қалды.

Видео түсірілді деп болжаған пәтерімнің нөмірі 69 болып шықты. Есікті жас келіншек ашты. Ол кісі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Менің пәтер терезесінен «көше мен ғимараттарды түсіріп алайын» деген өтінішімді де қабыл алмады. Келіншек маған қауіпсіздік органдарының адамдарынан әбден шаршағанын айтып, есігін жауып алды.

Өзін «Аида» деп таныстырған көрші пәтердің тұрғыны да үйінен Жаңаөзен оқиғасы болған күні ешқандай бейнежазба жасалмағанын айтты. Бірақ ол да «мазасын алуға болмайтын сырқат анасын» айтып мені пәтеріне кіргізбеді.

Мен оған терезеден көшені ғана түсіріп алатынымды барынша түсіндіруге тырыстым. Ол өзіне де, туыстарына да «қиындықтар» керек емес екенін айтып, өтінішімді қабылдамады.
Мөлшермен Жаңаөзенде полицияның халыққа оқ жаудырған сәті туралы видео түсірілген пәтер. 17 ақпан 2012 жыл.

Мөлшермен Жаңаөзенде полицияның халыққа оқ жаудырған сәті туралы видео түсірілген пәтер. 17 ақпан 2012 жыл.


Осы үйдің төртінші (соңғы) қабатындағы 73-ші және 74-ші пәтерлердің терезелері де көшеге қарайды. Алғашқысы жабық болып шықты. Мен 74-ші пәтерге бұрыла бергенімде ол пәтерге 12 жас шамасындағы қыз бала келді. Оған бір жас келіншек есік ашты. Бірақ ол да пәтерінен көше көріністерін түсіріп алу туралы өтінішімді қабыл алмады.

ЕКІНШІ ВИДЕО ТҮСІРІЛГЕН ЖЕР

Мен Жаңаөзен оқиғасы болған көшеге қайтып оралдым. 1989 жылы болған Жаңаөзен оқиғасының ескерткішіне көзім түсті. Бағанда тігінен жазылған «17.VI.1989» деген жазу бар екен. Жаңаөзендіктер бұл бағанды сол жылғы трагедияның ескерткіші санайды. Жаңаөзенге ол кезде де әскер әкелініп, билік төтенше жағдай жариялаған. Жаңаөзендегі 1989 жылғы оқиғалардың да жұмбақтары мен ақтаңдақтар тұстары көп.

Жаңаөзен оқиғасы туралы екінші видеодан осы ескерткіш-бағанның түбіндегі оқиғаны көреміз. Оны шерушілердің бірі ұялы телефонмен түсірген сияқты. Ол видеода екі жаралы жігітті жұрт көтеріп әкеп ескерткіштің түбіндегі тас композицияның жиегіне жатқызады.

Кеудесіне оқ тиген жігіт сол жерде жантәсілім еткенге ұқсайды. Өйткені, ереуілшінің бірі оның көзін жауып кетеді. Екінші жаралының аяғынан оқ тиген. Ол жантүршігерлік дауыспен «Аяғым-ай, аяғым-ай» деп айғайлап жатыр. Видеодан ер адамның «Қашудың керегі жоқ!» деген даусын анық естуге болады. Желтоқсан айы болса да Жаңаөзенде қар жаумағаны да көрініп тұр.

Мен ескерткіш-бағанның түбіндегі цемент жиекті композицияны түсіріп алдым. Олар қарға көміліп жатты. Жиектің шамамен мәйіт жатқан тұсына біреулер тас үйіпті. Ол 16 желтоқсанда көтеріліс алаңында қаза тапқан адам. Жаңаөзен, 2011 жыл. Скриншот Ютуб сайтынан алынды.

16 желтоқсанда көтеріліс алаңында қаза тапқан адам. Жаңаөзен, 2011 жыл. Скриншот Ютуб сайтынан алынды.

тастарға ешкім тиіспеген. Мен Жаңаөзенде бір апта болдым. Мен кеткенше ол тастарға тірі жан тиген жоқ. Менің бойымда ол тастарды дәл сол жерде қаза тапқан марқұмның рухына арнап қойған сияқты сезім болды.

Енді бұл ескерткіш-бағанға қараған адам екі бірдей қаралы күнді еске алады. Ол - 1989 жылғы маусымның 17-сі мен 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы.

Бұл баған Жаңаөзен оқиғасы түсірілген үшінші видеода да бар. Ол бейнежазба бірінші ықшамаудандағы 37-үйдің төбесінен түсірілген.

ҮШІНШІ ВИДЕО ХАҚЫНДА

Бірінші ықшамаудандағы 37-үй екі көшенің қиылысында, бұрышта тұр. Бұл видеода полицейлер ереуілшілерге қарай жылжып бара жатады. Кадрдың оң жақ шетінен көкшіл түсті орталық аурухананы көруге болады.

Осы үйдің төбесінен түсірілген видеода қарулы әскердің көшенің екінші бетіндегі адамдарды да атқаны және даңғылмен түзу жүріп жасаған шабуылы көрініп тұр.

Осы үйге қарама-қарсы, даңғылдың арғы бетінде, ұзын төртқабатты үй орналасқан. Одан ары, оңға қарай, бір-біріне қырымен тұрған, көгілдір үйлердің қатары көрінеді. Олар үшінші ықшамауданға жатады.
Полицейлердің ереуілшілерге қарай жылжып бара жатқаны түсірілген 37-үй. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.

Полицейлердің ереуілшілерге қарай жылжып бара жатқаны түсірілген 37-үй. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.


Көгілдір үйлердің артынан кірпіштен салынған төртқабатты 33-үй де көрініп тұр. Оның алдында жоғарыда айтқан ескерткіш-бағанды да тануға болады.

16 желтоқсанда түсірілген видеолардың ракурстерін анықтау үшін бірінші ықшамаудандағы 33-үйдің төбесінен іргелес көше мен даңғылдың қиылысын түсіріп алмақ болдым. Осы мақсатпен мен осы үйдің шеткі подъезіне кірдім.

Үйдің кіреберіс дәлізінде аңызақ жел ұлып тұр. Терезелері шағылған, керегелеріне айғыз-айғыз суреттер салынған, сылақтары түсіп жатыр. Бұл үйді біреулер арнайы ойрандап кеткендей сезімде болдым. Алайда жоғарғы қабаттан түсіп келе жатқан қолында сәбиі бар жас келіншек менің «бұл үйде ешкім тұрмайтын шығар» деген ойымды теріске шығарды. Бұл үйді ешкім де ойрандамаған, оның осы күйде болғанына бірталай жыл өткен екен. Келіншек бұдан ары да бұл үйдің тозып, талқандала беретінін айтты. Ол төменге, мен жоғарыға кеттім. Алайда үйдің төбесіне шығатын люк мүлде жоқ болып шықты.

37-үйдің қазіргі жағдайын мына видеодан көре аласыз:




Амалсыз аулаға қайта шығып, екінші дәлізге беттедім. Қарсы алдымнан осы үйдің бір тұрғыны кезікті. Менің қолымдағы бейнекамерадан журналист екенімді болжаған ол бірден шенеуніктердің бұл үйді жөндеуге бөлінген ақшаны талан-таражға салғанын, ал қазір үйдің апатты жағдайда тұрғанын, бетон баспалдақтың шамамен 10 сантиметрге шөгіп кеткенін, көп кешікпей опырылып құлап, біреуді басып қалатынын айтты. Бұл дәліз алдыңғыдан бетер бытқып жатты.

Соңғы қабатқа жеткен кезде люкке шығатын саты жоқ екенін көрдім. Мен әлгі тұрғынның иығына шығып, люкті ашпақ болдым, оның бойы үйдің төбесіне шықпақ түгілі, люкке қол жеткізу үшін де тым аласа болып шықты. Үйдің төбесіне шыға алмай, дәліздердегі былғаныш пен бытқымаға «көзім тойып» кері қайттым.

Мұнайшылар қаласындағы коммуналды шаруашылыққа бөлінген бюджет қаражатын «шенеуніктер ұрлап бітірді» деген жаңаөзендік тұрғынның сол сөзі Алматыға менімен бірге ілесіп келгендей. Мен Алматыға жеткенде БАҚ арқылы «Жаңаөзен қаласын көркейтуге арналған ірі қаражатты жымқырды деген айыппен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов тұтқындалды» деген хабар тарап жатты. Мұның алдында, Жаңаөзеннің бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбөпеев қамауға алынған еді. Оларға «қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлаған» деген айып тағылды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG