Accessibility links

Ірі банктерді мемлекет меншігіне күштеп алу – банктердің алдында ереуіл өткізумен қатар басталды


"Лайықты баспана үшін!" қозғалысының жетекшілері Эльмира Искакова мен Николай Комаров "Альянс -банктің" алдындағы пикетте. Алматы, 28 қазан, 2008 ж.
"Лайықты баспана үшін!" қозғалысының жетекшілері Эльмира Искакова мен Николай Комаров "Альянс -банктің" алдындағы пикетте. Алматы, 28 қазан, 2008 ж.

Ипотекалық несиеден берешегі бар үлескерлердің Алматыдағы ереуілдері күштеп таратылмай, тып-тыныш аяқталып жатыр. Оппозиция ол ереулдерден бойын аулақ салды.

Ресми билік өзінің үйреншікті әдетіне басып, ешкімді күштеп қуып таратпады. Енді бюджет қаржысы мен қаржы нарығының өзін бөлісу басталуы да ғажап емес.

“Халыққа баспана қалсын!” қозғалысының белсенділері Қазақстанның жетекші банктерінің алдында ереуіл өткізуін жалғастыруда. Ал осы кезде үкімет жекеменшіктегі ең ірі 4 банкке ұсыныс жасады, банктер болса ол ұсыныстан бас тарта алмайтын сияқты.

Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры Меруерт Махмутова “банктердің дауыс құқына ие 25 %-дық акциясын сатып алуын үкімет “халықтың тілегі” деп көрсетуі мүмкін деп есептейді.

Меруерт Махмутова Азаттық радиосына берген сұхбатында: “Премьер-министр Кәрім Мәсімов айтқан ұсыныс, менің ойымша, үзілді-кесілді шешім емес. Менің есептеуімше, үкіметтің ұсынысын қабылдау, қабылдамауды әр банктің өзі шешуге тиіс”, -деп мәлімдеді.

Тәуелсіз экономист, "Ракурс" экономикалық сараптау Орталығының директоры, бұрынғы вице-премьер Ораз Жандосовтың пікірінше, жекеменшікті банктердің капиталына мемлекеттің кіруі туралы премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған үкіметтің шарасы, кештеу болса да, қазіргі таңда дұрыс болуы мүмкін. Ондай шара қажет, өйткені бұдан бұрын ешқандай іс-шара қабылданған жоқ.

Оның атап көрсетуінше, соңғы 2 айда – қыркүйек пен қазанда - ақша салатын жеке адамдардың да, заңды тұлғалардың да банктерге деген сенімдері күрт азайды. Ол депозиттердің кемуінен анық байқалды. "Ал бұл, -деп есептейді тәуелсіз сарапшы, - өте қауіпті құбылыс. Бұл құбылыстың бетін қайтарудың ең төте жолы – мемлекеттің банк капиталдарына кіруі".

Үкіметтің өткен сейсенбі, 28 қазандағы мәжілісінде премьер-министр Кәрім Мәсімов Қазақстанның қаржы жүйесін қалыптастырушы 4 банкіне олардың акционерлік капиталдарына қосымша қаржы салу туралы ұсыныс бергенін хабарлады.

Мәсімовтің сөзіне қарағанда, “қаржылық бақылау Агенттігі әзірлеген нұсқауларға сәйкес, үкімет жүйе қалыптастырушы 4 банк – “Альянсбанк”, “БТА банкі”, “Халық банкі” және “Қазкоммерцбанк” акционерлеріне аталған банктердің капиталдарын нығайту мақсатымен акционерлік капиталдарына қосымша қаржы салу туралы ұсыныс жасады”.


Ұсыныс бойынша, қосымша капитал салу - барлығы 5 млрд. долларға жай және құнды акцияларды сатып алу арқылы іске асырылады. Қазіргі акционерлерге жаңадан шығарылатын жай және құнды акцияларды бірінші болып сатып алу құқы беріліп, ол ақша банктердің қаржылық тұрақтылығын сақтауға жететіндей қосымша капитал салуға мүмкіндік береді.

“Егер банктерді қазіргі акционерлерінің дереу капиталдандыратындай мүмкіндігі болмаған жағдайда, -деп ескертті премьер-министр, - онда мемлекет банктің акционері болуға дайын және мұндай жағдайда мемлекет банк акцияларының бақылау пакетін сатып алуды жоспарламайды”.

Осы жоспарды жүзеге асырудың нәтижесінде аталған 4 банктің дауыс құқына ие 25 %-дық акциясы мемлекеттің меншігіне өтеді. Кәрім Мәсімов хабарлағандай, аталған 4 банктегі мемлекет мүддесін “Самұрық-Қазына” Ұлттық игілік Қоры қорғайтын болады. 4 банктің дауыс құқына ие 25 %-дық құнды қағаздарын сатып алу үшін мемлекет Ұлттық игілік қорын капиталдандыруға 5 млрд. доллар қаржы бөлді.

Алайда, экономикалық сарапшы Меруерт Махмутова мәлімдегендей, мемлекет жақсы меншік иесі бола алмай отыр." Мысалға, 2002 жылдан бері қарай, яғни экономика қарқынды дамыған кезеңде, үкімет ірі компаниялардағы мемлекеттік акциялардың қалдықтарын ысырап қылды. Сондықтан да дәл қазір аталған банктердің акцияларын сатып алуға 5 млрд. долларды шашып-төгу тиімсіз,-" деп есептейді Меруерт Махмутова.

Экономист Махмутова “үкімет бұл әрекетін мемлекеттің мұң-мүддесін қорғау деп көрсетуге тырысады, бірақ өз басым үкіметтің кімнің мұңын мұңдап отырғанын көрмей отырмын” деп мәлімдейді.

Тағы бір белгілі сарапшы, бұрынғы вице-премьер Ораз Жандосовтың білдірген өкінішіне қарағанда, үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-шараларының бағдарламасы осы күнге дейін жоқ, болса, онысын әлі жариялаған да жоқ.

Жүйе қалыптастырушы банктердің капиталдарына кіру қадамы қажетті шара, -деп санайды бұрынғы вице-премьер, - бірақ ол дағдарыс бағдарламасының құрамдас бір бөлігі ғана, өзге бөліктері тіпті бұлыңғыр.

"Оның өзінде де, -деп атап көрсетті Ораз Жандосов, - дағдарысқа қарсы бағдарлама үнемі құбыла береді – біресе стресс активтерінің қорын құру туралы сөз көпіртілсе, бір апта бұрын премьер Кәрім Мәсімов қаржының басым бөлігін ауылшаруашылығына жұмсау керек дегенді айтып қалды.

Тұтастай алғанда Ораз Жандосов үкіметтің іс-қимылын жай өрт сөндірушілерге емес, “толық жасақталмаған өрт сөндірушілер командасына” теңейді.

Қазақстандағы ең ірі 4 банктің акцияларын сатып алу ұсынысы жарияланған үкімет мәжілісінен санаулы күн бұрын ғана “Халыққа баспана қалсын!” қозғалысының бесенділері “Халық банкі” мен “Тұран Әлем Банк” кеңселері алдында ереуіл өткізді, ал үкімет мәжілісі өткен күні “Альянс банктің” алдына жиналды.

Соған байланысты Меруерт Махмутова Қазақстанда ондай кез-келген шараны қолдан ұйымдастыра салу оңай деп есептейді. Ол совет дәуірінде коммунистік үстемдіктің көп қолданған “бұқара халықтың тілегі бойынша” деген үндеуін есіне алады. Ал ендігі жерде коммерциялық банктердің дауыс беру құықына ие 25 %-дық акциясын сатып алуын да “бұқара халықтың тілегі” ретінде көрсетуі ықтимал.

Дегенмен де экономист Меруерт Махмутова “аталған банктердің акцияларын сатып алудан көп пайда көрмейді” дей келе
– Менің есептеуімше, банктердің қожалары қордаланып қалған проблемаларын өздері-ақ шеше алады. Қазіргі ахуалдың асқынбауына жол бермейтін мүмкіндік әлі де бар,- деп атап көрсетеді.

Оған қоса қоғамдық проблемаларды сараптау Орталығының директоры үкіметтің берген ұсынысының астарында белгілі бір қаржы-өнеркәсіп тобының немесе топтарының мүддесі жатуы мүмкін екенін де теріске шығармайды.
– Біздің елде бизнес пен мемлекеттің, атап айтқанда кәсіпкерліктің жекелеген өкілдері мен үкіметтің жекелеген мүшелерінің өзара тығыз байланыстылығы және көбіне олардың бір тұлға екені құпия емес. Міне сондықтан да бұл жерде біреудің мұң-мүддесінің жатқанында дау жоқ... әйтпесе жекеменшікті банктердің акцияларын сатып алуға жайдан-жай 5 млрд. доллар қаржыны шаша салмайды ғой...


Үкіметтің сейсенбідегі мәжілісінің ізінше қаржылық бақылау Агенттігінің (ҚБА) төрайымы Елена Бахмутова: “Қазақстанның қаржы жүйесін қалыптастырушы банктері үкіметтің ұсынысын қабылдағаны дұрыс (!), ол банктердің қаржылық ахуалы үшін де, экономиканы несиелендіру үшін де пайдалы болады”, -деп мәлімдеді.

ҚБА-ның төрайымы Елена Бахмутованың бұл сөздері өз акцияларын үкіметтің сатып алуына банктердің келісуден басқа жолы жоқ дегенді білдіре ме? Ол жағы белгісіз.

Бірақ Меруерт Махмутова мемлекеттің меншігіне бакнтердің дауыс беруші акцияларын күштеп сатып алуға болмайды деп санайды. Егер банктердің өздері тілек білдірмесе, мемлекеттің ондай қадамға баруы дұрыс емес.

Ал Ораз Жандосовтың айтуынша, кез-келген мемлекетте Үкіметі, Ұлттық банкі арқылы бірінші жане түпкілікті несие беруші әрқашан да мемлекеттің өзі болып табылады. Сол себепті де кез-келген елде және ылғи да банктер мемлекеттің ұсынысымен келіседі. Қазақстанда да дәл солай болады.

Қазақстанның кейбір тәуелсіз басылымында елде жекеменшік банктерді тартып алу басталды және жаңа ғана қабылданған заңдарға сәйкес, мемлекеттің тартып алуы немесе рейдерлік жасауы заңдастырылды деген пікірлер жарық көре бастады.

Бұрынғы вице-премьер, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ораз Жандосов ондай пікірмен, бір жағынан келіседі, екінші жағынан келіспейді.
– Бір жағынан алғанда, шынында да, біздің елдегі авторитарлық саяси жүйеге және осы саяси режимнің бақылауына толық бағына қоймаған ошақтары сақталған оның экономикасын алып қарасақ, оның ішінде жекеменшік банктер де бар және тек банктер ғана емес, онда тарихи тұрғыдан бұлай ұзақ жалғаса беруі мүмкін емес – не авторитарлық саяси билік барлығын да қадағалауы тиіс, не өзінің экономикалық жүйесіне немесе ең болмағанда оның бір бөлігіне көбірек лайық болу үшін саяси режимнің өзі өзгеруге мәжбүр болады.
XS
SM
MD
LG