Accessibility links

Ереуілшілер Кәрім Мәсімовке енді Twitter арқылы хат жазып жатыр


Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылардың Twitter жазбалары. 24 тамыз 2011 жыл.

Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылардың Twitter жазбалары. 24 тамыз 2011 жыл.

Бірақ билікке сөздерін осы амалмен жеткізбек болған Жаңаөзен мұнайшылары "әзірше талпынысымыз сәтті болмай тұр" дейді.


Тамыз айының ортасынан бастап Twitter әлеуметтік желісін қолдана бастаған Жаңаөзендегі мұнайшылары қазір жиырмаға жуықтаған. «Ондағы мақсатымыз – мәселемізге биліктің назарын аударту еді» дейді мұнайшылар.

@KarimMassimov ЖАУАП БЕРМЕДІ

– Баяғы тұрыс – сол тұрыс. Ешқандай жаңалық жоқ. Соны қолымыздан келгенше әркімге айтуға тырысып жатырмыз, – дейді мұнайшы Жолдасбай Азаматов.

Оның айтуынша, мұнайшылардың көбі туиттерге жазбаларын телефон арқылы орнатады. Мұндай қызметті елдегі басты ұялы байланыс операторлары осы жылдың көктемінде қосқан еді.

– Көбіне телефонмен хабарлама ретінде жазып жібереміз 4040 нөміріне. Көбісінің мұны да істеуге жағдайы жоқ, – дейді мұнайшы Жолдасбай Азаматов.

Бірақ мұнайшылардың біразы жаңа технологияның мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарайды. «Басты себеп – биліктің үнсіздігі» деседі олар.

Мұнайшылар арасындағы белсенді туиттерші Роза Төлетаева премьер-министр Кәрім Мәсімовке, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға арнап
Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылардың Twitter жазбалары. 24 тамыз 2011 жыл.

туит-хат жазғанын, әзірше еш жауап жоғын айтады.

«@KarimMassimov ереуілдеген мұнайшыларды жұмыстан шығарғанша, дарынсыз шенеуніктерді қызметтен босатыңыздар. Келісімге жиналуды талам етеміз» деп жазды @zhanaozen (Роза Төлетаева) тамыздың 17-сі күні Қазақстан премьер-министрінің Twitter парағына.

Мұнайшылар сауал қойған билік өкілдерінің арасында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «Нұр-Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин, мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықова да бар.

«КЕРЕГІМІЗ ЖОҚ СИЯҚТЫ»

– Осында отырғанымызға үш ай болды. Мемлекетке керегіміз жоқ сияқты, – дейді тауы шағылған Роза Төлетаева тамыздың 23-і күні Азаттық тілшісіне.

Мұнайшы Жолдасбай Азаматов билік өкілдері «өз мәселелерін қозғағанша бір уақыт халықтың да мәселесіне назар аударса» деген тілек айтады.
Ереуілші мұнайшылардың Twitter жазбалары. 24 тамыз 2011 жыл.

– Мысалы Бекболат Тілеухан Меккеге барғанын жазады. Мәсімов қайдағы жоқ бірдеңелерді жазады. Жіберген сұрақтарға жауап бермейді. Әйтеуір тырысып жатырмыз, – дейді туиттерші мұнайшы.

Маңғыстау облысындағы ереуіл басталғалы үш айдан астам уақыт болды.

Мұнайшылар үш ай жалақы көрмеген кейбір ата-аналардың балаларын жаңа оқу жылында мектепке беруден бас тартып отырғанын айтады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG