Accessibility links

Мұнайшы қызының өліміне қатысты үкім шықты


Жансәуле Қарабалаеваны еске алуға келген бойжеткен. Алматы, 9 қыркүйек 2011 жыл.
Жансәуле Қарабалаеваны еске алуға келген бойжеткен. Алматы, 9 қыркүйек 2011 жыл.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық соты ереуілші мұнайшының қызы, өткен жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болған Жансәуле Қарабалаеваның өліміне қатысты үкім шығарды

Белсенді мұнайшы Құдайберген Қарабалаевтың қызы, 2011 жылы тамыз айында 18 жасында қайтыс болған Жансәуле Қарабалаеваның өліміне қатысты сот үкімі бүгін шықты. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Құдайберген Қарабалаевтың өзі хабарлады.

Істі қараған судья Руслан Тасмамбетов Жансәуле Қарабалаеваны өлтірді деп айыпталған Бекнияз Әбішевті 18 жылға, Бақытжан Жәкетовті 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жәкетовке кесілген жазаны оның анасы Мейрамгүл Жәкетова да растады. Дегенмен, "балам кінәлі емес" деп санайтын ол үкімге қарсы шағымданатынын айтты.

Сот жабық жағдайда өтіп, журналистер қатыстырылмады. Құдайберген Қарабалаевтың айтуынша, "сот әділ үкім шығарған".

Азаттық тілшісі үкімге қатысты түсінік беруді сұрап, облыстық сотқа хабарласқан еді. Бірақ мекеме телефондары жауап бермеді.

Бұдан бір жылға жуық уақыт бұрын маңғыстаулық мұнайшылар еңбекақы мәселесіне байланысты ереуілге шыққан еді. 2011 жылы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасына дейін созылған ереуіл барысында мұнайшылар белсендісі Жақсылық Тұрбаев, ереуілші Абай Әбенов, ереуілші Құдайберген Қарабалаевтің қызы Жансәуле Қарабалаева беймәлім жағдайда көз жұмған.

Жаңаөзен мұнайшылары Жансәуле Қарабалаеваның өлімін әкесінің белсенділігімен байланыстырған.
XS
SM
MD
LG