Accessibility links

Боқаев пен Аянды марапаттау машақаты


Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аянның сот залында түсірілген суреттері. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аянның сот залында түсірілген суреттері. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Белсенді Жанболат Мамай «заңсыз митинг ұйымдастырды» деп сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға қоғам атынан «Халық батыры» атағын беретіндерін хабарлаған. Енді ол шара өткізетін орындарға қысым жасалып, зал табудың қиындап тұрғанын айтады.

Жанболат Мамай жер реформасына қарсылық митингілерін «заңсыз ұйымдастырды» деп айыпталып, әрқайсысы бес жылға сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға «Халық батыры» қоғамдық сыйын тапсыратындарын» желтоқсанның 5-і хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды

Белсенді «...жерді қорғаған азаматтарды тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Халық батыры» атағымен марапаттау керек... мемлекет керісінше оларды бес жылға соттап отыр» деп, қоғам сыйын тапсыру салтанаты желтоқсанның 17-сі сағат 12-де Алматыдағы «Астана» отелінде өтетінін» айтқан. Ол әлеуметтік желі қолданушыларын да шараға қатысуға шақырған.

«ШАРАНЫ БОЛДЫРМАУ ҮШІН БИЛІК ЖАСАП ОТЫР»

Бірақ ол желтоқсанның 7-сі күні Facebook-те «Астана» отелі әкімшігінен хабарласқан «Мира» есімді қызметкердің алдын-ала жасалған келісімнен бас тартып, төлеген ақшаларын қайта алып кетуін сұраған дауыс жазбасын жариялады. Екі күннен кейін мұндай оқиға «Қазжол» қонақүйі тарапынан да қайталанған. Жанболат Мамай өзіне хабарласқан «Қазжол» қонақүйі қызметкерінің «басшылық конференция залын желтоқсанның 15-і мен 18-і аралығында ешкімге жалға бермеңдер деді» деген ақпаратын хабарлады. Белсенді мұны «билік патриоттарды қолдайтын айтулы шараны болдырмау үшін бәрін жасап жатыр» деп түсіндіреді.

Азаматтық белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

- Тағы да үш-төрт жерге бардық. Бәрі «желтоқсанның 15-і мен 18-і аралығында тойдан басқа қоғамдық-саяси мәні бар шаралар үшін конференция залдарын жалға бермеу» туралы басшылық нұсқауы бар екенін айтып, бас тартты. Меніңше, олардың басшыларына ұлттық қауіпсіздік комитетінен (ҰҚК), аудан, қала әкімдіктерінен тапсырма келеді. Әйтпесе, ақшасы төленген, келісілген шарттан олар неге бас тартады? – дейді Жанболат Мамай.

«ЕШКІМ ЕШҚАНДАЙ НҰСҚАУ БЕРМЕДІ»

Аталған қонақүйлер қызметкерлері Азаттық тілшісі хабарласқанда «өздеріне сырттан ешкім нұсқау бермегенін» айтты. Өзін «Астана» отелінің супервайзерімін теп таныстырған әйел адам:

- Ол күні бір жақсы банкет болады күндізден кешке дейін. Менің кінәм. Маған айтылған еді. 16-сынан бастап ары қарай конференция алма деп. Мен ұмытып кетіп, оны алып қойғам. Кейін қайтадан бас тартуға тура келді, - деді.

Желтоқсанның 17-сі күні балалардың жаңа жылдық шырша мерекесі өтуі себебінен біз конференция залын оларға бере алмайтынымызды айттық.

Ал «Қазжол» қонақүйі әкімшілігіндегі сату бөлімінің өзін «Салтанат Мырзағалиева» деп таныстырған қызметкері:

- Желтоқсанның 17-сі күні балалардың жаңа жылдық шырша мерекесі өтуі себебінен біз конференция залын оларға бере алмайтынымызды айттық, - деп жауап берді.

Азаттық тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне де хабарласты. Өзін «бастықтың көмекшісімін» деген «Талғат» атты азамат «Қонақүйлер өздерімен өздері емес пе? Сұрағыңызды түсіндім, бастыққа айтайын. Біраз уақытта бір хабарын береміз» деді. Алайда әкімдік өкілдерінен де, ҰҚК қызметкерлерінен де жауап алу әзірге мүмкін болмай тұр. Ал Алматы ішкі істер департаменті баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек:

- Мәліметті біз растамаймыз. Ондай мәлімет дәлелденбейді біздің тараптан, – деді.

«КОЗЛОВТЫ ОТЫРҒЫЗУДАН БАСТАЛДЫ»

Билікке сын айтылатын шараларды ұйымдастырып, осы тақілеттес бөгеттерді көрген белсенділер сөзіне қарағанда, «билік мұндай кедергілерді жасап тұрады». Қазақстанда демократияның дамуы мен азаматтық қоғам құруға үлес қосып жүрген Қазақстан және шетел азаматтарына 2003 жылдан бері беріліп келе жатқан «Азаттық» сыйлығын тапсырушылардың бірі Марат Жанұзақов:

Владимир Козлов

- Қазақстандағы оппозициялық саясаткер Владимир Козлов 2011 жылдың желтоқсанында болған «Жаңаөзен оқиғаларын ұйымдастырды» деген айыппен 2012 жылы қазанның 8-і күні (52 жасында) Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты үкімімен жеті жарым жылға сотталды.

- 2012 жылы Козлов жетекшілік еткен тіркелмеген «Алға» партиясының қызметіне сот шешімімен тыйым салынды.

- Төрт жарым жылын түрмеде өткізген саясаткер 2016 жылы тамыздың 20-сы күні бостандыққа шықты. Саясаткердің өзі билік таққан айыптардың саяси астары бар деп біледі. Түрмеде отырған кезінде оны құқық қорғау ұйымдары «саяси тұтқын» деп таныған.

– Осындай шаралар өткізетін кезде («Азаттық» сыйлығын тапсыруды айтады – ред.) бізге де кедергілер болды. Зал бермеген уақыттар болды. Бұрын мұндай жоқ еді. Ең кемінде біз 10 жыл түрлі залдарда шаралар өткіздік. Бірақ Владимир Козловты отырғызудан басталды кедергі жасау – дейді.

Ал оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин:

- Өз жерін қорғауға шыққан азаматтарды соттап, бес жыл беріп отырған жоқ па. Өздері жазалап отырған адамдарды «халық қаһарманына» ұсынуға қалай жол береді олар? Олардың кабинетте бас қатыратыны - осы мәселелер. Бұлардың қорқынышы - халық тақтан тайдырып жібере ме, құлатып жібере ме деген үрей, - дейді.

Қоғамдық белсенділердің саяси шараларына кедергі оқиғалары бұған дейін де болған. 2002 жылы қаңтарда «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылтайы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрда өтеді деп жоспарланып, ақшасы төленіп қойғанын, бірақ театр басшылығы шараға бір апта қалғанда «ғимаратқа жөндеу жүргізіледі» деп залды бермей қойғанын ұйымдастырушылардың бірі Асылбек Қожахметов мәлімдеген еді.

Ал кейінгі оқиғаның бірін белсенді жастардың ZhasCamp конференциясын ұйымдастырушы, «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» қоры директоры Ирина Медникова хабарлады. 2016 жылы қазанның 15-і күні Атырауда өтуі тиіс ZhasCamp шарасы ақшасы төленген зал иелері бас тартып, өтпей қала жаздаған. Қарашада Павлодарда жоспарланған ZhasCamp шарасы осындай бөгеттерден өтпей қалды. Белсенді Атырауға барар алдында белгісіз ер адамның шабуылына ұшыраған еді.

Макс Боқаев пен Талғат Аян биылғы сәуірде Атырауда болған жер мәселесі бойынша митингіге қатысқан соң қамауға алынған. Екі белсенді өздеріне тағылған айыпты теріске шығарып, "саяси сипаты бар" деп мәлімдеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG