Accessibility links

«Ақтөбеде өзін-өзі жарған – 25 жастағы Рахымжан Махатов» дейді ресми билік


Полицейлер бомба жарылған аумақты күзетіп жүр. Ақтөбе, 17 мамыр 2011 жыл.
Полицейлер бомба жарылған аумақты күзетіп жүр. Ақтөбе, 17 мамыр 2011 жыл.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, Ақтөбеде ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратындағы жарылыс «теракт емес». Ал сарапшылар бұл пікірмен келіспейді.


Астанада шұғыл брифинг ұйымдастырған бас прокуратура өкілінің хабарлауынша, Ақтөбенің Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратында жарылыс жасаған – 25 жастағы жігіт.

« – БҰЛ ТЕРАКТ ПА? – ЖОҚ, ЖОҚ!»

– Мамырдың 17-сі күні Ақтөбеде жергілікті уақытпен таңғы 9.30 шамасында жарылыс болды. Оны ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бірнеше қылмыс жасағаны үшін сезікті болған Махатов Рахымжан жасағандығы анықталды, – деді бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев.

Оның сөзінше, жас жігіт бұл іске «жауапкершіліктен бой тасалау мақсатында» барған. Жарылыстан 1986 жылы туған Махатовтың өзі мерт болып, тағы екі адам жараланған.

– Қазір бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр, – дейді ресми өкіл.
Бомба жарылған аумақ. Сол жақтағы – облыстық ішкі істер басқармасы ғимаратының шатыры. Ақтөбе, 17 мамыр 2011 жыл.


Журналистердің «бұл теракт па?» деген сұрақтарына жүре жауап берген Жандос Өмірәлиев «жоқ, жоқ» деп кетіп қалды.

«ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚОРҚЫП ЖҮР»

Оқиға орнына барған Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісі Әлима Әбдірованың сөзінше, жарылыс болған жерді қазір полиция жасағы қоршауға алған. Олар оқиға орнына келген журналистерді жақындатпай, тіпті суретке түсіруге де рұқсат етпеген.

– Суретке түсіруге рұқсат бермей жатыр. Неге екенін білмеймін, полицейлер әлдебір нәрседен қорқып жүргендей әсер қалдырды. Суретке түсіріп жатқанымда, мені полицейлер ұстап алды. Барлық фото-видео материалды алу үшін мені Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне апармақ болды. Қарсылық көрсеттіп, сытылып шығып кеттім, – дейді Азаттық тішісі.

Азаттық тілшісінің айтуынша, жергілікті тұрғындар, әсіресе жарылыс болған жерге жақын орналасқан ақтөбеліктер тағы да жарылыс бола ма деп алаңдап отыр. Бірақ бұл қауіп ресми түрде расталған жоқ.

«БҰЛ ЖАРЫЛЫС – НАҒЫС ТЕРАКТ»

Саясаттанушы Расул Жұмалының ойынша, сейсенбі күні Ақтөбе тұрғындарын алаңдатқан жарылыс – теракт. Әр нәрсенің алғышарттары болады деген ол «бұл жарылыс та ойда жоқта бола салған жоқ» деп отыр.

– Теракт – жұртты, елді, мемлекеттік органдарға қорқытуға, шошытуға бағытталған шара. Осы тұрғыдан алғанда Ақтөбедегі болған бұл жарылыс – нағыз теракт, – дейді саясаттанушы.

«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет осындай жайт болып отыр» деген Расул Жұмалы «осы күнге дейін бейбіт ел деп танылып келген елдерде де жарылыстар болып жатқанын» еске салды.

– Менің ойымша, бұл жерде белгілі бір діни секталардың қатысы болуы мүмкін. Себеп – оларға, олардың іс-әрекетіне мемлекет бақылауының дәрменсіздігі. Соңғы 10-15 жылдық практика осыны көрсетіп отыр. Бізде көптеген діни секталар бар. Тек исламға қатысы бар деп айтып отырғаным жоқ, басқа да секталарға қатысты. Ресми діни басшылыққа қарамайтын, мойынсұнбайтын секталар жетеді. Меніңше, біз осыны уысымыздан шығарып алдық, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да Ақтөбедегі жарылысты айыптап, оны "лаңкестік әрекет" деп атады. Ұйымның қазіргі төрағасы Литва сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалис сейсенбі күнгі мәлімдемесінде "мен бұл террорлық әрекетті айыптаймын" деп атап көрсеткен.

Құқық қорғау орындары жарылыстың тротил эквивалентіне шаққандағы нақты қуаты қандай болғандығын айтпады.

Қазір тәртіп сақшылары қоршауға алған жарылыс орнында жедел әрекет етуші қызметтер, құқық қорғау орындарының оперативті-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.
XS
SM
MD
LG