Accessibility links

Прокурор: «Сотқа берілгендердің бәрі – бір БАҚ»


Тимур Ауталипов, Алматы қаласы Медеу аудандық сотының прокуроры. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл
Тимур Ауталипов, Алматы қаласы Медеу аудандық сотының прокуроры. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл

Оппозициялық «Голос Республики» газетіне үкім шығар алдында адвокаттары басылымдағы материалдарға ешқандай сараптама да жасалмағанын айтады.

Желтоқсанның 24-і күні оппозициялық «Голос Республики» газетіне қатысты Алматының Медеу аудандық сотында процестің соңғы кезеңі – жарыссөз өтті.

Судья бұл іске қатысты шешімге келу үшін ертеңгі таңға дейін үзіліс жариялады.

Отырыста екі тарап тыңдалып, прокуратураның газетті экстремистік деп тануы негізді ме, жоқ па деген мәселе сөз болды.

Қарашаның 21-і күні Алматы қалалық прокуратурасы соттан сегіз оппозициялық ақпарат құралы пен 23 сайтты, оның ішінде «К-плюс» телеарнасын, «Взляд», «Голос республики» газеттерін, Stan.kz интернет-порталын және оларға тиесілі деп сипатталатын ондаған ресурстарды жабуды сұраған еді. «Голос республики» газетіне қатысты процесс желтоқсанның 6-сында басталған болатын.

«НЕГІЗ БАР»

Бүгінгі жарыссөзде сөз алған прокурор Тимур Ауталипов Алматы қаласының прокуратурасының арызында көрсетілген барлық ақпарат құралдарын бірыңғай БАҚ деп тану қажеттігін атап өтті. Оған «дәлел» ретінде аталған БАҚ-тардағы басшылық құрамындағы «ұқсастықты», «ортақ электрондық адрес пен дизайнды» атап өтті.

Ол аталған ақпарат құралдарындағы экстремистік сипат жайлы Владимир Козловқа қатысты шыққан соттың үкімінде көрсетілгенін айтты. Сонымен бірге прокурор Козловқа қатысты үкім заңды күшіне енгендіктен Қазақстан аумағындағы барлық мемлекеттік органдар үшін орындалуға міндетті екенін ескертті.

Осы аталғандардың негізінде прокурор Тимур Ауталипов соттан «Голос республики» және шағым-арызда көрсетілген барша БАҚ-ты экстремистік деп танып, оларды жабу және олардың өнімін Қазақстан аумағында таратуға тыйым салуды сұрады.

«НЕГІЗ ЖОҚ»

Жарыссөзде сөйлеген адвокаттар Елена Савинова, Тамара Симахина және Сергей Уткин прокуратура шағымындағы БАҚ-тардың әр қайсысы жекелеген ақпарат құралы екеніне назар аударды. Олардың бір бірінен бөлек жеке басшылары, редакторлары бар екенін уәж ретінде келтірген адвокаттар атауында «республика» сөзі бар барлық БАҚ-ты бірыңғай ақпарат құралдары деп тану дұрыс еместігін атап өтті.
Тамара Симахина, адвокат. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл
Тамара Симахина, адвокат. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл

- Прокуратураның журналистер тарапынан айтылған кез-келген сынды экстремистік сипатты сөз деп тануы да қате... Мысалы, депутат министрлер кабинетін сынға алса - жөн де, ал егер депутаттың сол сөзін журналист жазса, олар экстремистер қатарына жата ма? - дейді адвокат Тамара Симахина.

Адвокат Сергей Уткин процесс барысында газет материалдарына сот-филиологиялық сараптама жасалмағандықтан ондағы жазбаларды экстремистік деп тануға болмайтынын айтты.

- Прокуратура шағымының көздегені – аталаған басылымдарда билікке қарсы сын болмауы керек. Ал бұл дегеніңіз - цензура. Ал цензураға конституцияда жазылғандай жол жоқ! - деді адвокат Уткин.

«САЯСИ НЕГІЗ»

Дүйсенбі күнгі жарыссөзге қатысты оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов бұл істің саяси негізі бар екенін айтады.

- Билік Владимир Козловтың ісіне қатысты - бір өтіріктің негізінде екінші өтірікті шындыққа айналдырмақшы. Бұл болашақта халықаралық аренадағы Қазақстанның және оның президентінің имиджіне зиян келтіріп, «жемісін» береді. Дегенмен прокуратураға бүгін имиджден бұрын, Ақорданың тапсырмасын орындау маңыздырақ болып тұр, - деді саясаткер.

Саясаткердің ойынша, билік өзіне ыңғайсыз ақпарат пен сынды айтқызбау үшін ақпараттық алаңды оппозициялық БАҚ-тан тазалауды көздеп отыр.

Қарашаның 27-сі күні прокуратура түсірген шағым бойынша соты басталған оппозициялық «Голос республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева «газет электрондық түрде шыға беретінін» хабарлады. Қарашаның 30-ы күні «Голос республики» газетінің материалдары оппозициялық «Азат» газетінде жарияланды. Алайда «Азаттың» бұл номері тәркіленіп, Татьяна Трубачеваға он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Ал желтоқсанның 19-ында «Голос республики» газеті мен Stan.kz бейнепорталының кеңселерінде күні бойы тінту жүрді. БАҚ өкілдерінің айтуынша, ҰҚК олардың барлық техникасын тәркілеп, кеңсесін жауып кеткен.
XS
SM
MD
LG