Accessibility links

Обаманың «қауіпсіздік командасына» кім кірмек?


Барак Обама (ортада) Чак Хейгл (сол жақта) мен Джон Бреннанды таныстырып тұр. Вашингтон, 7 қаңтар 2013 жыл.
Барак Обама (ортада) Чак Хейгл (сол жақта) мен Джон Бреннанды таныстырып тұр. Вашингтон, 7 қаңтар 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама бұрынғы республикашыл сенатор Чак Хейгелді қорғаныс министрі қызметіне, ал терроризммен күрес бөлімінің кеңесшісі Джон Бреннанды орталық барлау қызметінің (ЦРУ) директорлығына ұсынды.

- Бұл шешімді қабылдағанда ең әуелі «АҚШ-тың қауіпсіздігі үшін кім асыра еңбек етеді» деген басты қағидаға жүгіндім. Бұл екі басшы да біздің елді қорғауда өмірлерін арнаған. Мен олардың ел үшін еңбек ететіндеріне сенімдімін, - деді Барак Обама.

ИРАН МЕН ИЗРАИЛЬГЕ ОРАЙ ДАУҒА ҰРЫНҒАН ХЕЙГЕЛ

Чак Хейгелді қорғаныс министрі қызметіне ұсынған президент Барак Обама бұл кандидаттың әскери қызметін көбірек мақтады.

- Чак Хейгел - біздің әскерге басшы болуға лайықты тұлға. Ол - Американың патриоты, Вьетнамдағы соғысқа өз еркімен аттанған жауынгер, - деді президент Обама.

Бірақ президент Барак Обаманың бұл шешімі АҚШ сенатында дау-дамайды үдетті.

Тіпті Чак Хейгелді бұл орынға ресми түрде ұсынбай тұрғанда-ақ кейбір депутаттар оның кандидаттығына алаңдай бастаған. Бірнеше республикашыл сенаторлар
Чак Хейгел. Вашингтон, 7 қаңтар 2013 жыл.
Чак Хейгел. Вашингтон, 7 қаңтар 2013 жыл.
Хейгелдің кандидатурасына қарсы болатындарын мәлімдеді. Себебі Хейгел Иранға санкция салуға қарсы болған, бірде «Вашингтондағы Израиль мүддесін қорғап отыратын өте ықпалды топ» туралы да айтқан.

Хейгел Иранмен арада соғыс болуы мүмкін деген әңгіме қозғалғанда да АҚШ-тың әскери күш пайдалануына қарсы шыққан. Ол 2009 жылы Washington Post «Вашингтон пост») журналына «Соғысқа араласу – оңай, одан құтылу - қиын» деген мақала жазды.

Ол 2007 жылы Ирактағы әскери операцияны жүзеге асыру кезіндегі Буш әкімшілігінің әрекетін "бұзық пиғылды" және "қылмыс" деп сипаттады.

Бірақ Вашингтондағы «еврейлердің лоббиін» сынағаны үшін және Иранға санкция салуға қарсы шығып, ХАМАС сияқты топтарды террористік деп тануға қарсы болғаны үшін оны Израильдің төтенше жағдайлар комитеті сияқты консервативтік топтар көп сынады. Мысалы осы ұйым түсірген бір теле-жарнама былай дейді:

"Чак Хейгел қорғаныс министрі бола ма? Президент Обама Иранға санкция салуды қолдайды. Хейгел оған қарсы. Хейгел Иранның революциялық гвардиясын террористік топ деп тануға қарсы. Президент Обама «Иранның ядролық қару жасауын тоқтатудың барлық варианттары дайын болды» дегенде Хейгел «Әскери амалдар - іске аспайтын, жеміссіз әрекет. Ол өзін ақтамайды» деген. Президент Обама, Чак Хейгелдің кандидатурасы қорғаныс министрлігіне жарамайды".

Республикашыл сенатор Линдси Грэм қаңтардың 6-сы күні CNN-ге сұхбат бергенде Хейгел туралы «мәселе Израильге тірелгенде ол антагонистік тұлғаға айналады» деген пікір айтты.

- «Біз Иранды қате түсініп жүрміз» дейтін, «оларға санкция салмауымыз керек, керісінше келіссөз жүргізуіміз керек» дейтін, Израиль үкіметіне «Израиль балаларын өлтіріп жатқан ХАМАС-пен келіссөз жүргізіңдер» деп ақыл айтатын қорғаныс министрін қолдауға ниетті емеспін, - дейді сенатор Грэм.

Бірақ республикашыл сенаторлардың бірнешеуі ғана Хейгелге қарсы дауыс беретіндерін айтты. Кандидатты бекіту үшін оны көпшілік қолдаса жеткілікті. Сарапшылардың болжауынша, сенатта Обаманың демократиялық партиясының мүшелері көбірек болғандықтан Хейгел сынақтан сүрінбей өтіп, осы қызметке сәтімен тағайындалады.

БУШ ЗАМАНЫНДА КҮМӘНГЕ ІЛІККЕН БРЕННАН

Ал Орталық барлау қызметінде 25 жыл қызмет еткен, Обаманың терроризммен күрестегі басты кеңесшісі Джон Бреннанның кандидатурасы дәл Хейгелдікі сияқты дау туғызбағанмен, оның Буш кезінде терроризм күдігімен ұсталғандарды тергеу әдістерін қатайтуды қолдағанын еске салушылар болды.

Обама Бреннанды ЦРУ басшылығына алғаш рет 2008 жылы ұсынған еді. Бірақ Бреннан адам азаптауға қатысты көзқарасына орай кандидатурасын өзі алып
Джон Бреннан. Вашингтон, 8 қыркүйек 2011 жыл.
Джон Бреннан. Вашингтон, 8 қыркүйек 2011 жыл.
​ тастаған. Кейінірек ол күмәнді сейілту үшін Обамаға хат жолдағанда өзінің «Буш әкімшілігінде жұмыс жасаған саясаткерлердің көбінің Иракқа шабуыл жасауына, адамды суғы тұншықтыру сияқты азаптап тергеу тәсілдеріне қарсы болғанын» айтып, күмәнді сейілтуге тырысты.

Президент Обама Бреннанның терроризммен күресте барлау қызметі мен құқық қорғау органдарын жұмылдырылған стратегиялық жетістігін мақтады.

- Істі талқылау және шешім қабылдау кезінде Джон Бреннан бірнеше маңызды мәселені айтып, қатаң нормалар енгізу туралы талаптар қойды. Ол бірнеше рет америкалықтарға өзіміздің терроризмге қарсы күрес саясатымыз жайлы айтты. Себебі ол біздің барынша ашық әрі жария болуға міндетті екенімізді мойындайды, - деді Барак Обама.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы халықаралық қауіпсіздік бағдарламасы директорының орынбасары Стефани Саноктың айтуынша, Бреннанның орталық барлау қызметіне басшы болуы мүмкіндігі 2008 жылмен салыстырғанда қазір әлдеқайда жоғары.

- Себебі ол Обаманың терроризмге қарсы күрес кеңесшісі ретінде төрт жыл жұмыс істеді, - дейді сарапшы Стефани Санок Джон Бреннан туралы.

БЕДЕЛДІ «ҮШТІК»

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ сенаты Обаманың мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынған кандидаты Джон Керриді қолдайды.

Сарапшы Стефани Саноктың пікірінше, «үш кандидат та сенаттағы сынақтан сүрінбей өтсе, Обаманың екінші кезеңдегі ұлттық қауіпсіздік командасы өзіне етене
Джон Керри. Исламабад, 16 мамыр 2011 жыл.
Джон Керри. Исламабад, 16 мамыр 2011 жыл.
жақын беделді адамдардан құралмақ: олар жұмыс жасағанда өздері жақсы білетін дипломатия, терроризммен күрес, қорғаныс саласында жинаған терең білімдерін пайдалана алады».

- Джон Бреннан, Джон Керри және Чак Хейгелдердің артында халықаралық қатынаста, барлау және қорғаныс саласында беделі күшті мемлекеттік қызметкерлерден құралған команда бар. Бұл үш кандидат та - президентке жақын кеңесшілер. Олар бұрыннан бері президентпен араласып тұрады, - дейді Стефани Санок.

Керри мен Хейгел екеуінің Вьетнам соғысындағы жинаған тәжірибесі олардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті. Керри майданнан соң соғысқа қарсы күресетін белсендіге айналды, 30 жылға жуық сенаторлық карьерасында алдыңғы қатарлы дипломаттардың бірі болды.

Екі қызметкерге байланысты бұған дейін қарама-қайшы пікір болса да, Ақ үй «олар сенаттың сенімін ақтайды» деп сенеді.

Сарапшының ойынша, бұл үштік Ауғанстандағы АҚШ әскерінің тезірек қысқаруын қадағалайды, АҚШ-тың терроризмге қатысты күдікке ілінгендерге байланысты саясатын қайта қарайды, ұшқышсыз ұшақтар мәселесін қайта қарастырады, дағдарыс кезінде жан-жақты әрекет ету жоспарын жақтайды.

Кандидаттарды мақұлдау шарасы бірер аптадан соң басталады.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG