Accessibility links

Қамаудағы кәсіпкерді қолдаушылар көбейді


Бөрілі аудандық соты кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевті қамауда ұстау туралы шешім шығарды. 22 шілде 2013 жыл. Видеодан скрин-шот.
Бөрілі аудандық соты кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевті қамауда ұстау туралы шешім шығарды. 22 шілде 2013 жыл. Видеодан скрин-шот.

Компаниясы ұзақ тексеруге түскен кәсіпкер экология туралы мәлімдемесі үшін Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің кәріне ұшырадым деп санайды. Әкімдік оның сөзін теріске шығарады.

Шілденің 29-ы күні Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының Бөрілі аудандық сотында кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевке қатысты екінші сот отырысы өтті. Отырыста Барлық Меңдіғазиевті қамаудан босату туралы оның адвокаттарының өтініші қаралып, бұрынғы шешім өзгеріссіз қалды.

Бұған дейін ешқайда шықпайтыны жөнінде қолхат берген Барлық Меңдіғазиев шілденің 12-сі күні Алматыға барғаны үшін, яғни Ақсай қаласының аумағынан шығып кеткені үшін Бөрілі аудандық сотының шешімімен шілденің 22-сінде қамауға алынған болатын.

Барлық Меңдіғазиев "ірі көлемде салықтан жалтарды" деп айыпталады. Бірақ кәсіпкер өзінің тексеріске түсуіне облыс әкімімен арада туған жанжал және экология туралы мәлімдемелері әсер етті деп санайды. Әкімдік оның бұл сөздерін жоққа шығарады.

«ӘКІММЕН КЕЗДЕСУ»

Кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтің қамауға алынуы Ақсай қаласының бірқатар тұрғындарының наразылығын туғызды. 250 жұмысшысы бар «КSS building» кәсіпорыны Ақсай қаласының әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарады. Кәсіпорын жұмысшыларының хабарлауынша, олардың шілденің 23-іне жоспарлаған наразылық шеруіне Ақсай аудандық әкімшілігі рұқсат етпеген.

Жанат Есентаев (оң жақта) Жаңаөзен ісі бойынша сотталғандарға қолдау білдіру акциясында. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Жанат Есентаев (оң жақта) Жаңаөзен ісі бойынша сотталғандарға қолдау білдіру акциясында. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.
Ақсай қаласының тұрғыны, жергілікті азаматтық белсенді Жанат Есентаевтың айтуынша, жергілікті аудан әкімі, прокуроры және полиция бастығы 200-ге жуық жұмысшымен кездесу өткізген. Кездесуде жұмысшылар кәсіпорын жұмысын тоқтатпауды, есепшотын қайта ашуды және Барлық Меңдіғазиевті босатуды талап еткен. Жұмысшылар жалақыларының жоғары екен, кәсіпорынның жұмысшыларға әлеуметтік көмек көрсетіп келе жатқанын айтқан.

- Барлық Меңдіғазиевтің бар кінәсі – былтырғы шілдеде экологияға байланысты қоғамдық тыңдауға қатысып, халықтың алдына шығып сөз сөйлегені еді, - дейді Жанат Есентаев.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ ӘЛЕМ МЕН ОБЛЫС ӘКІМІ»

Орал қаласының жанындағы Ақсай қаласында тұратын кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев биыл шілденің 12-сі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «өзіне қарсы қозғалып жатқан қылмыстық істің артында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұр» деп мәлімдеген болатын.

Барлық Меңдіғазиевтің айтуынша, «өзі басқаратын «КSS building» компаниясына жасалған тексерістің барлығы мұнай қалдықтарын өңдейтін кешен салу туралы мәселе көтерілген Зеленов ауданындағы былтырғы шілденің 12-сі күнгі қоғамдық тыңдауда сөз сөйлегеннен кейін басталған, «қазір жан-жақтан қысымға алынып, компания жұмысы тоқтауға айналған».

Нұрлан Ноғаев - Батыс Қазақстан облысының әкімі. Қазақстан үкіметінің ресми сайтындағы сурет.
Нұрлан Ноғаев - Батыс Қазақстан облысының әкімі. Қазақстан үкіметінің ресми сайтындағы сурет.
«Уральская неделя» газетінің тілшісіне қамалар алдында берген видео-сұхбатында Барлық Меңдіғазиев шетелдік ірі мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін, 250 адам жұмыс істейтін компаниясын полиция, салық инспекторлары, қаржы полициясы мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің қызметкерлері бір мезгілде тексеріп келгенін айтады.

Газетке берген сұхбатында кәсіпкер өзін мамандығы бойынша эколог, әрі Зеленов ауданының азаматы деп таныстырады. Меңдіғазиевтің сөзінше, тұрғындар жиі қоныстанған жерге мұнай қалдықтарын өңдейтін кешен салуға қарсы шыққан соң оған «сол өңірдегі қылмыстық әлемнің жігіттері мен мұнай қалдықтарын көмуді жүзеге асыруы тиіс компания басшысы келіп, қылмыстық әлем мен облыс әкіміне қарсы шықпағаны жөн болатынын ескерткен».

Барлық Меңдіғазиев қамауға алынардан бұрын тағы бір үндеу жасап, «билік пен кәсіпкерліктің арасына жік салған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев орнынан кетуі тиіс» деп мәлімдеген.

Видеосұхбаты мен үндеуінде Барлық Меңдіғазиев өзін «бизнесте жүріп азаматтық ұстанымын ашық білдірген адам» ретінде көрсетеді.

«ЖАЛА ЖАБУ»

Барлық Меңдіғазиевтің шілденің 12-сі күні Алматыда өткізген баспасөз-мәслихатынан кейін үш күннен соң Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі «салық төлеуден жалтарған Меңдіғазиевтің өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іске әдейі саяси рең беріп отырғаны туралы» ақпарат таратты.

Оралдық кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев басқаратын «KSS building» құрылыс компаниясының интернет-сайтынан скрин-шот.
Оралдық кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев басқаратын «KSS building» құрылыс компаниясының интернет-сайтынан скрин-шот.
Бұл ақпаратқа қарағанда Барлық Меңдіғазиев басқаратын «КSS building» компаниясына жоспарлы салық тексерісі болатыны туралы ескерту қағазы былтырғы маусымда-ақ берілген. Яғни, әкімдіктің түсіндіруінше, Меңдіғазиевтің қызметін тексеру оның мұнай қалдықтары туралы мәлімдемесінен бұрын басталған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі кәсіпкердің жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірдегі қадағалау және бақылау органдарымен ымыраласып отыр деген айыптауы негізсіз екенін, оның облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «жала жауып отырғанын» айтады. Ресми мәлімет бойынша қадағалау және бақылау органдары Меңдіғазиевтің компаниясына «жоспарлы тексеріс» жүргізген.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратқан күні «Хабар» телеарнасы «Барлық Меңдіғазиевтің үш жыл бойы салықтан жалтарып, мемлекетке 139 миллион теңге зиян келтіргенін» жариялады. Осы ақпаратта Батыс Қазақстан облыстық қаржы полициясының баспасөз қызметі «КSS building» компаниясының есепшоты жабылғанын растады.

«САЯСИЛАНДЫРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН»

«Уральская неделя» газетінің жазуына қарағанда кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтің қамауға алынуы оның жергілікті балалар үйіне жыл сайын жасайтын қамқорлығына да әсер еткен. Аталған газеттің жазуынша, «Ақсай қаласының жанында орналасқан Яндарцеводағы балалар үйінен Барлық Меңдіғазиев биыл тамыз айында 18 баланы Түркияға демалуға жіберетін болып келіскен.

«Бұл жайт та қоғам назарын аудара бастаған соң облыс әкімдігі тез арада қаржы тауып, балаларды бюджет есебінен шетелге демалысқа жіберетін болды» деп жазады газет.

Кәсіпкерге жергілікті белсенділермен бірге «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы да қолдау көрсетіп отыр. Бірақ «Атамекен» Барлық Меңдіғазиевтің экологиялық мәлемдемелеріне қатысты басқаша пайым жасайды. Шілденің 25-і
Бұл жайт та қоғам назарын аудара бастаған соң облыс әкімдігі тез арада қаржы тауып, балаларды бюджет есебінен шетелге демалысқа жіберетін болды.
"Уральская неделя" газеті
күні «Атамекен» төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев «Меңдіғазиевті деструктивтік оппозициялық күштер саясиландырып жіберуі мүмкін» деп мәлімдеді.

Рақым Ошақбаев: «Барлық Меңдіғазиевтің компаниясына жасалған салық тексерісінің нәтижелері бойынша сот процесі тоқтаған жоқ. Қазір ол «Атамекен» палатасының қолдауымен жоғарғы сотқа арызданып жатыр» деді. Оның айтуынша, «KSS building» компаниясын үш жыл қатарынан тексеру себептерін де зерттеу керек.

Осыған дейін Барлық Меңдібаевтың адвокаты Жангелді Хаиров та «айыптау қорытындысы мен тергеу барысында өз қорғауындағы азаматқа қатысты құқық бұзушылықтар болғанын, сонымен қатар салық комитетінің актісінің заңдылығы туралы жоғарғы сотқа арыз түсіретінін» мәлімдеген болатын.

Барлық Меңдіғазиевті қалай тұтқындағаны туралы YouTube-тегі видео:

XS
SM
MD
LG