Accessibility links

Түркия соты Twitter-ге тыйым күшін жойды


Түркияда Twitter парақшасының бұғауланғанын көрсетіп тұрған қолданушы сұлбасы. (Көрнекі сурет)
Түркияда Twitter парақшасының бұғауланғанын көрсетіп тұрған қолданушы сұлбасы. (Көрнекі сурет)
Түркия соты 26 наурызда Twitter әлеуметтік желісіне салынған бұғауды алып тастау туралы шешім шығарды деп хабарлайды түркиялық ақпарат құралдары.

21 наурыз күні Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған өзіне жақын шенеуніктердің жемқорлығына қатысы бар аудио жазбалардың сілтемелері жарияланған соң, Twitter әлеуметтік желісін жабу туралы мәлімдеген еді. Бұдан кейін елдің байланыс және телекоммуникациялық қызметі аталған сілтемелерді өшіріп тастау туралы "сот талабын орындамады" деп айыптап, Twitter-ді бұғаулаған.

Бірақ соған қарамастан түркиялық Twitter қолданушылар әлеуметтік желіге кірудің басқадай әдіс-амалын тапқан.

Түркиялық құқық қорғаушылар, заңгерлер мен Түркияның басты оппозициялық партиясы соттың Twitter әлеуметтік желісін бұғаулау туралы шешімін жоюға шақырған. Тіпті Түркия президенті Абдулла Гүлдің өзі Twitter арқылы әлеуметтік желінің бұғаулануына қарсылығын білдірген.

АҚШ билігі де Түркияның Twitter-ді бұғаулауына алаңдаушылық танытып, Анкараны "баспасөз еркіндігі мен БАҚ-тың барлық түрлерінің кедергісіз әрі тәуелсіз жұмыс істеуін қолдауға" шақырған.
XS
SM
MD
LG