Accessibility links

Мәслихатта Жүкеев сөйлеп, Мамай құптап отырды


Оппозицииялық саясаткер Төлеген Жүкеев баспасөз мәслихатында. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.
Оппозицииялық саясаткер Төлеген Жүкеев баспасөз мәслихатында. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.

Қамаудан босатылған қоғам белсендісі Жанболат Мамай 13 шілдеде Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға Мамайдың шығуына септескенін айтқан саясаткер Төлеген Жүкеев те қатысты.

Ақтауда қамауда отырған жерінен 12 шілде күні кешке шыққан Жанболат Мамай өзін де Болат Атабаев сияқты 65-бап бойынша босатқанын, «әлеуметтік араздық тудыру» ісі бойынша айыпталушыдан куәгер статусына өткенін айтты.

ТАҒЫ БІР «ӨКІНУШІ»

– 65-бап бойынша босатар кезде мен тек қана Жаңөазен қаласында қан төгілгеніне өкінетінімді айттым. Адам қанының төгілгеніне тек қана мен емес, бүкіл Қазақстан, бүкіл әлем, осы қырғынды көрген азамататрдың барлығы да шын жүректен өкінеді деп есептеймін, – деген Жанболат Мамай «ешкімге қарсы куәлік бермегенін» баса айтты.

Ол өткен жылы ереуілшілерді қолдау үшін Жаңаөзенге барғанында Атабаев екеуі де «конституциялық құрылымды құлату» немесе «әлеуметтік араздықты қоздыру», «билікті күшпен басып алу» немесе «басқа да арандату жағдайларына

"Рух пен тіл" қозғалысының белсендісі Жанболат Мамай. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.
"Рух пен тіл" қозғалысының белсендісі Жанболат Мамай. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.

апаруды көздемегенін», қазір де мұндай мақсаты жоғын мәлімдеді.

Жанболат Мамай өзін неге Болат Атабаевпен бірге босатпағанының себебін білмеді.

Бірақ, оның ойынша, Болат Атабаев екеуінің босатылуы «әлеуметтік араздық тудыру» ісі бойынша айыпталғандардың жағдайын жеңілдетпесе, күрделендірмейді».

– Болат Атабаев екеуімізді босатқаны істегі өзге қатысушыларға көмектесуі мүмкін. Себебі ұйымдасқан қылмыстық топ бір-екі немесе бірнеше адамнан тұрмайды. Егер бірнеше айыпталушы болса, бұл олардың жағдайын ауырлатпайды, керісінше жағдайын заңнамалық тұрғыда жеңілдетеді, – деді Жанболат Мамай.

«АСТАНАДАҒЫ ЫҚПАЛДЫ АДАМДАР»

Баспасөз мәслихатында қамаудан босап шыққан Жанболат Мамайдан гөрі «босатушы» Төлеген Жүкеев көп сөйледі. Мамай анда-санда тікелей өзіне арналған сауалдарға қысқаша жауап беріп қана отырды.

Саясаткер Төлеген Жүкеев әуелі Жаңаөзен бойынша қудаланғандар құқығын қорғауға бағытталған «Араша» комитетінің өкілі ретінде Жанболат Мамайға қалайша араша түскенін айтып өтті.

«Астанадағы шешім қабылдайтын ықпалды адамдармен кездесіп», «ауыр саяси-философиялық, саяси-заңнамалық сипаттағы пікірталас жасаған» Жүкеевтің

Жанболат Мамай мен Болат Атабаев ереуілші мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, 2011 жылдың жазы. (Көрмеде тұрған фото)
Жанболат Мамай мен Болат Атабаев ереуілші мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, 2011 жылдың жазы. (Көрмеде тұрған фото)

айтуынша, ол «азаматтық позициясын көрсетуге құлшынысы зор, мәселелерге бейжай қарамайтын, талантты екі азаматты түрмеге отырғызудан қоғам да, мемлекет те ұтпайтынына» «ықпалды адамдардың» көздерін жеткізген..

– Оны (Жанболат Мамай – ред.) ешкім де басқармайды, ол ешқандай да ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі емес, біреудің нұсқаулығын орындайтын атшабар да емес. Тек мәселеге немқұрайды қарай алмайтын адам, журналист, қоғам белсендісі. Кей-кезде өзінің ойын көпке жеткізгісі келетін шығар. Оларға дәлелдей алған негізгі аргументім осы болды, – дейді Төлеген Жүкеев.

Ол Атабаев пен Мамайдың Жаңаөзенде сөйлеген сөздерін «шешендік амалына, көп алдында тұрып сөйлеген кездегі қызбалыққа» есептеп, тек сол үшін оларды қамауға болмайтынын Астанадағы «шешім қабылдайтын адамдарға» айтқан.

– Менің келтірген уәждерім күшті де салмақты, тіпті бұлтарпас болды, – деді Төлеген Жүкеев.

ЖҮКЕЕВТІҢ «АЙТА АЛМАЙТЫН НӘРСЕЛЕРІ»

Төлеген Жүкеев «Астанадағы ықпалды адамдармен» әңгімелескен кезде өзге де тұтқындардың жағдайы сөз болғанын айтты.

– Түрмеде отырғандардың барлығын шығара алмаймын. Сенімді түрде айту, көз жеткізуден бөлек басқа да мәселелер бар. Әрине, айттым, қызығушылық таныттым, нені шешуге болатынын түсінуге тырыстым. Сот болған кезде оларды көндіруге мүмкіндік болмағанына куә боласыздар, – деді Төлеген Жүкеев.

Сот болған кезде көптеген сенсациялық нәрселерге куә боласыздар. Айта алмайтын көп нәрселер бар. Бұл – жантүршігерлік нәрселер.
Төлеген Жүкеев.


Жиын барысында осыған байланысты тағы бірнеше сауал қойылған еді.

– Сот болған кезде көптеген сенсациялық нәрселерге куә боласыздар. Айта алмайтын көп нәрселер бар. Себебі бұларды жариялауға болмайды. Бұл – жантүршігерлік нәрселер. Сот ашық болады деп ойлаймын. Сол кезде білерсіздер, – деп жауап берді Төлеген Жүкеев.

Саясаткер Төлеген Жүкеев режиссер Болат Атабаевқа араша түскен Ермек Тұрсыновтың жолымен жүрмегенін, саясатта белгілі бір салмағы бар азамат ретінде «ықпалды адамдармен өзі кездесіп, олармен пікір таластырып, өз көзқарасын дәлелдегенін» ескертті.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG