Accessibility links

Сот белсенді Жанұзақовтың арызын қанағаттандырмады


Оппозициялық саясаткер Марат Жанұзақов пен оның адвокаты Елена Савинова. Алматы, 26 маусым 2014 жыл.

Оппозициялық саясаткер Марат Жанұзақов пен оның адвокаты Елена Савинова. Алматы, 26 маусым 2014 жыл.

Сот азаматтық белсенді Марат Жанұзақовтың өзіне қарсы қылмыстық істі қайта қозғауға берген шағымын қанағаттандырмады. Бірақ «қылмыстық ақшаны заңдастыру» айыбы бойынша тергеу қайта басталды.

Маусымның 26-сы күні Алматының Медеу аудандық соты Марат Жанұзақовтың шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Белсенді шағымын қаржы полициясы департаментінің тергеушісі Руслан Мировтың мамырдың 7-сі күні шығарған «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» туралы айыптау қаулысына қарсы түсірген еді. Жанұзақов биыл сәуірдің 30-ы күні Медеу аудандық прокуроры Мадияр Басшыбаевтың шығарған дәл осындай айыптау қаулысына да қарсы шағым берген. Сот оны да орындамады.

Бір жылдан кейін қайта жаңғырған тергеу амалдарын сот заңды деп тапты. Ал айыпталушы Жанұзақовқа Алматыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат шарасы белгіленді. Ол енді соттың бұл шешіміне шағым түсірмек.

ТАРАПТАРДЫҢ УӘЖІ

2013 жылы оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы белсендісі Перизат Қасымова баспасөз мәслихатын өткізіп, «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға» қатысты мәлімдеме жасаған еді. Бұл іс туралы Азаттық бұрын да жазған. Ол кезде Қасымова «Алға» партиясының қызметі мен «Азаттық» сыйлығы лауреаттарын марапаттауды саяси эмигрант әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов қаржыландырды деп мәлімдеген. Жанұзақов бұл істе куәгер ретінде тергелген.

"Балға" қоғамдық ұйымы жетекшісі Марат Жанұзақовты (ортада) қаржы полициясы қызметкерлері тергеуге әкетіп барады. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл.

"Балға" қоғамдық ұйымы жетекшісі Марат Жанұзақовты (ортада) қаржы полициясы қызметкерлері тергеуге әкетіп барады. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл.

2013 жылдың желтоқсанында бұл іс жабылған еді. Бірақ 2014 жылы сәуірдің 30-ы күні Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры Мадияр Басшыбаев қылмыстық істі қайта ашып, тергеуді қаржы полициясына жүктеген. Тергеуге қайта іліккен Жанұзақов Алматыдан кетпеу туралы қолхат шарасын «оппозициялық қызметіме тосқауыл» деп бағалайды

Жанұзақов ақша заңдастыру айыбы бойынша қозғалған қылмыстық істі заңсыз деп тануды сұрайды. Ол «қаржыландыру фактісі дәлелденбегендіктен, азаматтық қызметімді Әблязов қаржыландырды деген айыптау жалған болжамға негізделіп, ойдан шығарылған» дейді. Жанұзақовтың айтуынша, Әблязовке қарсы айыптау үкімі жоқ, сондықтан оны қылмыскер деп атауға болмайды. Осы жөнмен Жанұзақов «заңсыз ақшаны заңдастыру» айыбын да мойындамайды.

Бірақ Медеу аудандық соты маусымның 26-сы күнгі қаулысында Перизат Қасымованың былтырғы баспасөз жиынында жасаған «партия қызметін Мұхтар Әблязов қаржыландырды» деген мәлімдемесіне сілтеме жасайды.

Сот қаулысының сипаттау бөлімінде «БанкТұранӘлем» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы М.Әблязов пен ұйымдасқан қылмыстық топтың осы банктің ақшасын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде» деп жазылған.

Сот былтырғы істі қайта қозғап, оны тергеуді қаржы полициясы департаментіне жүктеген Медеу аудандық прокурорының әрекетін заңды деп тапты.

Ал Алматы қаласы қаржы полициясы департаментінің тергеушісі Руслан Мировты сот «қылмыстық-процессуалдық заң нормаларына сәйкес әрекет еткен» деп таныды.

ЕНДІГІ АМАЛ - АППЕЛЯЦИЯ

Сот отырысынан кейін Марат Жанұзақов пен оның адвокаты Елена Савинова Медеу аудандық сотының бұл қаулысына қарсы Алматы қалалық сотының аппеляциялық алқасына шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

"Балға" үкіметтік емес ұйымы қызметкерлері кеңседегі тінтудің біткенін күтіп отыр. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл.

"Балға" үкіметтік емес ұйымы қызметкерлері кеңседегі тінтудің біткенін күтіп отыр. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл.

Жанұзақовтың айтуынша, оны айыптау да, ешқайда кетпеу туралы қолхат алу шарасы да саяси астары бар әрекеттер. Ол Қазақстан оппозициясы елдегі қысымнан аулақ - Қырғызстан астанасы Бішкекте жиналыс өткізбек болған күні (сәуірдің 30-ы) қаржы полициясына шақырылғанын ескертеді.

- Ешқайда кетпеу туралы қолхат бергендіктен, Ұлы Отан соғысы ардагері болған әкемнің зиратына тағзым ету үшін мамырдың 9-ы күні туған жерім Көкшетауға да бара алмадым. Көкшетауға барып келуге рұқсат сұрап, тергеуші Мировқа арыз жазып едім, одан рұқсаттың орнына, қылмыс жасағаным туралы айыптау қаулысын алдым, - дейді Марат Жанұзақов.

2000-жылдардың басында оппозициялық «Қазақстан демократиялық таңдауы» (ДВК) қозғалысының қызметіне қатысқан Марат Жанұзақов кейін ДВК негізінде құрылған партиялар мен қозғалыстардың жұмысына араласқан.

Қазір ол сот шешімімен тыйым салынған оппозициялық «Алға» партиясының атауымен үндес «Балға» қоғамдық ұйымын басқарады. «Экстремизм» айыбымен сот арқылы жабылған партияны бұрынғы төрағасы Владимир Козлов сотталғаннан кейін біраз уақыт Марат Жанұзақов басқарған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG