Accessibility links

Жоғалып табылған сыйлық дауы

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Дәнеш Рақышев атындағы театрға «халық театры» құрметті атағымен бірге 100 мың теңге сыйлық берілгені туралы сертификат. Жаркент, 2 желтоқсан 2015 жыл.

Дәнеш Рақышев атындағы театрға «халық театры» құрметті атағымен бірге 100 мың теңге сыйлық берілгені туралы сертификат. Жаркент, 2 желтоқсан 2015 жыл.

Жаркентте жергілікті әуесқойлар театрына «халық театры» атағымен қоса берілген ақшалай сыйлықтың жоғалып кетуіне қатысты жайттар тексеріліп жатыр. Ақшаны бір айға жеткізбей қайтарып бергенімен, актерлер кінәлілерді жауапқа тартқысы келеді.

Алматы облысы Жаркент кентіндегі әуесқойлар театрында биыл жазда өрбіген оқиға «Бос конверт» деген атаумен шытырман желілі қойылымға татиды.

Дәнеш Рақышев атындағы әуесқой актер театрына мамыр айында «халық театры» құрметті атағын берген. Шығармашылық ұжым грамота мен шағын мүсінге қоса 100 мың теңге ақшалай сыйлық та алуы тиіс еді.

Алайда әлгі ақша актерлердің қолына бірден тимеген соң олардың кейбірі ақшаның қайда кеткенін сұрастыра бастаған. Шамамен бір айдан кейін қайтарылған қаржылай сыйлықты ұжым мүшелері өзара бөлісіп, әрқайсысына сегіз мың теңгеден тиген. Бірақ актерлер сыйлықтың әу баста жоғалып кетуіне кінәлі жандарды тауып, оларға шара қолдану үшін бұл оқиғаны тексеруді жалғастыруды талап етеді.

Актриса Әлия Шаймерденова (сол жақта) әріптесімен бірге. Жаркент, 2 желтоқсан 2015 жыл.

Актриса Әлия Шаймерденова (сол жақта) әріптесімен бірге. Жаркент, 2 желтоқсан 2015 жыл.

– Кейін біз еңбегімізді елеп берген ақшаның қайда кеткенін сұрастыра бастадық. Аудандық білім беру бөлімі бастығы бізді «Халық театры атағын алғандарың үшін, ол ақшаны облыстық мәдениет басқармасындағы төрт кабинетке бөліп тастап кеттім. Жұрттың бәрі солай жасайды. Кейін гастрольге шығып жатсаңдар, ақша табасыңдар» деп жұбатқан болды. Бірақ гастрольдің ақшасы арнайы есеп-шотқа түседі, ал ол жақтан ала алмаймыз. Бұл – коррупция ғой, - дейді Дәнеш Рақышев атындағы театр актрисасы Әлия Шаймерденова.

Шығармашылық ұжым мүшелері «атақ пен награданы параға сататын мұндай ұят әрі зиянды тенденцияға қарсымыз» дейді.

– Жалақымыз – небәрі 30 мың теңге, бірақ біз атақ пен сыйлықты параға емес, сіңірген еңбегіміз бен дарынымызды елеп бергеніне қуанамыз, - дейді Әлия Шаймерденова.

Артистердің құрметті атақты ақшаға сату практикасы жайлы мәлімдемесін Алматы облыстық мәдениет басқармасы бастығы «ойдан шығарылған жала» деп атады.

– 100 мың теңгені тиісті құжатқа қол қойып, нақты адам алды. Ол аудандық мәдениет бөлімі бастығы немесе сол жерде болған әрі сахнаға шығып награданы алған ресми тұлға болуы тиіс, - дейді Алматы облысы мәдениет басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов.

Дәнеш Рақышев атындағы театр ұжымына берілген марапаттау грамоталары.

Дәнеш Рақышев атындағы театр ұжымына берілген марапаттау грамоталары.

Бұл «криминалдық қойылымның» соңғы актісіне прокурорлар араласқан. Дәнеш Рақышев атындағы театр актерлері ұжымдық шағымында полицейлер «сыйлық ақшамызды бір айға жуық тығып қойған шенеуніктерді тауып, жазаласын» деген талап айтқан. Панфилов ауданы прокуратурасы ұжымдық шағым түскенін растайды.

– Бізге артистердің шағымы түскені рас. Олардың арызы тіркеліп, 361-баптың бірінші бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол іспен коррупциямен күрес департаменті мамандары айналысып жатыр. Тексеру аяқталған соң тиісті шара қолданылады, - деп хабарлады аудан прокурорының көмекшісі Құранбек Жебеген.

Қылмыстық кодекстің 361-бабында «Қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін» үш миллион теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе мүлкін тәркілеу және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру арқылы еркіндігін шектеу жазасы қарастырылған.

XS
SM
MD
LG