Accessibility links

«Аңыз адам» үшінші рет жазаға тартылды


«Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

«Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Бұл жолғы сот Гитлер туралы жазған журналдың бас редакторы мен құрылтайшысын айыппұл төлеуге кесіп, даулы мақалалар жарияланған нөмірді тәркілеуге үкім етті.

Сәуір айындағы нөмірін нацистер көсемі Адольф Гитлерге арнағаннан бері дауға іліккен «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша тағы бір сот шілденің 30-ы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.

АЙЫППҰЛ МЕН ТӘРКІЛЕУ ЖАЗАСЫ

Сот отырысы басталар алдында судья Дастан Алыбаев «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының сәуір айындағы нөміріне қайтадан сот-филологиялық сараптама жасалмайтынын айтты. Судья шілденің 28-інде өткен сот отырысында журналға қайта сараптама жасау туралы шешім шығарған еді. Ол сол шешімін әділет министрлігінің жанындағы сараптама орталығы кері қайтарғанын айыпталушы тарапқа ескертіп, құжатпен танысуды сұрады.

Әділет министрлігі жанындағы сараптама орталығы жіберген құжатта: «Қайталама сараптама тағайындаудың негіздемесі көрсетілмеген. Қайталама сараптама жүргізу үшін әрбір сарапшылық мамандық бойынша мемлекеттік тілді меңгерген, кемі екі филологтан, сондай-ақ екі саясаттанушыдан тұратын сарапшылар комиссиясын құру керек. Қазіргі уақытта мұндай сарапшылар комиссиясын құруға мүмкіндік жоқ» делінген.

«Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай мен оның адвокаты Шынқуат Байжанов құжатпен танысып шыққан соң қайта сараптама жасалмайтынына қарсылық білдірді. Ал прокурордың көмекшісі Мақсат Рысалин «іс бойынша қайта сараптама жасамай-ақ шешім шығаруға болатынын» мәлімдеді.

Бірақ сараптаманың жалғасында «Адольф Гитлер фашист емес» дейтін мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деп көрсетілген.

Бұған дейінгі сот-филологиялық сараптама қорытындысында журналдың Гитлерге қатысты мақалаларында «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыру, азаматтардың діни көзқарасына, ұлттық, рулық, немесе нәсілдік белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын немесе кемшілігін айтатын сөздер, сондай-ақ экстремизмді насихаттау немесе экстремизм актісін жасауға жария түрде шақыру белгілері жоқ» делінген. Бірақ сараптаманың жалғасында «Адольф Гитлер фашист емес» дейтін мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деп көрсетілген.

Бүгінгі сотта жаңа сараптама жасалмайтынын ескерткен судья Дастан Алыбаев прокуратура өкілінің пікірінен кейін кеңес бөлмесіне бармастан бірден сот шешімін оқып шықты.

– Жарылқап Қалыбайға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-бөлімі бойынша 15 айлық есептік көрсеткіш (27 мың 780 теңге) көлемінде, басылым құрылтайшысы «Отбасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (ЖШС) әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-бөлігі бойынша 70 айлық көрсеткіш (129 мың 640 теңге) көлемінде айыппұл тағайындалсын. Сәуір айындағы Гитлер туралы жазылған нөмірі тәркіленсін, – деді судья Дастан Алыбаев.

«СУДЬЯҒА ҚЫСЫМ»

«Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай «сот шешімі бұлайша тез шығады деп күтпегенін» айтады. Ол тамыздың 1-іне белгіленген сот отырысы шілденің 30-ында, яғни мерзімінен бұрын өтетіні туралы хабарды кеше ғана алғанын айта келе:

– Біз бұған дейінгі мемлекеттік сараптаманың екіұштылығын ескеріп, сараптама жасаған маманның өзін сот залына алдырту немесе қайта сараптама жасату жөнінде өтінішін айтқанбыз. Тіпті сараптама жасай алатын білікті мамандарды тауып, келісімін алып, телефон нөмірлеріне дейін ұсынғанбыз. Оның бірде-бірін ескермеді. Әуел бастан саяси астары бар екені белгілі еді, сондықтан басқаша шешім күту артық шығар, – дейді.

Жарылқап Қалыбайдың адвокаты Шынқуат Байжанов та «қайта сараптама тағайындау арқылы заңды шешім алуға талпынған судьяға мүмкіндік берілмегенінін» айтады.

– Судья алдын-ала дайындап қойған шешімді жарыссөз де өткізбей, кеңесу бөлмесіне де бармай бірден оқуы арқылы бұл шешім өзінікі емес екенін аңғартып отыр. Яғни судьяға қысым жасалғаны байқалады. Біз апелляциялық шағым түсіреміз, – дейді адвокат Шынқуат Байжанов.

Сотқа қатысып отырған қоғамдық белсенділер де сот шешімінің бұлайша тез шыққанына таңданып, «әділетсіз сот» туралы пікірлерін судья орнынан кетпей тұрып-ақ дауыстап айта бастады.

Тарихшы Бейбіт Қойшыбай. Алматы, 30 шілде 2014 жыл.

Тарихшы Бейбіт Қойшыбай. Алматы, 30 шілде 2014 жыл.

– Гитлер туралы жазғаны үшін «Аңыз адам» журналын айыптау таңғаларлық жайт. Өйткені басқа да қазақстандық басылымдарда «Адольф Гитлердің Германия экономикасын қалай көтергені туралы» бірнеше рет материал шықты, ол үшін ешкім жазалаған емес, – дейді бұл журналға байланысты соттарға ұдайы қатысып жүргенін айтқан тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.

Қоғамдық белсенділер «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының Гитлер туралы нөміріне қайта сараптама жасалмауын да «сот процесінің жоғарыдан тапсырыспен жасалып жатқанын білдіреді» деп бағалады.

2014 жылғы сәуір айындағы нөмірін нацистер көсемі Адольф Гитлерге арнап, ол жайлы қарама-қайшы пікірлер айтқан мақалалар жариялаған соң дауға қалған «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналы осыған дейін де екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.

Мамыр айының 11-і күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының талап арызы бойынша, «Отбасы» ЖШС мен оған қарасты «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» және «Жұлдыз жорамал» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға жиыны 120 айлық есептік көрсеткіш (222 мың 240 теңге) көлемінде айыппұл салған. Ол кезде редактор «журналды басқан баспахананың мекен-жайы көрсетілмегені» үшін жазаланған.

Сот залынан шыққан Жарылқап Қалыбай сұқбат беріп тұр. Алматы, 30 шілде 2014 жыл.

Сот залынан шыққан Жарылқап Қалыбай сұқбат беріп тұр. Алматы, 30 шілде 2014 жыл.

Ал маусымның 30-ында Алматының Алмалы аудандық соты Жарылқап Қалыбайды «Аңыз адам» журналының Гитлерді мадақтап, фашизмді насихаттағанына қорланған» 13 соғыс ардагерінің әрбіріне 1 миллион теңгеден – жиыны 13 миллион теңге моралдьдық өтемақы төлеуге және ол азаматтардан жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген.

«Жұлдыздар Отбасы. Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған нөмірі биыл сәуір айының ортасында жиі талқыланып, Ресей сыртқы істер министрлігінің реакциясын тудырған еді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі журналдың Гитлер туралы нөмір шығаруын «мүлдем орынсыз және өрескел жайт» деп санаған. Сәуірдің 21-і күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері мен өздерін НОД (ұлттық азат ету қозғалысы – ред.) деп атаған ұйымның НКВД мен совет әскері киімін киген ондаған белсендісі осыған қатысты наразылық акциясын өткізіп, журналды өртеген. Бұл оқиғадан соң жүзден астам белсенді Жарылқап Қалыбайдың «жазықсыздығын» айтып, Қазақстан президентіне арыз жазып, сотта куәлік беріп, әлеуметтік желілерде оны қолдау топтары пайда болған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG