Accessibility links

Шағымдану кезегі енді Қалыбайға тиді


Жарылқап Қалыбай, журналист, баспагер. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл

Жарылқап Қалыбай, журналист, баспагер. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл

Ұсақ бұзақылығы үшін қамалып шыққан журналист өзін сотқа берген SCAT әуекомпаниясының үстінен «тілге қатысты құқығын бұзғаны үшін» шағымданбақ. Кейбір белсенділер бұл қадам қазақ тілінің беделін түсіреді деп санайды.

«Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың адвокаты Абзал Құспан қыркүйектің 10-ы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «қазақ тілінде қызмет көрсетпегені» үшін көлік және коммуникация министріне SCAT әуекомпаниясының үстінен шағым түсіретінін айтты. Оның айтуынша, авиакомпания қызметкерлері Жарылқап Қалыбайға қызмет көрсету кезінде конституция мен Тіл туралы заң, авиация саласын реттейтін профильді заңдағы тілге қатысты ережелерді бұзған.

- Конституцияның 19-бабының 2-тармағына сәйкес, әркімнің ана тілін пайдалануға, қарым-қатынасын еркін таңдауға құқығы бар. Авиация қызметі туралы заңның 56-бабының 6-тармағы бойынша азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті деп көрсетілген, - деді адвокат.
Абзал Құспан, заңгер, Жарылқап Қалыбайдың адвокаты. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл

Абзал Құспан, заңгер, Жарылқап Қалыбайдың адвокаты. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл


Ол Қалыбайдың әуекомпания қызметін тұтынушы ретінде де құқығы бұзылғанына назар аудартты.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН ЖОҚ»

SCAT әуекомпаниясы өкілдерінің тіл ережелерін қаншалықты орындап отырғанына байланысты сауалдар жолдағанымызбен жауап ала алмадық. Бұған дейін баспасөз арқылы таратқан хабарламаларында әуекомпания «спирттік ішімдіктен қызу күйде болған және жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келтірген» Жарылқап Қалыбайға бортсеріктерінің әуелі орысша ескерту жасап, кейін мемлекеттік тілде қызмет көрсеткенін айтып баққан.

Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Жарылқап Қалыбайдың басында болған оқиғаға қатысты туған пікірталас әлі толастамай тұр. Әлеуметтік желіде бірқатар қолданушы Қалыбайдың мемлекеттік тілді талап еткенін алға шығарып, оның бұзақы әрекеттерін назардан тыс қалдырады. Ал, керісінше, оның ұшақ ішіндегі мінез-құлқын сөккендер де аз емес.
Дос Көшім, қоғамдық белсенді. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл

Дос Көшім, қоғамдық белсенді. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл


Саясаттанушы Дос Көшім «егер бортсеріктер қазақ тілінде қызмет көрсетсе, айқай-шу болмас еді» деп есептейді. Оның ойынша, мәселенің бір ұшы қазақ тіліне қатысты заңдардың орындалмауына барып тиеді.

- Менің ойымша, мұндай кикілжіңдер көбейе береді. Себебі қазақ тілінің мәселесі шешілген жоқ, - дейді Дос Көшім.

Заңгер Сергей Уткин мемлекеттік тілге қатысты талаптарды бұлайша (Жарылқап Қалыбайша – ред.) жүзеге асыруға болмайтынын айтады.

- Мейлі, тілге қатысты құқығы бұзылса да, сол үшін оның ұшақта дауласуына құқығы жоқ еді. Тілге қатысты шағымданудың өз тәртібі бар. Сол бойынша сотқа шағым беруі тиіс еді. Солайша құқығын қорғауы керек еді, - дейді ол.

«ӘУЕЛІ ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК»

Мемлекеттік тілді қолдану мәселесін шешуді бұзақылық оқиғасы тіркелген мұндай жағдайдан соң талап ету керісінше сол тілдің беделіне әсер етуі мүмкін деп санайтындар да бар.

Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина нақты осы жағдайда қазақ тілінің мәселесін көтеру артық деп есептейді. Ол қоғам алдындағы жауапкершілік тіл мәселесімен бүркемеленбеуі тиіс деп санайды.
Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.


- Менің ойымша, сенімге селкеу түсіруге болмайды. Қазақ тілі мәселесі, ұлттық сана-сезім – бұл өте маңызды. Оған қатысты мәселелерде тазалық сақталуы тиіс. Бүгінгі жиынды өткізгендер мәселенің мәніне толық қанықпаған сияқты. Олар осылайша қазақ тілі мәселесі сияқты өте маңызды сұрақтың беделін жояды, - дейді ол.

Қыркүйек айының басында «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдарының редакторы Жарылқап Қалыбай SCAT әуекомпаниясы қызметкерінің шағымы бойынша «бұзақылық жасау» бабымен әкімшілік жазаға тартылып, үш күнге қамалған еді. Қамаудан босай сала «кінәсін мойындаған» Жарылқап Қалыбайдың түсіндіруінше, айқай-шуға әуекомпания қызметкерінің «орыс тілінде сөйлеуді талап еткені» себеп болған. Ал әуекомпания «жолаушының бортсеріктерге дөрекілік танытып, олардың қызметіне кедергі келтіргенін, ұшуға қауіп төндіргенін, жолаушылардың мазасын алғанын» мәлімдеген болатын.

Оның қамалғаны туралы хабар әлеуметтік желіде жылдам таралып, журналист «қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етемін деп істі болды» деген пікір орныға бастаған. Осыдан соң Алматыда өздерін ұлтшыл-патриоттар деп атайтын белсенділер жиналып, журналист үш күндік қамаудан шыққанша қолдау акциясын өткізген.

Көлік және коммуникация министрлігі қыркүйектің 10-ы күні 2013 жылдың аяғына дейін бортсеріктердің мемлекеттік тіл білімі деңгейі тексерілетінін мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG