Accessibility links

Желтоқсаншыларды ақтауға құжаттардың жойылып кетуі, қаражаттың тапшылығы қолбайлау дейді депутат


Желтоқсан оқиғасына қатысушыны ұстап жатқан совет милициясы. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. Сурет Орталық мұрағаттан алынды.

Желтоқсан оқиғасына қатысушыны ұстап жатқан совет милициясы. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. Сурет Орталық мұрағаттан алынды.

«Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің өкілдері депутаттардан желтоқсандықтарды ақтауға атсалысуды тағы талап етті. Олар Кеден одағына наразылық пен Кенесары ханның басын қайтару мәселесін де көтерді. Депутаттар мәселені шешуге құзыретіміз жетпейді, қаражат тағы жоқ деп күмілжіді.


23 ЖЫЛДАН БЕРІ АҚТАЛА АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕР

Қолдарына «Желтоқсан оқиғасына тарихи-саяси баға берілсін!» және «Желтоқсандықтар толығымен ақталсын!» деп жазылған плакаттар ұстаған жиырма бестей азамат астанаға Алматыдан әдейі келгендіктерін айтады.

–- Алаңда дубинкамен соққан кезде ішегімді түсіріп жіберген. Қазір денсаулығым жоқ, міне 45-ке келдім. Алматыдан, осы жерге әдейі келдік. Анау терезеден қарап тұрған ағаларымызға айтайын деп келдік. Сонда тепкілеп жатқанды көздерімен көрді, араша түскен жоқ бір де бірі. Қазір ең болмағанда ақтау қағазын бермей отыр. Анда сілтейді, мында сілтейді біздің бармаған жеріміз жоқ, енді қашанғы өстіп жүреміз? – дейді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Гүлнар Түстікбаева 23 жыл бұрынғы ызғарлы күндерді еске алып.
Желтоқсан ақиқаты" қозғалысының мүшелері парламент алдына бұрын да барған. Астана. 2 желтоқсан, 2009 жыл.


Парламент ғимаратының алдына жиналғандар, 1986 жылдың желтоқсан айында Алматыдағы қазақ жастарының Мәскеу билігінің шешіміне қарсы наразылығына қатысқандарын, сол үшін билік тарапынан жапа шеккендерін, алайда әлі күнге дейін ақталмағандықтарын айтты. Олар парламенттен өздерін ақтауды, түрлі жеңілдік тағайындауды сұрап отыр.

Тіпті олардың кейбіреуі өздерінің Желтоқсан көтерілісіне қатысқандығы туралы анықтаманы да ала алмай жүргендіктерін де айтады.

– Архив сақталмағандықтан бізді желтоқсандықтар деп есептемей отыр. Сол кездегі саясаттың кесірінен Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар туралы мәлімет-деректер әдейілеп жойылып жіберілген, – дейді ендігі бір желтоқсаншы Қалелхан Әділханов.

Парламент алдына жиналғандардың сөзіне қарағанда, олар өткен жылдың желтоқсаны мен үстіміздегі жылдың қаңтарында парламентке бірнеше қайтара өтініш хат жазған. Алайда еш жауап болмаған соң үшінші мәрте тағы келіп отыр. Олардың айтуынша, Қазақстанда Желтоқсан оқиғасына қатысқан бірнеше жүздеген адам ғана ақталған. Ал қуғын-сүргінге мыңдаған адам ұшыраған.

– Қолдарында қағазы болса да, ақтала алмай жүргендер бар. Солардың құқын қорғаймыз деп, бәріміздің атымыздан ашық хат алып келгенбіз. Біз дұрыс заң қабылданғанын қалаймыз. Мәселен, кезінде 16-17 желтоқсан «Демократиялық жаңару күні» болған. Кейіннен Тәуелсіздік күніне ауыстырып тастады. Осының барлығы әдейі, Желтоқсан көтерілісін тарихтан өшіру, әлде ұмыттыру үшін жасалынып жатқан болар деп ойлаймын, – дейді «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы.

«ЖЕЛТОҚСАНШЫ ЕКЕНІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?»

Желтоқсандықтардың хатын алған парламент депутаты Нұртай Сабилянов, олар қойып отырған мәселелерді бір ғана заң аясында шешу мүмкін емес екендігін айтты.

– Мен де 1986 жылы алаңға шықтым. Сондықтан мен оларды түсінемін. Бірақ жалғыз парламент қазіргі кезде заң шығарып, олардың мәселесін, әлеуметтік жағдайын шешіп бере алмайды. Қаражатқа бізде бюджеттен ақша табыла ма? Одан өзге Желтоқсан оқиғасына қатысқан кей азаматтардың айтуынша, оларда құжат жоқ. Ал енді құжат жоқ болса, біз оның шындығында Желтоқсан оқиғасына қатысқандығын қайдан білеміз? – деді депутат өз сөзінде.

Полиция қызметкерлерінің жіті қадағалауындағы депутаттарға хат тапсыру шарасы бейбіт, тыныш өтті, ешкім ұсталған жоқ.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG