Accessibility links

Шаруашылық дауы қаланы қоқысқа толтырды


Жиналып қалған қоқыс. Жезқазған, 9 тамыз 2013 жыл. (Суретті азаматтық белсенді Берік Жағыпаров жолдаған)
Жиналып қалған қоқыс. Жезқазған, 9 тамыз 2013 жыл. (Суретті азаматтық белсенді Берік Жағыпаров жолдаған)

Компаниялар арасындағы келісім бұзылуы кесірінен екі апта бойы Жезқазған қаласының қоқысы тазартылмай қалды.

Жезқазған тұрғыны Наталья Соколюк қала шетіндегі өзі тұратын елді мекеннен қоқыстың шығарылмағанына екі аптадан асып кеткенін айтады. Оның сөзінше, қаладағы көп қабатты және жер үйлердің маңындағы тұрмыс қалдықтарына арналған орындарда қоқыс жиналып қалған.

– Аптаның сәрсенбі және сенбі күндері жинап әкететін. Ал шілденің 26-сынан бері қалада қоқыс үйіліп қалды. Тұрғындар шағымданғанымен, жағдай сол күйі өзгерген жоқ. Күйеуім бүгін «қалада қоқыс жинайтын машинаға қалдықтар тиеп жатыр» деп келді, бірақ біз жаққа әлі жете қойған жоқ, – деді ол тамыздың 13-і күні Азаттық тілшісіне.

Тұрғындардың айтуынша, Жезқазғандағы «қоқыс мәселесіне қатысты комиссия шығады» деген хабар тараған соң осы аптада кейбір жерлерде қоқыс жинайтын арнайы техникалар қайтадан жұмыс істей бастаған.

«АРЕНДА АҚЫСЫН ТӨЛЕМЕГЕНІМІЗ РАС»

Шілде айына дейін Жезқазған қаласында қоқыс жинау жұмыстарын Isker GN компаниясы атқарып келген. Бұл компанияға «Қазақмысқа» тиесілі Жезқазған мыс қорыту зауыты 75 миллион теңгеден астам қаржыға сатып алған қоқыс жинайтын арнайы техниканы жалға берген.

– Былтыр осы жұмысты атқару үшін жарияланған конкурсты біз жеңіп алған соң Жезқазған мыс қорыту зауыты өндірістік бірлестігі жаңадан жеті техника сатып
Жиналып қалған қоқыс. Жезқазған, 9 тамыз 2013 жыл. (Суретті азаматтық белсенді Берік Жағыпаров жолдаған)
Жиналып қалған қоқыс. Жезқазған, 9 тамыз 2013 жыл. (Суретті азаматтық белсенді Берік Жағыпаров жолдаған)
әперген. Оларға ай сайын арендалық ақысын төлеп, кейін біржолата өзіміз сатып алатын болып келісімге отырған едік. Бірақ 24 шілдеде бізге келісімді бұзатыны туралы ескерту әкеп тастады да, 25 тамызда барлық техниканы алып қойды. Қалада қоқысты тазалаумен басқа компания айналысатынын айтты, – деді Isker GN компаниясының атқарушы директоры Қайрат Мейірбеков Азаттыққа.

Ол өзі басқаратын кәсіпорынның келісімде көрсетілген ай сайынғы төлемді Жезқазған мыс қорыту зауытына төлемей келгенін мойындады.

– Ай сайынғы аренда ақысын төлемей келгеніміз рас. Бірақ біз төлемнен қашып отырған жоқпыз. Олар бізге ескертіп, мұрсат берсе, жыл соңына дейін ол ақшаны төлер едік. Ал тұрмыстық қалдық пен қоқыс шығару жұмысы үшін Қазақстан бойынша ең арзан төлем біздің қалада – жан басына 80 теңгеден. Тарифті көтеруді сұрап, көктемде қала билігіне өтініш жасағанбыз, алайда оған рұқсат бермеді, – деді Қайрат Мейірбеков.

«БІР ТЕКШЕ МЕТР ҚОҚЫСТЫ ШЫҒАРУҒА – 5 МЫҢ ТЕҢГЕ»

Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының міндетін атқарушы Маруа Келмағамбетоватың айтуынша, «Isker GN компаниясы мен Жезқазған мыс қорыту зауыты арасындағы шаруашылық дауына жергілікті атқарушы билік араласа алмайды».

– Isker GN компаниясы төлем жасай алмаған соң осындай дау туып отыр. Қалада қоқыстан тазарту жұмыстары атқарылмаса, ол мекемемен келісім-шарт
Жиналып қалған қоқыс. Жезқазған, 9 тамыз 2013 жыл. (Суретті азаматтық белсенді Берік Жағыпаров жолдаған)
Жиналып қалған қоқыс. Жезқазған, 9 тамыз 2013 жыл. (Суретті азаматтық белсенді Берік Жағыпаров жолдаған)
тоқтатылатыны құжатта көрсетілген. Біз ол туралы компанияға өткен аптада жазбаша ескерттік. Келісім тоқтаған соң бір айдан кейін қайтадан конкурс өтеді, – деді Маруа Келмағамбетова Азаттыққа.

Шілденің 29-ынан бері Жезқазғанның қоқысын көршілес Сәтпаев қаласының «Сәт тазалық» кәсіпорыны тазарта бастаған. Тамыз айында қайта құрылған бұл кәсіпорын басшысы Сергей Чирков бұрын Isker GN компаниясы қарамағында болған техниканы қолданып жатқандарын айтты.

– Жезқазғанда жалпы сыйымдылығы 75 текше метр болатын оннан астам техника жұмыс істеп жатыр. Негізі бір текше метр қоқысты шығару бағасы шамамен 900 теңге мөлшерінде белгіленгенімен, іс жүзінде жұмыстың өзіндік құны 5 мың теңгеге жуық, – дейді Сергей Чирков Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Жезқазған мыс қорыту зауытынан түсініктеме алмақ болғанымен, зауыттың байланыс телефондары жауап бермеді. Зауыт бұған дейін күзден бастап жөндеу жұмыстарына орай уақытша жабылатынын хабарлаған еді.

Жергілікті мамандардың айтуынша, Жезқазғанда қоқыс тазалау жұмыстары бәсекелестік нарығына көшкен соңғы екі жылдың көлемінде осымен төртінші компания ауысқан.
XS
SM
MD
LG