Accessibility links

Прокуратура «Нұрбанктің» жоғалып кеткен топ-менеджерлерінің сүйектері табылды деп хабарлады


"Нұрбанктің" жарнамалық тақтасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл

"Нұрбанктің" жарнамалық тақтасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл

Бұл мәйіттер «Нұрбанктің» 2007 жылы жоғалған топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтікі болуы мүмкін дейді Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Жандос Өмірәлиев.


«13 мамырда Алматыдан, «Қазтелерадионың» тау жақтағы қоймасы аумағынан, 3-3,5 метр тереңге көмілген темір бөшкелерден әкке араласқан екі мәйіт табылды. Мәйіттердің басына қара бас киім кигізіліп, полиэтилен дорбамен орап тастаған. Мойындарына жіп пен сым оралған. Алдын-ала тексеру барысында бұл мәйіттер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтікі деуге әбден негіз бар» деді Жандос Өмірәлиев сейсенбі күні Астанада өткен брифингте.

Оның айтуынша, «мәйіттер табылған жер бұрын тергеу барысында қылмыс құрбандарының көмілген орыны» ретінде қарастырылған. «Тенгриньюс» агенттігінің хабарлауынша, «тергеу амалдарына жүгінсек, 2007 жылы 9 ақпанда қылмыскерлер Темірәлиев пен Хасеновті белгісіз бағытқа алып кеткен уақытта қылмыскерлер дәл осы мәйіттер табылған аумақта болғаны туралы деректер бар» дейді Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Өмірәлиев.

«Мәйітердің бірінен «Блейзер» этикеткасы сақталған іш киім табылды. Хасеновтің жұбайы бұрын күйеуінің дәл осындай киімі бар екенін айтқан болатын. Мәйітердің бірінің тіс протездері Темірәлиевтің тіс протездерімен біркелкі екенін анықталып отыр» дейді бас прокуратура өкілі.

Жандос Өмірәлиев қазір қазақ және неміс мамандарының мәйіттерді сараптамадан өткізіп жатқанын айтты.

«Нұрбанктің» жоғалған қызметкерлерінің ісін тергеушілер бұған дейін де Алматы маңынан адам сүйектерін тауып алғанын хабарлаған. 2007 жылы қазанның 17-сі күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Амантай Әубәкіров шұғыл түрде брифинг өткізіп, содан бір күн бұрын полицияның оперативтік тергеу тобы Алматы облысы Қарасай ауданы Көлді елді мекеніндегі Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиевтің иелігіндегі жерге жақын тұстан адам сүйектерін тауып алғанын мәлімдеген. Тергеу орындары Алматы маңынан табылған адам мәйіті «Нұрбанктың» ұрланған қызметкерлерінің бірінікі болуы мүмкін деген болжам жасаған.

Қазақстан билігі «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің жоғалуына ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы бар деген еді. Ал Рахат Әлиев пен оның бұрынғы серігі Әлнұр Мұсаев «бұл айып ойдан шығарылған, Астананың ресми тапсырысы» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG