Accessibility links

"Күдікті" Ертаевтың қайда екені белгісіз


"Альянс банктің" бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаев.
"Альянс банктің" бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаев.

"Альянс банктің" бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаев қаржы жымқырды деген күдікке ілінді деп хабарлады Қазақстанның бас прокуратурасы. Ертаев соңғы кездері қызмет еткен компания оның қайда екенін айтпайды.

Қазақстан бас прокуратурасының дерегінше, Жомарт Ертаев "Альянс банктегі" лауазымды тұлғаларға қатысты істе" күдікті ретінде танылған. Прокуратура сайтындағы дерекке қарағанда, Ертаев "өзгенің сеніп тапсырған аса қомақты мүлкін бір топ адаммен біріге отырып, қызмет бабын пайдалана отырып иемденді және жұмсады" деген күдікке ілінген. Анық қандай іс тексеруге негіз болғаны, бұл іс бойынша тағы кімдер жауапқа тартылғаны, қазір Жомарт Ертаевтың қайда екені айтылмаған.

"Альянс банкті" 2002-2007 жылдары басқарған Жомарт Ертаев бұған дейін де жауапқа тартылған еді. 2009 жылы қаржы полициясы банк акционерлері мен менеджерлеріне заң бұзды деп айып таққан кезде Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырып босап шыққан. Кейін 1 миллиард доллар қаржы жымқыруға байланысты бұл іс "бухгалтерлік және қаржылық есеп заңнамасын бұзу" және "банктің қаржысын заңсыз жұмсау" деген баптарға ауыстырылған. Ол кезде сотқа тартылған адамдардың арасында банктің директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсенбаев та болған.

Жомарт Ертаев 2014 жылы "Алма-ТВ" компаниясына басшы болып тағайындалған. Компания Ертаевқа тағылған айып туралы да, оның қайда екені жайлы да ешбір ақпарат бермеді. Мекеменің баспасөз орталығы Жомарт Ертаевтың онда әлі басшы екенін айтты, оның кеңесшісі Александр Ляхов бастығы жайлы мәліметке түсініктеме бермеді.

​Азаттық "Альянс банктің" бұрынғы иесі әрі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, 2009 жылы «банк қаражатын жымқырды» деген айыпқа іліккен соң шетелге кетіп, бір жылдан кейін Қазақстанға оралған Марғұлан Сейсембаевқа да хабарласты. Ол жаңа тексерудің өзіне қатысы жоғын, бұл жолғы тергеуге бұрынғы менеджерлер іліккенін айтты.

Қазақстанның бас прокуратурасының баспасөз қызметі арасында Жомарт Ертаев та бар күдіктілерге қатысты жаңа іс жайлы дерек бермеді. Шілденің 7-сі күні түстен кейін прокуратураның сайтындағы Ертаевқа қатысты ақпарат та жоғалып кетті.

"Альянс банк" Қазақстанда қаржылық дағдарыс болған 2009 жылы дефолт жариялап, кейін реструктуризацияланған. Биыл банк қайта құрылып, оның құрамына "Темірбанк" пен ForteBank қосылғаны хабарланған. Ақпанның 10-ында "Альянс банктің" атауы ForteBank болып өзгергені хабарланған.

XS
SM
MD
LG