Accessibility links

Құқыққорғаушы Жовтис өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі «тапсырыс» деп мәлімдеді


Адам құқтары бойынша қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.
Адам құқтары бойынша қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.

Адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасының себепкері Жовтис өзіне қозғалған қылмыстық істің тапсырыстық сипаты бар дейді. Оның адвокаты істі тергеуде заңсыздықтарға жол берілгенін айтады. Алғашқы сот отырысы тамыздың 27-інде өтпек.


ЖОВТИСТІҢ ТАҒДЫРЫ БАҚАНАСТА ШЕШІЛМЕКШІ

Адам құқы бойынша халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі «тапсырыс» деп бағалайтындығын мәлімдеді.

- Бұл саяси тапсырыс па, әлде біреулердің тапсырысы ма, мен оны білмеймін. Бірақ бұл қылмыстық істің тапсырыс екеніне менің күмәнім жоқ, –деді Е.Жовтис.

Оның бұлай деп мәлімдеуіне, жүргізіліп жатқан істің барысы итермелеп отыр.

- Бұл іске қатысты мені айыптауға еш негіз жоқ. Алайда мені біреудің тапсырысымен айыптау қажет болғандықтан, тергеу ісіне уақыт пен кеңістікті ұштастыру керек болды. Ал ондай ұштастыруға олар менің берген жауаптарымды бұрмалау арқылы қол жеткізді, – дейді құқыққорғаушы.

Е.Жовтистің айтуынша, ол жол - көлік апатының орын алғандығына қатысты бастапқыда берген жауабынан айнымаған.
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис және оның адвокаты Шолпан Батқалова Алматыдағы баспасөз мәслихатында. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.


- Мен ең алғашқы түсініктеме бергеннен бастап, өзімнің шамамен 150 метрден бастап нашар көре бастағанымды айттым. Оған - қарама қарсы келе жатқан аутокөліктің жарығын азайтпағаны да себеп болды. 70 -100 метрден кейін мен одан да нашар көре бастадым, ал 40-30 метрде тіптен ешнәрсе көре алмадым. Алайда тергеуші мені «қайғылы оқиға орын алған жерге 100 метр қалғаннан бастап ешнәрсе көре алмады» деп көрсетіпті, – дейді Е.Жовтис.

Оның пайымдауынша, мұндай әрекеттер техникалық сараптаманың тиісті қорытындысын алу үшін қажет, ал ол тиісінше біреулерге өзін соттату үшін керек.

- Мұндай техникалық сараптаманың қорытындысы тергеушіге, менің жол - көлік оқиғасын болдырмау мүмкіндігім бола тұра ол мүмкіндікті қолданбағандығым туралы қорытынды жасауға негіз болмақ. Ал олай болған күнде, мені қылмыскер деп тауып, соттау ғажап емес, – дейді Жовтис.

Құқыққорғаушы, алдағы бейсенбі, тамыздың 27-інде Алматы облысы, Балқаш ауданының Бақанас елдімекенінде өтетін соттың әділ болатынына күмәнмен қарап отыр. Оған тергеу ісінің барысында құқық бұзушылықтарға жол берілгендігі негіз болып отыр.

- Егер сот әділет вице-министріне қатысты істі жүргізгендей, маған қатысты істе де заңның шеңберінде жүргізетін болса, онда сотты бастамай-ақ аяқтау қажет болады. Қылмыстық істі лақтырып жіберу керек болар еді, алайда...- дейді Евгений Жовтис.

ІСТІ ҚАЙТА ТЕРГЕУ ТАЛАБЫНА ЖАУАП БОЛМАҒАН

Евгений Жовтис бұл істі саясиландырмауды өзінің о бастан-ақ мәлімдегенін еске салады. Алайда тергеу барысында Ішкі істер министрлігі түрлі қитұрқы амалдарды қолданып отыр дейді құқыққорғаушы. Олардың алғашқысы Евгений Жовтистің куәгерден күдіктіге айналуы болып табылады.

Жовтистің адвокаты Шолпан Батқалова, шілденің 27-інен бастап тамыздың 14-іне дейін Евгений Жовтис іске куә ретінде қатысқандығын айтады. Ал сол 14-інде өзінің күдікті екендігін білген. Сол себептен осы уақыт аралығында куәгер Жовтис өзінің күдіктіге тиесілі құқығынан айырылған деп пайымдайды адвокат.

Қазіргі таңда тиісті шағым жазылып, облыс пен бас прокуратураға мәлімдеме жарияланды. Онда олар бірқатар талаптар қойып отыр.

Шолпан Батқалова, Евгений Жовтистің адвокаты.
- Біріншіден, бұл істі қайта тергеуге жіберу. Екіншіден, шілденің 27-і мен тамыздың 14-іне дейінгі аралықта іс материалдары бойынша Жовтис куәгер емес күдікті болғандықтан, осы аралықта барлық жүргізілген тергеу істеріне қатысты материалдарды жоққа шығару. Соңғысы, Евгений Жовтистің іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, өндірістен қысқартуды сұрап отырмыз, – дейді адвокат.

Алайда прокуратура бұл шағымға жауап берместен істі сотқа жіберген.

Ал осы іске қатысты Ішкі істер министрлігіне хабарласқанымызда, министрлік өкілі Қуанышбек Жұманов:

- Жовтистің ісі прокуратура арқылы сотқа берілді. Ары қарай біз ешқандай түсініктеме бере алмаймыз, – деп қысқа қайырды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі, Жовтис жасаған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеу барысында кешенді сот-сараптама жүргізілгендігін мәлімдеген болатын. Ол медициналық, техникалық, физикалық және автотехникалық. Соңғы сараптаманың қорытындысына сәйкес Жовтистің жаяу жүргіншімен соқтықпауға техникалық мүмкіндігі болған. Ал, химиялық сараптама құрбан болған азамат Молдабаевтың ішімдік ішпегенін анықтаған.

Жовтиске ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабының екінші тармағы бойынша айып тағылып, 15 тамызда алдын-ала ісі тергеу аяқталды. Іс бойынша бірінші сот мәжілісі Алматы облысына қарасты Бақанас кентінде 27 тамызда өтуге тиіс.

САЯСИЛАНДЫРМАСАҢ ДА САЯСИЛАНАДЫ

Жовтистің қоғамдық қорғаушысы, құқықтық саясатты зерттеу Орталығының директоры Вера Ткаченко бұл істі саясиландырмауды сұрады.

- Алайда мен мына нәрсеге назар аударғым келеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ –на төрағалық ететін уақыты таяп келе жатқан шақта, Е.Жовтис
Вера Ткаченко, құқыққорғаушы Евгений Жовтистің қоғамдық қорғаушысы.
елді демократизациялаудағы өзіне алған міндеттемелерін орындамай жатқан Қазақстан үкіметін қатаң сынға алған болатын. Осыған қатысты Жовтис Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты мәлімдеме дайындады. Ол мәлімдемені қыркүйектің 28-інде Варшавада өтетін ЕҚЫҰ конференциясында жария етпек болатын, ал мынандай жағдайдан кейін ол мәлімдеменің жариялануы екіталай, – дейді Вера Ткаченко.

Оның пайымдауынша, аталмыш жиынға Евгений Жовтистің бару - бармауы – осы істің «тапсырыс» па, жоқ па?» деген сұрағына өзіндік жауап болмақ.

Евгений Жовтистің ісі халықаралық деңгейге дейін белгілі болып отыр. 21 тамыз күні Жовтис ісінде заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін құрылған халықаралық комитет өзінің алғашқы мәлімдемесін таратып, аталған істе заңдылық пен әділдік бағытын ұстануға шақырды.

Естеріңізде болса, адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис өзі айдап келе жатқан «Тойота» маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жасар жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Қағып кеткен азамат оқиға орнында қаза тапқан еді.
XS
SM
MD
LG