Accessibility links

Жовтиске қолдау танытып Арбатқа шыққандар дабылды қоңырау үніне назар аударуға шақырды


Арбаттағы «Бүгін – Жовтис, ертең - сен!» акциясына қатысушылар. Алматы, 7 қазан, 2009 жыл.

Арбаттағы «Бүгін – Жовтис, ертең - сен!» акциясына қатысушылар. Алматы, 7 қазан, 2009 жыл.

Сәрсенбілік Евгений Жовтисті қолдау акциясына қазанның 7-сі күні шыққан «Азат» партиясының өкілдері полицияға салмақ салмай акция хаттамасын алдын ала толтырып әкелгендерін айтты. Олар Жовтис ісіне қатысты апелляциялық соттың әділ өтуін талап етті.


Акцияны өткізуші «Азат» партиясының өкілдері наразылық шарасын әдеттен тыс плакатсыз, ұрансыз бастады. Сол себепті құқық қорғау органдары оларды сырттан бақылап қана тұрды. «Азат» партиясы төрғасының орынбасары Маржан Аспандиярова жиналғандарға Евгений Жовтис ауыр жол апаты емес, өзінің азаматтық позициясы үшін қамалып отырғанын жеткізді.

«Мен өз басым Евгений Жовтисті танитыныма 15 жылдай болды. Бұл азамат көп жылдан бері Қазақстанды демократияландыру жолында тер төкті. Біраз жұмыстар атқарды. Сондықтан да қайткен күнде де Евгений Жовтистің жақында болатын апелляциялық
«Азат» партиясы төрғасының орынбасары Маржан Аспандиярова. Алматы, 7 қазан 2009 жыл.
сотының әділ шешім қабылдап, Евгений Жовтисті, Тоқнияз Күшіковті, Рамазан Есіргеповты т.б заңсыз сотпен сотталған азаматтардың істерінің әділ қаралуын талап етеміз», - деді Маржан Аспандиярова.

Акцияға қатысушы Петр Своик жол апатынан көз жұмған азаматпен қатар Евгений Жовтисті де оқиға құрбаны деп атады.

«Евгений Жовтистің жол көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндігі болмады. Оның бұған өте қатты уайымдағанына куә болдық. Ал билік болса мұны пайдаланып, құқыққорғаушылық қызметі үшін «есеп айырысуда». Евгений Жовтистің қамалуы жол апатымен емес, саяси себептермен байланысты болғандықтан оның босатылуын талап етеміз», - деді Петр Своик.

«Азат» партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Қадыржан Асқаров:

«Қазақстанда сот жүйесінде әділетсіздіктер бұрын да болған. «Шаңырақты» қорғаушылар Арон Атабек, Ерғанат Тараншиевтердің қайда екенін бәріміз білеміз. Қазір Евгений Жовтис сол әділетсіздіктермен бетпе-бет келіп отыр».

Акция көпшіліктің назарын аудартты. Онда арнайы келген адамдар да болды, кездейсоқ куә болып, сырттан бақылағандар да көп. Мұны байқаған акцияны ұйымдастырушылар сәрсенбілік бұл шараның барған сайын өшіп емес, өршіп бара жатқанын айтты. Акцияны қызықтап қарап тұрғандардың бірінің: «Жовтис бұрын қайда болған?» деген сұрағына да жауап берілді:

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик. Алматы, 7 қазан 2009 жыл.
«1990-шы жылдардың басында жас Евгений саясаткер болғысы келді. Ол Қазақстанның социал-демократиялық партиясының негізін қалаушылардың бірі болды. Одан кейін саясаттан алшақ кетті. Саясаттан көңілі қайтқаннан емес, құқық қорғау қызметімен айналысқысы келгендіктен. Ол Адам құқығы бюросын ұзақ уақыт бойы құрды. Осы уақыт аралығында өзі де өсті. Ол негізінен мамандығы бойынша тау-кен инженері, техника ғылымының кандидаты. Заңгерлік білім алады. Қарапайым заңгерден жоғары кәсіпқой дәрежеге жетті. Қазақстан қол қойған Адам құқығы саласындағы халықаралық құжаттардың барлығын да Жовтис біледі деп айта алам. Осындай адаммен құқық қорғау органдарының «есептесуі» үлкен драма. Бұлайша ұзақ жалғасуы мүмкін емес», - деп Петр Своик Жовтистің өмірбаянымен таныстырып өтті.

Акция соңына таман Жовтис бейнеленген, «Бүгін – Жовтис, ертең - сен!» деген жазуы бар қоңырау соғылды.

Сыртында адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис бейнеленген, «Бүгін – Жовтис, ертең - сен!» деген жазуы бар қоңырау.
«Бұл қоңырау нені білдіреді? Бұл дабылдың белгісі - әркімге арналады. Біз бәріміз болып жатқан жағдайды көрмесек, яғни қоңырау үнін естімесек, оған наразылық білдірмесек, ертеңгі күн бұлыңғыр болып қалады», - деді Маржан Аспандиярова.

Осы сәтте акцияны өткізушілер кешігіп жеткен плакаттарды қолдарына ұстап жоғары көтере бастап еді, құқық қорғау қызметкерлері келіп, акцияның заңсыз екенін ескертті. Дегенмен акцияны өткізушінің бірі Маржан Аспандиярова бұл ескертулердің бәрі де бекершілік екенін айтып, құқық қорғау қызметкерлері үшін алдын ала дайындап келген қағазын ұсынды.

«Бізді үйде, жұмыс кезінде ешбір мазаламасын деп осындай қағаз дайындап келдік. Оның үстіне полиция қызметкерлері бір хаттаманың өзін дұрыс толтыра алмайды. Оған талай көз жеткіздік. Сондықтан олар бекерден-бекер әуреленбесін деп, қағазымызды тапсырдық», - дейді Маржан Аспандиярова.

Полиция қызметкерлері Арбатқа наразылық білдіріп шыққандардың қолындағы жазуларды күштеп тартып алып кетті. Алматы, 7 қазан 2009 жыл.
Акция соңында азаттықтар Арбат бойымен плакат көтеріп жүрмекші еді, бірер минуттан соң полиция қызметкерлері плакаттарды жұлып-жұлып алды. Оларға қатысты полиция тарапынан хаттама жазылған-жазылмағаны әзірге белгісіз.

Қыркүйек айының басынан бері сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан көпшілік акцияны журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастаса, наразылық акциясын журналист Андрей Свиридов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен журналист Сергей Дуванов, журналист Жанна Байтелова, қала тұрғыны Ольга Оразбекова және студент Ринат Қирабаев әрі қарай жалғастырған еді. Олардың бәрі де әкімшілік сотқа тартылып, айыппұл салынды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. «Жовтис ісі» бойынша апелляциялық шағым 20 қазанда қаралады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG