Accessibility links

Бірқатар халықаралық ұйымдар Жовтисті қолдап мәлімдеме жасауда


Адам құқын қорғаушы Евгений Жовтис Бақанастағы сотта. Алматы облысы, 2 қыркүйек, 2009 жыл.
Адам құқын қорғаушы Евгений Жовтис Бақанастағы сотта. Алматы облысы, 2 қыркүйек, 2009 жыл.

Сәрсенбі күні түрлі халықаралық ұйымдар, атап айтқанда, «Хьюман Райтс Вотч», «Фридом Хауз», ЕҚЫҰ, Ашық қоғам институты Евгений Жовтис ісіне қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған Алматы облыстық сотын айыптап, істі қайта қарауға шақырды. Астана әзірге үнсіз.

Қазанның 20-сы күні Алматы облыстық соты адам құқын қорғаушы Евгений Жовтисті кісі өліміне айыпты ретінде төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы 3-қыркүйекте Балқаш аудандық сотының шығарған үкімін күшінде қалдырған болатын. Осыған орай

Халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде адам қағып, істі болған Жовтис ісінде заң бұзушылықтардың көп болғаны, айыпкерге өз құқын толыққанды жүзеге асыруға, өзін-өзі қорғауға мүмкіндік берілмегені турасында айтылады.

«Бұл шешім Қазақстандағы әділ сот стандартының қамын ойлаушылар үшін соққы болды», — деді «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Рейчел Денбер. Жовтиске шығарылған үкімнің өзгеріссіз қалғанына сондай ақ, ЕҚЫҰ, Ашық қоғам институты, «Фридом Хауз» халықаралық ұйымдары да алаңдаушылық білдірді.

«Біз апелляциялық шағымның қанағаттандырылмауына алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Сәйкесінше, бастапқы процесс кезінде болған заң бұзушылықтарға байланысты арнайы құқықтық процедуралардан өтуі керек деп есептейміз» деді ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институт пен Адам құқығы бойынша кеңсесінің (ODIHR) директоры Дженез Ленарчич.

БИЛІК БАТЫСТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРІНЕ АСА ЗӘРУ ЕМЕС

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Евгений Жовтисті қорғау штабының мәлімдемесін оқып тұр. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов биліктің халықаралық ұйымдардың өтінішіне мән бермейтініне сенімді.

Сергей Дуванов: «Тіпті ол ЕҚЫҰ, мемлекеттік департамент сияқты үкіметаралық қауымдастықтардың да мәлімдемесі болсын, оған билік тырп етпейді. Неге? Себебі, билік бүгінгі таңда Батыстың қоғамдық пікіріне аса қатты зәру емес және ол әлемде Путин жүзеге асырып отырған доктринаға сай саяси ойынын жалғастырып келеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қарсаңында Қазақстан билігінің бар жасап отырған тірлігі өзінің тәуелсіз позициясын көрсету, яғни «қабылданатын шешімнің бәрі қабылданып қойды, оны кері қайтару мүмкін емес, ЕҚЫҰ Қазақстанды қандай болса, сондай қабылдауы тиіс» деген сияқты позицияда екендігін көрсету».-дейді.

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, биліктен бір жауап болатын болса, онда ол «заң- бәріне ортақ» деген жауап болады.

Рысбек Сәрсенбайұлы: «Жовтис биліктің, бүгінгі саяси жүйенің барлық заңсыз әрекеттерін Еуропада, басқа мемлекеттерде айыптаушы адам болып отыр ғой. Сол себепті бұл билік үшін одан 3-4 жылға болса да, құтылу үшін жақсы сылтау, жақсы мүмкіндік. Сондықтан билік ол мүмкіндікті о бастан жібермеуге бекінген. Кешегі сот процесі дәл осыны көрсетіп отыр. Өйткені, қаза тапқан жігіттің анасының өзі кешірім жасап отырғанның өзінде де оны негізге алмай, үкімді бұрынғы күшінде қалдырды. Мұндай жағдайда жәбірленуші жақтың пікірі, өтініші ескерілуі керек еді. Мұның барлығы биліктің жоғары жақтан шешіп қойғандығын көрсетеді. Сондықтан халықаралық ұйымдардың мәлімдемесі дәл қазіргі жағдайда оған бәлендей әсер етеді деп айту, оған үміттену бекершілік».- деп атап көрсетті.

"СОТТАРДЫҢ ЗАҢДЫҚ ҚАНА ЕМЕС, САЯСИ ДА МӘНІ ЗОР"

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім:
Дос Көшім, Евгений Жовтистің қоғамдық қорғаушысы. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.


«Алматы облыстық соттың алдында Назарбаевтың сөзін үлкен қып іліп қойыпты: «Соттардың заңдық қана емес, саяси да мәні зор» деп. Сол саяси мәнді бүгін көргендей болдық. Себебі, аудандық сотта белгілі бір қателіктер кетуі мүмкін. Себебі, оның деңгейі белгілі ғой. Содан бізде сәл-пәл де үміт болып еді. Облыстық сот ақ-қарасын қарайды деп. Бірақ біздің дәлелді түрде айтқан аргументтеріміздің бәрі ешқандай қаперге алынған жоқ. Сондықтан бұл соттың алдын ала шешіліп қойғандығы айдан анық болды. Сол себепті мұның бәрінде саяси астар бар екенін ашық айтуға болады осыдан кейін»

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик:

«Бақанаста болсын, Талдықорғанда болсын, соттар әншейін сотқа пародия жасайды деуге болады. Әсіресе, кешегісін ерекше атап өтер едім. Өз шешімін тіпті жөнді оқи алмаған сот коллегиясы, өзінің позициясын дәлелді түрде жеткізуге тырысудың орнына шығармашылық қиялға берілген мемлекеттік айыптаушы т.б мұның барлығы сұрықсыз болды. Бұл бассыздық. Бұл тек реніш пен мұң тудырады»

Дәл осы күні Е.Жовтисті қорғау бойынша құрылған штаб өкілдері де мәлімдеме жасап, Жовтисті соттау арқылы, билік халықты үркітпек болғанын жария етті.

«Жовтиске шығарылған үкім – бұл еркіндік пен демократияның идеалдарына жасалған кезекті арсыз, асқан озбырлық. Бұл саяси өлтірушілік, жалған сайлаулар, журналистер мен «өзгеше» ойлайтындардың ізіне түсу сияқты әрекеттердің тізбегіндегі іс. Бұл Қазақстан билігінің азаматтық қоғам мен құқық қорғаушы институтты бұзуының айқын көрінісі. Бұл репрессияның жаңа толқыны мен совет кезеңіндегі заңсыздықтарға оралу» делінген мәлімдемеде.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG