Accessibility links

Түрмеден оралған Жовтистің әңгімесі


Евгений Жовтис үйінде сұқбат беріп отыр. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.
Евгений Жовтис үйінде сұқбат беріп отыр. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның бұрынғы директоры, наурыз айында түрмеден шыққан Евгений Жовтис Азаттық тілшісіне абақтыда бастан кешкен оқиғаларын айтып берді.

Евгений Жовтиспен оның пәтерінде дәл белгіленген уақытта кездестік. Алайда ол Өскемен түрмесінде көргенін айта бастаған кезде сөзін телефон қоңырауы үзіп жіберді. Павлодарда тұрып жатқан бұрынғы тұтқын Жовтистен ақыл сұрап хабарласқан екен. Одан соң қайта жалғасқан әңгімеміз үш сағаттан артық уақытқа ұласты.

«ПОСТСОВЕТТІК ТҮРМЕ МЕН БАТЫС ТҮРМЕСІНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ»

Евгений Жовтис абақтыдағы өмірі жайлы әңгімесін бастамай тұрып, түрменің постсоветтік және батыстық түсінігінің айырмасын айқындап алуды дұрыс көрді:

– Батыс адамдары үшін колония мен түрме деп бөлу жоқ. Ол жақта адам бас бостандығынан айырылған жердің бәрі – түрме. Ал біздіңше, Қазақстанда бір ғана түрме – «крытка» ғана бар болып шығады. Арқалықтағы жабық түрмені солай атайды.

Бір ғана «түрме» терминін түсінудегі осы тәрізді айырмашылықтың ішінде елеулі өзгешелік бар. Жовтистің айтуынша, адамның бас бостандығын айыруға қатысты көзқарас сияқты маңызды құбылысқа келгенде солай болады:

– Батыста немесе қатарына Қазақстан да кірмек өркениетті 50 елде бостандықтан айырудың өзі де – жаза, жазаның басты бөлігі. Ал түрмеде қамау жағдайлары –
Евгений Жовтис түрмедегі тұтқындар сыйлаған ойын тақтасын көрсетіп отыр. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.
Евгений Жовтис түрмедегі тұтқындар сыйлаған ойын тақтасын көрсетіп отыр. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.
екінші қатардағы мәселе. Бұл – бірінші айырмашылығы. Екінші айырмашылығы – адамды бас бостандығынан айыру орындарына орналастырудың басты мақсаты оның жасаған қылмысы үшін жазасын тарттыру ғана емес, оданда маңыздысы – тұтқынның әлеуметтік және психологиялық реабилитациясы. Бұл қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін көтеру үшін де жасалады.

Евгений Жовтистің айтуынша, «постсоветтік мемлекеттерде бостандық ең зор құндылық емес. Бостандықтан айыруды қоғам басты да ауыр жаза деп көрмейді. Өйткені бас бостандығынан айыру орындарында жазаны өтеу жағдайы – басты нәрсе».
Бізде, өкінішке қарай, шын мәнісінде адамды түрмеден түзетіп шығару мақсаты жоқ.

– Біріншіден, біздің жұрт адамның бостандығынан айырылып түрмеге келгенінің өзі жаза екенін түсіне бермейді, қылмыскер бірқатар орындардағы атам заманғы адам төзгісіз жағдайларда қамалу түріндегі жаза үшін ғана түрмеге келмейтінін ұқпайды. Екіншіден, бізде, өкінішке қарай, шын мәнісінде адамды түрмеден түзетіп шығару мақсаты жоқ, сонда да ондай мақсаттың ресми мәлім етілетіні рас. Уақытша ұстау изоляторларымен басталып, түрмемен бітетін біздің барша «зоналарымыз» үрейге негізделген тәртіпті сақтауға бағытталған. Тұтқынның әлеуметтік және психологиялық реабилитациясы туралы мүлдем айтпаса да болады, өйткені психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер тұтқындармен іс жүзінде жұмыс жасамайды, – дейді Евгений Жовтис.

«Мемлекеттің тұтқынға деген осындай көзқарасының кесірінен бас бостандығынан айыру орындарындағы басты адамдар – «оперативниктер» мен «режимниктер» болды. Мұның соңы олардың заң бұзуына душар етеді» дейді Евгений Жовтис.

Ол сөзін растау үшін өзінің түрмедегі өмірін мысал ете отырып, қазақстандық түрме жүйесінің қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

СИЗО

Тергеу изоляторына (СИЗО-ға) түскеннен кейін-ақ адам түрме жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінеді» дейді Жовтис.

Ол 2009 жылы 3 қыркүйекте сот залында қамалғанын есіне алды.

– Кешкі сағат алты шамасында қарауыл қолыма кісен салып, алдымен автозакқа [тұтқындарды тасуға арналған автокөлік] жіберді де, соңыра біраз уақыт Алматы
Полицейлер Евгений Жовтисті сот залынан әкетіп барады. Бақанас, 3 қыркүйек 2009 жыл.
Полицейлер Евгений Жовтисті сот залынан әкетіп барады. Бақанас, 3 қыркүйек 2009 жыл.
облысының Бақанас ауылын шарлап, Бақанастың уақытша ұстау изоляторына алып келді. Ол арада мені тиісінше «тізімге алып», саусақ таңбамды алып, белдігімді, бәтеңкемнің бауын алып қойды.

Жовтис Бақанастың уақытша ұстау изоляторы камерасында отырмаған. Өйткені ол төрт сағатқа жуық жалпыға бірдей уақытша қабылдау мекемесінде болған, сол жерде оған СИЗО-ға жіберер алдында қажетті заңға сәйкес әрекеттер жасалған.

– Кейін, кешкі сағат он бірлерде мені тағы да автозакқа салып, Талдықорған қаласының СИЗО-сына жөнелтті, – дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзіне сүйенсек, сол сәт психологиялық тұрғыда аса ауыр болған, себебі ол сол мезетте өмірдің күрт өзгеріп шыға келгенін ұққан. Ол сол күнге дейін еркіндікте жүрген еді.

– Енді өзіңізге өзіңіз қожа емессіз, сондықтан бастықтардың (күзетшілер, бақылаушылар мен басқаларынан бастап үлкен-үлкен бастықтарға дейінгілердің) бұйрықтарын екі етпеуіңіз шарт.

Евгений Жовтисті Талдықорған СИЗО-сына әкеліп, сол жерде оны шешіндіріп, «зақымданған жері бар ма, жоқ па» деп медициналық тексеруден өткізіп, анализге қан алып, одан соң камераға орналастырыпты.

– Лезде ерекше сезімге бөленесіз, себебі ұрыс-соғыс киносындағыдай есік ысырмаларының шықырлағанын, «Қолыңды артқа сал!», «Есік ашылады», «Есік жабылады» деген дауыстарды естисіз. Сіз келе жатсаңыз темір тор ашылады, сіз
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2009 жыл.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2009 жыл.
өтіп кетсеңіз темір тор жабылады. Блоктар әртүрлі, себебі блоктарды тергеу изоляторының торлары бөліп тұрады. Тұтқындардың белгілі бір категорияларын әртүрлі блоктарда қамап ұстайды. Оларды тергеуге алынғандар, бірінші инстанция соты соттағаымен апелляция сотын күтіп жатқандар, апелляция сотында ұтылып, келесі сатыға жөнелтуді күтіп жатқандар, апелляция сотында жеңіліп, бірақ СИЗО-да шаруашылық жұмыстарға қалдырылғандар деп бөледі, – дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Талдықорған СИЗО-сында төрт орындық камерада отырғанын айтады.

– Менің камерам төрт адамға арналған еді, ол жерде екі адам отырдық. 10, 16 адамға арналған камералар, үлкенді-кішілі камералар бар. Төсек… Төсек емес, балқытып біріктірілген металдан жасалған, темір төселген екі қабатты сәкілер. Шағын терезелерді торлап тастаған, оларды сырттан да «кірпіктермен» – ағаштан жасалған көлденең жалюзбен жабылған. Ештеңе көрінбейді, тіпті аспан да көрінбейді. Терезеден жарық түспейді деуге болады. Өйткені камерадағы кішкентай шамның қуаты аз. Камераның іші ұдайы қара көлеңке, кітап оқу да мүмкін емес. Оған қоса кіреберіс есіктің маңдайшасындағы шам күні-түні жанып тұрады. Оның қуаты әлсіз болғанымен, бәрібір ұйықтауға кедергі жасайды, өйткені үнемі көзге шағылысады. Сұмдық жаман.

Жовтис камерада суық су ғана болғанын айтады.

– Камераның ішінде шағын қолжуғыш бар. Кішігірім шымылдықтың артында дәретхана, яғни едендегі кәдімгі тесік бар, унитазы жоқ. Суы суық. Аптасына бір
Евгений Жовтисті босатуды талап етушілер жиыны. Варшава, 15 қыркүйек 2009 жыл.
Евгений Жовтисті босатуды талап етушілер жиыны. Варшава, 15 қыркүйек 2009 жыл.
рет моншаға ертіп апарады. Оны монша деу қиын. Ол – легендер бар үлкен бөлме. Суы төбеден сарылдап ағып тұрады. Бұл душ емес, төбеден су тіке келетін құбыр. Сырт жақтан ыстық су пен суық суды араластырып тұрады. Міне, сөйтіп жуынамыз. Су ар жақта қалай араластырғанына байланысты кейде тым суық, кейде тым ыстық болады. Бірақ қалай болғанда да, моншада жуыну – бір бақыт, себебі ол жерде ыстық сумен жуынып алудың басқа еш мүмкіндігі жоқ.

Жовтистің айтуынша, оның камерасының сыртқы көзіне орындық қойып, тәулік бойы күзетші отырыпты. Бірақ ондай «күзет» әдетте болмайды екен.

«СИЗО-да бір сағаттық серуенге шығаруға тиіс» дейді құқық қорғаушы:

– Күніне бір рет бір сағаттық серуенге шығарады заң бойынша. Серуен ұзындығы мен ені шамамен жеті де жеті метр болатын бетон қоршауда өтеді. Бір мезгілде камералас тұтқындар ғана серуендейді. Сол себепті біз үнемі екі адам болып серуендеп жүрдік. Менің камерамда өзімді қосқанда үнемі екі-ақ адам болдық. Бірақ камераластарым өзгеріп отырды. СИЗО-да отырған бір жарым айда екі камераласым болды – әуелі біреуі, сосын екіншісі кетті, бір жарым аптаға жуық мен тіптен жалғыз болдым.

Жовтистің есінде қалғаны – Талдықорған СИЗО-сының тамағы «колониядағыдан әлдеқайда жақсы» болғаны.

– Таңғы сағат алтыда тұрып, беті-қолыңды жуасың да, «қашан тамақ әкеледі екен» деп күтесің. Меніңше, СИЗО-ның тамағы колониядағыдан әлдеқайда жақсы. Дегенмен, керісінше болуы керек сияқты. СИЗО-да борщ, жұмыртқа, таңғы асқа тіпті әскердегідей май беретін. Негізінде, СИЗО-дағы тамаққа төзуге болады, бірақ өз тамағың болса, одан да жақсы. Тәртіп бойынша түнгі сағат онда ұйқыға жату керек. Үш рет – таңғы астан соң, түсте және кешке келіп тексеріп кетеді.

Құқық қорғаушының айтуынша, СИЗО-да ұдайы тінту жүргізіп, ең әуелі ұялы телефон іздейді екен.
Ұялы телефондар ондай жерлерге тек қана жемқорлық шеңберінде келіп түседі. Бұл – қызметкерлердің қосымша табыс табу әдісі.

– Таңғы астан кейін, сағат сегіздерге таман камера-камераны аралап тексеріс жасайды. Кей-кезде «шмон», яғни тінту жасайды. Есірткі іздейді – мұнысы түсінікті. Бірақ ең алдымен ұялы телефон іздейді. Телефон адамзаттың прогресімен бірге барлық тергеу изоляторлары мен басқа да түзету мекемелерінің қабырғаларынан өтіп кеткен. Телефонды іздеп, тауып, тәркілеп әкетеді. Бірақ ол таусылар емес. Мен есірткі шекпеймін, ал ұялы телефоным болған жоқ. Мәселе сонда, ұялы телефондар ондай жерлерге тек қана жемқорлық шеңберінде келіп түседі. Бұл – қызметкерлердің қосымша табыс табу әдісі. Заңға бағынышты азамат болғандықтан тыйым салынған затқа ие болып, заң бұзуға дәтім бармады. Керісінше жемқорлықтың қас дұшпаны ретінде оны құптай алмадым.

Евгений Жовтистің айтуынша, СИЗО-да медициналық пункт те бар – дәрігер шақыртуға болады.

АЙДАУДА

Жовтистің өзін Алматы облысының Бақанас ауылындағы сот залында қамауға алып, қалай абақтыға жөнелткені жайлы айтқан әңгімесі де қызық.

Оны 2009 жылы 3 қыркүйекте Бақанастағы Балқаш аудандық соты ғимаратынан қаланың уақытша ұстау изоляторына дейін, одан соң Талдықорған СИЗО-сына дейін жалғыз өзін «Газель» микроавтобусы негізінде жасалған автозакпен жөнелткен.

2009 жылы 24 қазанда Жовтисті Талдықорған СИЗО-сынан Өскеменнің қоныстану колониясына апарған. Талдықорғанға ең жақын Үштөбе темір жол станциясына
Евгений Жовтисті қолдау шарасы. Орал, 12 қазан 2009 жыл.
Евгений Жовтисті қолдау шарасы. Орал, 12 қазан 2009 жыл.
дейін оны басқа сотталғандармен бірге жүк көлігі негізінде жабдықталған автозакқа мінгізіп апарған. Автозактардың екі үлгісінде де айдалып бара жатқандар жан-жақтарына қарай алатындай бүйір терезелері жоқ. Олар тек қана алға тор көз орнатылған шағын терезеден қарап отыра алады.

«Сотталғандарды айдау кезінде қатты ұрып-соғып, итке талатуға дейін барады» деген сөзге қатысты Жовтис жеке өзін ешкім ұрмағанын, ит қосып қумағанын айтты.

– Ит ерткен қарауылшы жасаққа тек теміржол станцияларында ғана кезіктім. Алғаш бізді Талдықорған СИЗО-сынан Үштөбе станциясына автозакпен жеткізіп, сонда «столыпинкаға», яғни шарбақты вагонға тиеп жатқан кез еді. Үштөбе станциясында ит ерткен қарауылшылар тұрды. Голливудтың фильмдеріндегі сияқты. Бірақ менімен бірге автозактан шыққан ешбір тұтқынды ұрған жоқ, – дейді Жовтис.

Жовтиспен қатар сотталғандар автозактан шығып, содан соң «столыпинка» вагонға бір-бірден мінген. Тұтқындардың көбі қытайдың үлкен шақпақ сумкасын ұстаған. Қарауылдар вагонның тамбурында сумкаларды түгел ақтарып, ішінде не барын тексерді. Кейін заттарды сөмкелерге қайта тыққыштап салғызды. Сол арада сотталғандарды тінтті – шешіндірмей, киімнің қыртыстарын ғана ұстап көрді.

«Столыпинка» деген – кәдімгі плацкарт вагоны. Оның ішінде дәліз бойлап темір, кереге көз қабырға ұзыннан-ұзақ жатыр, ал қабырғада әрбір купеге кіретін тор көз есіктер бар. Әрбір купеде алты сөреден, әр бүйір қабырғасында үш-үштен. Жовтис мінген купеден басқасында солай – оның купесіндегі сөрелер тек бір жағында ғана болған. Купелердің арасын темірмен бөлген. Сөрелер де темірден жасалған.

– Дұрысы, алты сөресі бар жерге алты адам жайғасуы керек. Алайда сондай купенің әрбіріне 20 шақты адамды кіргізетін. Терезеде – тор, ал терезенің ар жағында – темір қалқан. Купедегі жарықты ешкім қоспайтын. Сондықтан купеде күндіз де қара көлеңке болады – күңгірт жарық дәлізден ғана түсетін. Дәліздегі терезелерде де тор бар, шынысын ортасына дейін ақ сырмен бояп тастаған. Түнде дәлізде күңгірт шамдар жанып тұрады. Біз Үштөбеден поезбен қазанның 24-інен 25-іне қараған түні шықтық та, Семейге шамамен 25 қазан күні сағат кешкі төртке таман жеттік. Ол жерден бізді (абайсызда қылмыс жасаған адамдарды) жеңіл көлікке мінгізіп, қоныс-колонияға жеткізді, – дейді құқық қорғаушы.

Жовтиске басқа тұтқындар «Семейдің тергеу изоляторына айдалып келген тұтқындарды аяусыз қарсы алады» деп айтқан екен.

– Семей СИЗО-сынан өткендердің барлығы сол арада ұрып соғып, жүресінен отырғызғанын айтқан. Біздің поезд де Үштөбе станциясынан Семейге келді, әйткенмен мені және басқа да «абайсыз қылмыскерлерді» Семей теміржол станциясында өз колониямыздан келген жеңіл көлік күтіп алды. Ол бізді алып, бірден колонияға әкетті. Сондықтан біз Семей СИЗО-сына соқпай өттік.

Жовтистің сөзіне қарағанда, бұл ешқандай заңсыз жеңілдік емес, өйткені қоныс-колонияға кесілгендер заң бойынша ол жаққа өз бетімен, тіпті қарауылшы жасақсыз да жетуге құқылы.

ҚОНЫС-КОЛОНИЯ

Жовтис түрмедегі ең қиын кезі ретінде Өскеменнің қоныс-колониясына өткізген уақытын – 2009 жылдың аяғынан бастап бүкіл 2010 жылды атайды. Мұны ол Астанада 2010 жылы желтоқсанда өткен ЕҚЫҰ саммитімен байланыстырады. Іс жүзінде бұл тексерістер, іліктердің күшеюіне және демалысқа жібермеуге сылтау болған.

– Шамамен 130 адам қамалған қоныс-колония 150 адамға арналған. Сотталғандар жасақ-жасақ болып тұрады: екі жасақ 30 адамнан және бір жасақ 70 адамнан. Төсектер екі қабатты, тор-тор емес, металдан жасалған ленталардан құралған, сондықтан қатты әрі суық, ал матрац өте жұқа. Сондықтан темірдің үстіне жұқа тақтай төсеп жату керек, әйтпесе ұйықтау мүмкін емес, – дейді Жовтис.

Оның айтуынша, төсек-орын тым жұқа, ол тез тозатын дәкеге ұқсайды. Сондықтан тұтқындар өздерінің төсек-орын бұйымдарын пайдаланады.

– Әйтсе де бір қиындығы бар – бастықтар төсек-орынның тек ақ түсті болуын талап етеді, ал қытайлар мен түріктер тек қана түрлі-түсті көрпе-жастық шығарады, – дейді Евгений Жовтис.

Бірақ ол «төсек-орын мәселелерінің кесірінен тұтқындар әзілдейтін халде емес» деп, орамалды мысалға келтірді:

– Тұтқындарға берілетін орамалдар ылғал сіңірмейді. Сондықтан олар өз орамалдарын пайдаланады. Ертеңгісін жуынып алған соң орамалдарын кепсін деп төсектің арқалығына іліп қояды. Бірақ колонияда төсекті әскердегіше жинауды талап етеді: көрпе керіліп, төсек-орынның қыры шығып тұруы керек. Бастықтар орамалдың жастық астында жатуын талап етіпті. Бірақ дымқыл орамалмен қоса жастық та тез көгереді. Ақымақтық! Ақыры тұтқындар орамалды төсектің арқалығында кептіруді сұрап, әкімшілікпен уәделесіпті. Бірақ колонияға тексерушілер келгенде орамалды жастықтың астына жинап тастайтын болады.

Құқық қорғаушының айтуынша, қоныс-колония болғанына қарамастан, онда да сотталғандарды жиі ұрып-соғады. Оны тұтқындар айтып жүреді.

– Қауесеттерге сенсек, оперативниктер, онымен қоса колония жетекшілігі соққыға жыққан. Соңыра оперативниктердің біреуі мас болып алып ұрып соғады деген қауесеттер өрби бастады. Мен қоныс-колонияның бастығы майор Аршын Сағатовқа келдім де, оған құқық қорғаушы ретінде азаптаумен ұдайы күресетінімді айттым, сол себепті «сіз басыңызды қатерге тігіп отырсыз, сондықтан мұны істемеңіз» дедім.

Жовтистің айтуынша, ұрып-соқты деген қауесет біраз уақыт тыйылып, соңыра қайта пайда болған:

– Бұл іс былай тынды: әжептәуір ішіп алған оперативниктердің бірінің, кезекші болмағанымен, кезекшінің бөлмесінде екі сағаттан астам уақыт бойы сотталған адамды басқа қызметкерлердің көзінше ұрып-соққанын хабарлады. Ол тұтқынды тепкілеп, жуан таяқпен ұрып-соққан, шабынан, кез-келген жерінен ұра берген. Бұл сотталғандарыдың бәрінің зығырданын қайнатты, сөйтіп біз «бұл жазасыз қалмасын» деп сан түрлі шара қолдандық. Бұл 2010 жылы сәуір-мамыр айларында болған, – дейді құқық қорғаушы.
Ол адамды жұмыстан шығарып, кейін соттады. Тек оған бар болғаны бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесіпті. Ол жаза мерзімінің бір бөлігін өтеп, соңыра шартты түрде ерте босап шығып кетті.

Жовтистің айтуынша, тұтқындар түрмеге заңсыз кіргізген ұялы телефон арқылы мекеменің қауіпсіздік қызметіне хабарласып, бір өкілін шақыртып, прокуратураны құлағдар еткен.

– Мұның бәрін біз таңғы сағат алты шамасында бастадық. Қылмыстық іс қозғатудың сәті түсті. Ол адамды жұмыстан шығарып, кейін соттады. Тек оған бар болғаны бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесіпті. Ол жаза мерзімінің бір бөлігін өтеп, соңыра шартты түрде ерте босап шығып кетті. Бұдан былай тұтқындарды колонияда біреу-міреу ұрды деген қауесеттер тыйылып қалды. Құқық қорғаушы мен ұялы телефон (өзімдікі болмаса да), оған қоса тұтқындардың әр мәселе бойынша жаппай қолдағаны – түрмеде жойқын күш, – деп күлді Евгений Жовтис.

ТҮРМЕДЕГІ ШАҒЫМ

Жовтистің айтуынша, тұтқындар сыртта жұмыс істеуге өз бетінше шығып жүре алатын әрі адамдармен жолығуға шек қойылмайтын қоныс-колонияда бола тұрып, оны сырт әлемнен оқшаулап ұстаған – колония сыртына өз бетінше шығуға мүмкіндік бермейтін.

Оның айтуынша, колонияда мынадай ереже бар: қылмыстық атқару жүйесі комитетінің жетекшілігі тарапынан берілген арнайы рұқсат болмаса, тұтқындар шетелдіктермен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесе алмайды. Ол мұны түрме жүйесінің жабықтығына, оған қоса оның бәрінен бұрын онда не болып жатқаны жайлы ақпараттың жайылып кетуінен қорқатынына байланысты деп түсінеді.

Жабық түрме жүйесінде жалпылама құқық қорғау жұмысын жүргізу аса ауыр. Сотталғандарды ұрып-соғумен күрескен мысалды Жовтис заңдылық емес, көбіне-көп сәті шыққан кездейсоқтық деп есептейді:
Бастықтар тұтқындарға қарсы жазалау шараларын қолдануға көшеді, сонда тұтқындардың өзі менен шағынуды доғаруымды сұрай бастайды.

– Мен ол жерде шағынуды қойдым. Біріншіден, мені қалай қамап ұстағандарына қатысты шағымдарымды ары-бері «домалатты». Мен ештеңені шешпейтін бірді-екілі «елеусіз» шағымдарыма ғана жауап алдым. Екіншіден, сотталғандардың өміріне қатысты, тіпті дәлелді де дәйекті болса да, жалпылама шағымдарды беру өз басыңа қауіп төндіреді. Бастықтар тұтқындарға қарсы жазалау шараларын, соның ішінде ұжымдық жазаларды да қолдануға көшеді, сонда тұтқындардың өзі менен шағынуды доғаруымды сұрай бастайды.

Жовтистің айтуынша, тұтқындар прокурорға да шағына алмайды, өйткені олардың шағымдарын әкімшілік әп-сәтте біліп, шағымданушыға қарсы жаза қолдана бастайды:

– Зонада мүлдем шағынуға болмайды. Бұл процедура тиімсіз ғана емес, кері нәтиже береді – яғни сотталған адам бірден анағұрлым көп жайсыздыққа, қиындыққа тап болады. Сондықтан сотталғандар әкімшілікпен сөз байласады, «бір жақсысы» – жүйе түгелімен сыбайлас жемқорлықтан тұрады. Кез-келген нәрсені сатуға да, сатып алуға да болады – бәрінің «тарифі» бар. Мұны бәрі біледі, тек бұл жайлы ешкім айтпайды. Мен тек екі жайттың барын айта аламын: жүйе – тұнып тұрған сыбайлас жемқорлық, әрі онда шағыну мүлдем мүмкін емес.

ҚОЙМАСЫ ЖОҚ ҚОЙМАШЫ

Жовтис өзінің саяси қисынмен сотталғанына, саяси тұтқын болғанына кәміл сенеді. Оның сөзіне қарағанда, осыған байланысты оның сыртқы ортамен орнатқан байланыстарын тоқтату үшін қоныс-колонияда барлық амал жасалған.

– Барлығы колонияға келгенімізде, бізді карантинге орналастырғанда басталды. Бұл сандырақ болатын. Бүкіл карантиннің бар мәні біздің бөлмеге «Карантин» деп жазылған тақтайшаны іліп қоюмен шектелді. Ешқандай карантин болған жоқ әйтпесе, өйткені біз жұртпен бірге жуынып, тамақ ішіп, моншаға барып жүрдік. Қалаға шығуға, кездесуге тыйым салынғанын айтпағанда, ел қатарлы болдық. Еш қисыны жоқ болды, бірақ есесіне «Карантин» деген тақтайша ілініп тұрды.

Жовтистің сөзіне қарағанда, бұл карантин он бес күнге созылыпты, одан соң колонияда тұмауға бола карантин жарияланған:

– Бірақ колонияда карантин жарияланғанымен сотталған 130 адамның сексені жұмыс жасауға қалаға барып тұрды. Тағы да оның еш қисыны болмады, бірақ есесіне карантин бар еді. Маған сол кезде адвокатым Виталий Вороновпен де жолығуға рұқсат етпеді.

Құқық қорғаушының айтуынша, ол колония әкімшілігінің өзіне тіс қайрап отырғанын сезген. Ол аздай өзінің тісі де ауыра бастаған.

Оның айтуына қарағанда, тұтқындардың денсаулығы ең алдымен ішкен
Евгений Жовтистің зайыбы Светлана Витковская. Алматы, 10 қараша 2009 жыл.
Евгений Жовтистің зайыбы Светлана Витковская. Алматы, 10 қараша 2009 жыл.
тамақтарына байланысты. Ал қоныс-колонияда тамақ өте нашар әрі ең әуелі өкпе мен асқазан кеселдерінің, сонымен қоса тіс ауруларының үдеуіне әсер етеді.

– Тіпті мен де мұны сездім, бірақ мені достарым мен әйелім асырап тұратын. Оларға айтар алғысым шексіз. Ол жерде асқазаным мен тісім ауырды. Тістің жайы бөлек хикая, – дейді Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, тісі қатты ауыра бастағанда колония әкімшілігі Өскемендегі тіс емханасына баруға рұқсат етпей қойған.

– Тек қана екі аптадан соң мені қалаға алып шықты, – оның өзі құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова кіріскен соң ғана. Бірақ заң бойынша мен тіс емханасына өз бетімше баруға да құқылы едім. Мені ланкестердің басшысы бин Ладен сияқты қылып үш адам – мекеме бастығының өзі, жедел әрекет ету бөлімінің бастығы мен тағы бір қызметкер алып жүрді. Одан соң бастық баруды қойды, ал ана екеуі мені тіс емханасына бір жарым ай апарып жүрді. Өйткені тісімді дер кезінде емдеуге рұқсат бермегенінің кесірінен үстіңгі тісім іріңдеп кеткен екен. Тісімнің етін жарып, шайып, іріңін тазартқаны бір сұмдық болды. Негізі, маған медициналық жәрдем көрсетпей тағы біраз ұстай тұрғанда жарам қағынып кетер еді – ірің жоғарғы қызыл иекте болатын.

Жовтис өзін 2009 жылы қарашада Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің саяси мәселелер бойынша орынбасары, полковник Олег Будрин жеке шақырып, сөзге тартқанын есіне алды:

– Ол маған біздің колонияда ашылатын, пластикалық терезе жасап шығаратын цехта қауіпсіздік техникасы бойынша инженер болып жұмыс істеуді ұсынатынын
Журналист Тоқнияз Күшіков.
Журналист Тоқнияз Күшіков.
​айтты. Бір цехта қауіпсіздік техникасы бойынша екі инженер болуы керек екен – ол қызметті маған және Күшіковке ұсыныпты. «Бұл менің мамандығым емес, өзім оңды-солын білмейтін жерде жауапкершілік арқалай алмаймын» деп бас тарттым.

Жовтис бұдан бұрын өзін жұмысқа алуға даяр екенін айтқан екі ұйымның – Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Өскемендегі филиалы мен құқықтық мәселелер жөніндегі тағы бір ұйымның – кепіл хатын әкеп көрсеткен екен.

– Маған «ұсынылған жұмыстан бас тартқаным жайлы түсініктеме жазып берсін» деді. Мен жаздым. Бұл 2009 жылғы 18 қараша болатын. Ал 20 қарашада «тәртіпті қасақана бұзып, жұмыстан бас тартқаным» үшін маған алғаш рет жаза белгіленді. Ал жаза қоныс-колонияда жүрген адамның онсыз да болмашы құқықтарына қатты шектеу қояды. Мәселен, мені сенбі-жексенбі күндері сыртқа шығармауға, басқа да кейбір мәселелер бойынша тыйып отыруға хақылары болады, – дейді құқық қорғаушы.

Полковник Будрин желтоқсан айында колонияға барып, оған қайтадан жұмыс ұсыныпты – «тумбочканың маңында күндізгі кезекші болып, сол үшін айына 13 мың теңге алатынымды айтты» дейді Жовтис.

– Бірақ осы ұсынысты айтпақ бұрын ол мені қорқытып: «егер ұсынылған жұмыстан тағы да бас тартатын болсаң, тәртіпті қасақана бұзды деп тағы бір жаза қосып, жалпы тәртіптегі колонияға жібере аламыз» деді. Заң бұған рұқсат береді. Мен ол кезде ауырып жүрдім, температурам 39 градус болатын. Яғни халім ауыр болатын,
Роза Ақылбекова, Вера Ткаченко және Виталий Воронов Евгений Жовтисті қорғауға байланысты өткен жиында. Алматы, 22 қазан 2009 жыл.
Роза Ақылбекова, Вера Ткаченко және Виталий Воронов Евгений Жовтисті қорғауға байланысты өткен жиында. Алматы, 22 қазан 2009 жыл.
мені қорлап, қорқытып отырып осындай ұсыныс жасады. Бірақ мен бас тарттым. «Қағазыңызды беріңіз, мен «бас тартамын» деп түсініктеме жазып беремін. Адам жалпы режимде де өмір сүре береді» деді. Күшіков та тура солай еті. Түсініктеме жаздық. Сосын бізді мазаламайтын болды. Олар жаза белгілеу үшін барлық материалдарды – біздің түсініктемелерімізді, куәгерлердің айтқандарын жинап қойған еді, – бірақ бізге әлгі жазаны сол күйі қолданбады.

Жовтистің айтуынша, 2010 жылы қаңтарда оған үшінші рет – «енді болашақ тігін цехының қоймашысы бол» деп, ал дәл сондай қылмыстық бап бойынша сотталып келген алматылық журналист Тоқнияз Күшіковке «пластикалық терезелер шығаратын болашақ цехтың қоймашысы бол» деп жұмыс ұсынғанда, Күшіков келісуге бел буған.

– Жұмысқа алғаш мәжбүрлегеннен бері мен прокурорға шағымдана бастағанмын. Бірақ менің барлық шағымдарымды із-түзсіз жіберді. Шағынудың бекер екенін ұқтым да, бір апта «сүзісіп-сүзісіп», келісуге бел будым. 13 қаңтарда мен келісім-шартқа қол қойдым.

Жовтистің айтуынша, тігін цехі 2010 жылы сәуірде пайда болды, біраз жұмыс істеп тұрып, сол жылы қараша айында жабылған.

– 2010 жылы 13 қаңтардан бастап қарашаға дейін мен бір минут та жұмыс істеген емеспін, өйткені қойма болған жоқ. Пластикалық терезелер жасап шығаратын цехта да қойма болған жоқ. Бірақ бізге атқармаған жұмысымыз үшін айына 25 мың теңгені үзбей беріп тұрды. 2010 жылы қарашада мені пластикалық терезелер жасап шығаратын цехқа екінші қоймашы етіп ауыстырды. Сөйтіп Күшіковпен бірге мен де жоқ қойманың қамбашысы болып, босатылған күнімізге дейін еңбекақы алып тұрдық. Міне, осындай ақымақтықпен алысудың еш мәні болмады. Өйткені колония жетекшілігі мен қылмыстық атқару жүйесі комитеті, менің түсінуімше, бәлкім, одан да жоғары мекеме, бізді колония сыртына шығармаудың барша амалын жасауға дайын болған, – дейді құқық қорғаушы.

БҰРЫНҒЫ ТҰТҚЫНДАРҒА КӨМЕК

Жовтистің айтуынша, түрмеден шыққан соң оған тек қана бұрын өзімен бірге болған тұтқындар ғана емес, өзі танымаса да, оны жақсы құқық қорғаушы деп білетін басқа да бұрынғы тұтқындар телефон соғып жатыр екен.

– Мен колонияда жұмыс істемей ақша алып отырдым. Енді жұмыс істеп жүрмін – бұрынғы тұтқындарға тегін құқықтық көмек беріп отырмын, – дейді ол.

Тұтқындар арасындағы моральдық-психологиялық қарым-қатынасты еске түсіре отырып, «бұл қарым-қатынастар негізі дәл бостандықтағыдай, бірақ олардың шалалығы жоқ, едәуір қатал» дейді Жовтис.
Жақсы да мықты адам түрмеден бұрынғыдан да жақсы әрі мықты бола түседі. Ал жаман әрі әлсіз адам өз ахуалын нашарлата береді.

– Жақсы да мықты адам түрмеден бұрынғыдан да жақсы әрі мықты бола түседі, ал жаман әрі әлсіз адам өз ахуалын нашарлата береді. Бұған ештеңе жасау мүмкін емес, өйткені бұл заңды қисын. Жас емес, үйлі-баранды адамдардың мүжілгенін көру қиын екен, өмірлік тәжірибелері бар олар бекем болуы керек еді. Бірақ менің қолымнан ештеңе келмеді, - дейді ол..

Жовтис колонияда өзіне зор құрметпен қарағанын айтады. Ол мұның себебін сағы сынбай, оған қоса сотталғандардың мүдделерін қорғап үнемі сөз сөйлеп жүргендігінен деп біледі. Ол тұтқындарға жеке заңгерлік көмек көрсетіп отырған, олардың біразы өздерінің шағым арыздары бойынша сот процестерін жеңіп те шыққан екен.

ЖОВТИСТІҢ КІТАБЫ

16 сәуір күні Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Алматыда өзінің «Записки колониста-поселенца и другие статьи и письма из неволи» атты кітабын таныстырды. Кітапқа Евгений Жовтистің ОВ-158/13 қоныс-колониясында 2009 жылдың қарашасынан 2012 жылдың қаңтарына дейін қамалған кезеңінде жазған мақалалары, хаттары мен үндеулері енген.

Осы кітаптың редактор-құрастырушысы Андрей Свиридовтың айтуынша, «бір үндеу мен екі үлкен мақаланы Евгений Жовтис лагерьдегі көршісі – журналист
Евгений Жовтис жаңа кітабына қолтаңба жазып отыр. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.
Евгений Жовтис жаңа кітабына қолтаңба жазып отыр. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.
Тоқнияз Күшіковпен бірлесе жазған. Ол жазмыш және соттың әмірімен айдауда, колонияда болып, одан шығудың барша қиындықтарын қазақстандық құқық қорғаушымен бірге бөліскен».

Кітапқа Евгений Жовтистің сұқбаттары, ол жайлы достары мен құқық қорғау қызметі ісіндегі серіктері Роза Ақылбекова, Сергей Дуванов пен Андрей Свиридовтың материалдары енген.

Кітапқа Евгений Жовтистің Азаттық айтында жариялаған «Бостандыққа шықсам, Совет Одағына қайта барғым келмейді» деген сұқбаты да енді.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис 2009 жылы жазда абайсызда көлікпен адам қағып, мерт етті. Сол жылы күзде Жовтисті соттап, төрт жылға түрмеге кесті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен адвокаттар тергеу мен сот барысын сынап, «Жовтисті заңсыз соттады» деп жатты. «Марқұмның анасының Жовтисті кешіргенін, жас жігіттің қараңғыда көлік жүретін жолда келе жатқанын, қарсы бағыттағы машинаның жарығы Жовтистің көзін қарықтырып, жүргіншіні соғып кеткенін сот ескермеді» десті олар.

Евгений Жовтис 2012 жылы наурыз айында амнистияға ілініп, босап шықты.

Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның 20 наурызда өткен жиынында Евгений Жовтис бюро директоры қызметінен босады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG