Accessibility links

Жовтис: "Хақын қорғау азаматтардың өз қолында"


Адам құқықтарының Қазақстан бюросының басшысы Евгений Жовтис. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Адам құқықтарының Қазақстан бюросының басшысы Евгений Жовтис. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис «Үкімет адам құқығына қатысты дұрыс позиция ұстамайды» дейді. Ол адам құқығын қорғаудың балама тұжырымдамасын ұсынады.

Қазанның 30-ы күні құқық қорғаушылар Қазақстандағы адам құқығын сақтаудың балама тұжырымдамасын таныстырды. Азаттық тілшісі тұжырымдама авторларының бірі, белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтистен балама құжаттың мәнін түсіндіруін сұрады.

МЕМЛЕКЕТ ПЕН АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ТҮСІНІГІН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ

Азаттық: - Жовтис мырза, Қазақстанда адам құқығы саласының ұлттық күн тәртібі тұжырымдамасын құру қажеттілігі неліктен туындады, оның мәні неде?

Полиция Астанадағы наразы үлескерлерді тұтқындап жатыр. 1 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция Астанадағы наразы үлескерлерді тұтқындап жатыр. 1 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Евгений Жовтис: - Біз «мемлекет адам құқықтарының мәнін, адам құқықтары саласының халықаралық принциптері мен қазіргі тұжырымдамасын мүлде түсінбейді» деп ойлаймыз. Концептуалдық тұрғыдан алғанда, бізде [мемлекетте] бұл салада әлі ештеңе істелген жоқ, мұны біз [мемлекет] еш жерде мойындамаймыз. Бізде мемлекет мүддесі бәрінен жоғары қойылады. Сондықтан түбірі теріс заңдарға немесе ұлттық іс-қимыл жоспарына әлдебір түзетулер енгізу үшін күресудің мәні жоқ. Ең алдымен Қазақстанның заң шығару практикасында адам құқығы тұжырымдамасына деген жүйелі көзқарас қалыптастырған жөн.

Азаттық: - Адам құқықтары тұжырымдамасын бұлай түсіну бұрын да болмап па еді?

Евгений Жовтис: - Бұрын бізде «құқықты бізге [халыққа] мемлекет береді; оны қажет деп тапқан деңгейде қамтамасыз етеді; қорғайды» деген түсінік болды. Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары қойылды.

Егер барлық авторитарлық, тоталитарлық және диктаторлық режимдердің, оның ішінде Қазақстанның да заңдарын қарасақ, мемлекет мүддесі адамның жеке құқығы мен еркіндігінен жоғары тұрғанын байқауға болады. Яғни мұндай мемлекет азаматтарға құқықты қаласа береді, қаламаса бермейді. Адамға тумысынан берілген құқығынан ешкім айыра алмайды деген бұлжымайтын принцип мұндай мемлекетте мойындалмайды.

Азаттық: - Өзін демократиялық ел ретінде жариялаған мемлекет адам құқығына қалай қарауы тиіс?

Евгений Жовтис: - Адам құқықтарының тұжырымдамасы ең басты нәрсеге негізделген. Мемлекеттің басты міндеті – адамның құқығы мен еркіндігін қорғау. Мемлекет әу бастан осы мақсат үшін құрылған. Мемлекет қарым-қатынас ережелерінің орындалуын, адам құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Адам құқығы тұжырымдамасы да адамның ар-намысын құрметтеуге негізделген. Адамның ар-намысы - бүкіл дүниенің негізі. Ар-намысты таптау адам құқығы тұжырымдамасына қайшы.

Бірақ біздің конституцияда бұл құқық жазылғанымен, адамның ар-намысын құрметтеу жағы сын көтермейді. Егер мемлекеттің өз азаматтарына деген қарым-қатынасын зерделесек, адамның ар-намысы тиісті деңгейде құрметтеліп отыр деу қиын.

Азаттық: - Бірақ тіпті қылмыстық кодекстің өзінде адамның ар-намысын таптағаны үшін жауапкершілікке тартатын бап бар ғой...

Полиция күштері оппозиция митингісіне келгендердің жолын бөгеп, жұртты Абай Құнанбайұлының ескерткішіне жібермей тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 ж.

Полиция күштері оппозиция митингісіне келгендердің жолын бөгеп, жұртты Абай Құнанбайұлының ескерткішіне жібермей тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 ж.

Евгений Жовтис: - Бұл бап белгілі бір тұлғалардың ар-намысын ғана қорғауға арналған. Адам құқығы саласындағы халықаралық құқық жүйесі принциптер құқығы жүйесінен тұрады. Яғни оның белгілі бір ұлттық заңдарда жазылған әлдебір нақты нормалар мен ережелерден айырмасы, ол - тұтас принциптерге негізделген. Түсінікті болу үшін, презумпция принципі жөнінде мысал келтірейін. Яғни мемлекет әуелі адам құқығын қамтамасыз етуі, қорғауы, оны жүзеге асыруға көмектесуі, кепіл болуы тиіс, содан кейін барып әлдебір шектеулер қоюы тиіс. Егер Қазақстандағы бейбіт жиындар өткізу, бірлестіктер құру еркіндігін алсақ, мұнда бәрі керісінше екенін көреміз: алдымен бәрін шектеп аламыз да, шектелген құқықтың ішіндегі қалған-құтқанын пайдалан дейміз.

Азаттық: - Тағы қандай негізгі принциптерді атай аласыз?

Евгений Жовтис: - Келесі принцип – кемсітпеушілік принципі. Яғни ешкімді ешқандай негізбен кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Бізде мысалы «Нұр Отан» партиясы Алматының ортасында бірдеңені қолдап шеру өткізеді, ал оппозицияға "Сарыарқа" кинотеатрының арт жағынан орын тиеді. Шектеудің де шегі болуы тиіс деген принцип бар. Адамның құқығы мен еркіндігін шектеудің көптеген өлшемі бар. Демократиялық қоғамда шектеу қажеттілікке қарай және төнген қауіпке қарай жасалуы тиіс. Мысалы, экстремизмнің таралу қаупіне тойтарыс береміз деп барлық діни кітапты тартып алуға болмайды. Бұл - цензура, ал цензурасы бар елді демократиялық мемлекет деп атай алмаймыз.

АЗАМАТТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Азаттық: - Кейбір оқырман «Құқық қорғаушы мырзалар неге қазір ғана оянды?» деген сұрақ қоюы мүмкін...

Евгений Жовтис: - Біз бұл жайында үнемі айтып келе жатқанымызды ондай оқырманға жеткізіңіз. Тек құжат жүзінде жасалмады. Мемлекет те бір орында тоқтап тұрды деп те айтуға болмайды, біраз алға ілгеріледі. Мемлекет халықаралық негізгі құжаттарға қол қойды. Біз [Қазақстан] азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт мен әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге мүше болдық. Бірталай конвенцияға қол қойдық. Шетке шығу визасын алып тастадық, яғни азаматтардың мемлекеттің рұқсатынсыз еркін жүріп-тұру құқығы мойындалды. Осындай сәл де болса ілгерілеу болды.

Полицияны видеоға түсіремін деп соққыға жығылған белсенді Арсен Шауенов. (Көрнекі сурет)

Полицияны видеоға түсіремін деп соққыға жығылған белсенді Арсен Шауенов. (Көрнекі сурет)

Ал адам құқығын қамтамасыз етуде жүйесіздік, концептуалдық әдіс мен принциптер құқығы жоқтығынан бұл «жетістіктер» әлі де жеткіліксіз екені - басқа мәселе. Мен де «жігіттер, өздерің қайда жүрсіңдер?» деп әлгі «оқырманыңызға» сұрақ қойғым келеді.

Азаттық: - Демек, адам құқығы туралы қам жеу құқық қорғаушылардың ғана шаруасы болмауы тиіс дегіңіз келе ме?

Евгений Жовтис: - Дәл солай. Сізге бұл (адам құқығын қамтамасыз етуді айтады – ред.) керек пе, керек емес пе?! Әлде бұл бізге [құқық қорғаушыларға] ғана керек пе? Бұл ең алдымен азаматтардың өзіне керек, өйткені бұл - олардың құқығы мен еркіндігі. Тағы бір ескеретін маңызды жайт, бұл - саяси мәселе. Өкінішке орай, тоталитарлық мемлекеттерде адам құқығы тұжырымдамасы талаптары мүлде орындалмайды. Совет Одағында біз бұл жайында тіпті айта да алмадық. Түркіменстан немесе Солтүстік Кореяда бұл жайында жақ аша алмайсың. Бірақ бұл жайында ашық айта алатын елдерде, мысалы Қазақстанда адам құқығын қамтамасыз ету міндеті бір жағынан биліктің ықтиярына, екінші жағынан қоғам, ел азаматтарының ерік-жігеріне байланысты шешіледі.

Азаттық: - Жовтис мырза, сұхбат бергеніңізге рахмет.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG