Accessibility links

Әскердегі сарбаздардың бірін-бірі төбелеспен "тәртіпке" шақыруының аяғы өлім мен абақты


Сарбаз Т.Тілеубергеновке сот үкімімен 7 жыл түрме жазасы кесілді. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.

Сарбаз Т.Тілеубергеновке сот үкімімен 7 жыл түрме жазасы кесілді. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.

Қарағанды облысында әскери құрамдағы сарбаздар арасындағы төбелестен бір азамат қаза тауып, өлімге кінәлі деп табылған Тілеубергенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жедел жәрдем шақырмаған кезекші офицер де жауапқа тартылды.

2008 жылдың 23- ші тамызында Қарағанды қаласындағы нөмірі 5154 әскери құрамда кешкілік мерзімде екі сарбаз арасында келіспеушілік туындап, арты жұдырық жұмсаумен аяқталған.

Кейіннен кісі өліміне алып келген іс бойынша тергелгендердің айтуынша, сарбаздардың түнгі демалысы кезінде кезекшілікте жүрген Нагаев қазарма ішіндегі тыныштықты бұзып шулаған. Осы әрекетке шыдамаған сарбаз Тілеубергенов Нагаевты жеке бөлмеге шақырып алып, мән жәйді «жеке шешкен».

Куә ретінде жауап бергендер бөлмедегі соққы дыбыстарын естігендерін бірауыздан айтқан. Осы "кездесуден" кейін Нагаев бөлмеден басын ұстап есеңгіреп шыққан. Сарбаздың сол күнгі кезекшілігі де жайына қалып, басын көтерместен жатып қалыпты. Ал кезекші офицер болса бұл жайында басшылыққа хабарламаған.

-Офицер Райымбаев өзіне жүктелген әскери міндетті орындауда салғырттық танытты. Атап айтсақ ол қатардағы сарбаздың ауыр халде жатқанын көре тұра оны жоғары басшылыққа хабарламаған немесе дәрігер шақыртпаған. Куәгерлердің айтуынша, ол ротада төтенше жағдай орын алғанын басшылық білсе жауапты ретінде өзін жазаға тартады деп қорыққан. Сондықтан сарбаздарды Нагаев жата тұрса, таң атқанша ауруы қайтады деп сендірген,- дейді Қарағанды гарнизоны сотының судьясы Виктор Букарев.

Алайда Нагаевтың ахуалы минут өткен сайын нашарлап бара жатқан соң әлгі сарбазды соққыға жыққан Тілеубергеновтың өзі рота аумағынан кезекші офицердің рұқсатынсыз шығып кетіп, кезекші дәрігерді шақыртқан. Кешкілік мезгілден түнгі сағат үшке дейін қиналған сарбаздың жағдайы нашарлап, комаға түскен. Оны қарап шыққан дәрігер дереу жедел жәрдем шақыртады.

Миына қан құйылған деген диагноз қойылған Александр Нагаев 29 тамызда ауруханада көз жұмады. Тергеу-тексеру барысында тағы бір жағдай анықталған. Ол офицер Райымбаевтың қайтыс болған сарбазға төбелестің алдында өзінің де қол жұмсағандығы. Мұны куәләр де растаған.
Қарағанды әскери гарнизонының сотында үкім оқылуда. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.


Тергеу барысында анықталған жағдайларға байланысты офицер Райымбаев қарамағындағы адамға қол көтергені үшін және әскери тәртіпті сақтамағаны үшін деген екі бап бойынша жауапқа тартылды. Сот шешімімен кінәлі деп табылған офицер 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол қайтыс болған сарбаздың отбасына 100 мың теңге көлемінде материалдық шығын өтемақысын төлейтін болды.

Дегенмен Райымбаевтың қорғаушысы шығарылған шешіммен келіспейтіндігін және жоғары инстанцияға арызданатындарын айтты. Оның пайымдауынша, сотқа дейінгі және соттағы тергеу жұмыстары обьективті түрде жүргізілмеген.

- Біздің ойымызша соттағы істің қаралуы барысында жан- жақты тексеру болған жоқ. Біз жоғарғы сотқа апелляциялық арыз бермек ойдамыз. Сол жақтағы тексерістерден кейін бәрі орнына келеді деп сенеміз,- дейді Райымбаевтың қорғаушысы Ольга Бондаренко.

Орталық аймақ әскери прокуратурасы қызметкерлерінің айтуынша, кейінгі жылдары сарбаздар арасындағы қылмыс саны азайған. Алайда осы қылмыстар үшін офицердің жазаға тартылуы тұңғыш рет кездесіп отыр.

-Қарағанды гарнизонында сарбаздар арасында жарғыға қайшы келетін қарым- қатынастар орын алғаны үшін офицердің жазаға тартылуы алғаш рет орын алып отырған оқиға. Тергеу-тексеру нәтижесінде оның қайтыс болған сарбазға қол жұмсағандығы дәлелденді. Онымен қоймай хал үстінде жатқан сарбазға қолұшын беруге талпынбағаны да көптеген күәгерлердің айтуы бойынша расталды. Осы әрекеттердің барлығын қылмысқа жатқызып біз оған ҚР ҚК екі бабы бойынша айып тақтық,- дейді Қарағанды гарнизонының прокуроры Елнар Қали.

Тергеушілердің айтуынша, сот медициналық -сараптама нәтижесі сарбаз жарақат алған соң дереу медициналық көмек берілгенде оны аман алып қалу мүмкіндігі болғандығын дәлелдеген.

Ал жалпы Қарағанды облысындағы Орталық өлкелік әскери гарнизонда соңғы бір жылда сарбаз өлімімен аяқталған екі оқиға тіркеліпті.
XS
SM
MD
LG