Accessibility links

«Көктемнің оянуы» шетін мәселені қозғады


«Көктемнің оянуы» спектакліндегі Мельхиор (Сергей Тейфель) және Вендла (Толғанай Бейсембаева).
«Көктемнің оянуы» спектакліндегі Мельхиор (Сергей Тейфель) және Вендла (Толғанай Бейсембаева).

Наурызда Алматыдағы республикалық неміс театрында (DTK) екінші премьера өтті. Бұл жолы театр ұжымы Франк Ведекиндтің «Көктемнің оянуы» пьеасын қойды. Кезінде бұл пьесаны Александр Блок та, Лев Троцкий де сынаған. Спектакльде кей сөздер үш тілде - неміс, қазақ, орыс тілінде қайталанды.

Неміс драматургиясы классиктерінің бірі Франк Ведекинд (1864–1918) «Көктемнің оянуы» пьесасын 1891 жылы жазған. Сатиралық драма жанрындағы шығармасын Ведекиндтің өзі «балалар трагедиясы» деп атаған. Пьесада 19-ғасырдың соңындағы Германия қоғамындағы сексуалдық мораль сыналған.

ЖАС КЕЙІПКЕРЛЕР МЕН НЕГІЗГІ ТҮЙСІК

Пьесаның бас кейіпкерлері – балиғат жасына енді жеткен жасөспірімдер. Психикасы әлі толық орнықпаған олардың жыныстық қатынас туралы сұрақтарына қоғам төзімсіздік танытады. Мориц есімді гимназист бала досы Мельхиордан дәптерге төсек қатынасы туралы сурет салып түсіндіріп беруін сұрағаннан кейін бірнеше қайғылы оқиға болады.

Күйзеліске түскен Мориц көп ұзамай өз-өзіне қол салады. Қаза болған жеткіншектің қағаздарының арасынан «порнографиялық» мазмұндағы суреттер – досының өтініші бойынша Мельхиордың салғандары табылады. Бұл оқиға гимназияда жанжалға ұласып, суреттегі жазу арқылы оның авторын тауып, түзету мекемесіне жібермек болады.

Пьесадағы ең күшті сатиралық сәттердің бірі – гимназия педагогикалық кеңесінде табылған суреттерді талқылау көрінісі. Шындығында, мұғалімдер бұл мәселеден гөрі кеңес өтіп жатқан бөлмедегі қай терезені жабу керек дегенге көбірек көңіл аударып, тіпті дауысқа салады.

«Көктемнің оянуы» спектаклінен көрініс.
«Көктемнің оянуы» спектаклінен көрініс.

Спектакльде қоғамның бір бөлшегі ретінде отбасы да сыналады. Кейіпкерлердің ата-аналары – көзқарасы мүлде бөлек жандар. Мысалы, Мельхиордың анасы – либералдық көзқарастағы адам. Ұлының «деструктивті» қылығы жұртқа жария болғаннан кейін оның әкесі әйелін «баланы бетінен қақпай, еркіне жібердің» деп жазғырады.

Пьесадағы тағы бір басты кейіпкер – консервативті көзқарас ұстанатын әйелдің қызы – Вендла. Балиғат жасқа аяқ басқан жасөспірімдердің санасында жыныстық жетілу кезінде туындайтын сұрақтардың жауабын ол да білгісі келеді. Бірақ сұрақтарына жауап таппай қиналады. Мұның соңы қайғылы аяқталады.

НЕМІС ДИПЛОМАТТАРЫНЫҢ БАСТАМАСЫ

Спектакльді Германиядан келген режиссер Марен Пфайффер мен DTK-ның бас режиссері Наташа Дубс қойған. Дубстің айтуынша, Пфайффердің келуіне мұрындық болған Алматыдағы Германияның бас консульдығы Бонн қаласында тұратын режиссер әрі актрисаны шақырған. Оның «Патология» деп аталатын шағын театрында Марен Пфайффердің өзімен қоса санағанда небәрі бес актер жұмыс істейді.

DTK бас режиссері Наташа Дубс. Алматы, 26 наурыз 2015 жыл.
DTK бас режиссері Наташа Дубс. Алматы, 26 наурыз 2015 жыл.

Марен Пфайффер қазақстандық театрға «Көктемнің оянуы» пьесасын қоюды ұсынған. Алматыға келгеніне небәрі 10 күн болған режиссер актерлерге арнайы мастер-класс өткізіп әрі пьесаны жергілікті театрға бейімдеп, сахналауға дайындаған.

Марен Пфайффердің ұсынысы бойынша, спектакльде кейбір сөздер қазақ, неміс және орыс тілінде айтылады. Мұндай әдіске жүгіну арқылы режиссер пьесада интернационал тақырып қозғалатынын көрсеткісі келген сияқты. Бірақ спектакльде қазақша, немісше айтылатын сөздер онша көп емес. Тек кейбір сөздер ғана жаңғырық сияқты үш тілде қайталанады.

Наташа Дубс жаңа қойылымның әлеуметтік-тәрбиелік мәні туралы былай дейді:

– Балиғат жасына енді толған кезде жасөспірімдердің жыныстық жетілу кезеңі басталады. Мұндай кезеңде ересектер балаға қамқорлық танытып, көңілін аулап немесе жай ғана жанында болуы тиіс. Біз ересектер назарын осындай жайттарға аударғымыз келді. Әсіресе көктемде балалар өздерін қорғансыз сезініп, ренжігіш келеді. Олар бойында болып жатқан «гормондық» өзгерістерді жете түсіне алмай қиналады. Егер жанында жақын тұтатын ересек адам болмаса, әлдебір оқыс жағдайға тап болуы мүмкін.

«КӨКТЕМ ОЯНУЫНЫҢ» 12 СӘТІ

«Көктемнің оянуы» спектаклі премьерасы жертөледе – «Тенгри Ұмай» көркем галереясында өтті. Неміс театры қаржы қиындығына байланысты талай жылдан бері тұрақты сахнасыз жүргені белгілі. Көрермендердің көбі жастар болды, залда орын жетпей, кейбіреулер еденге төселген кілемшелердің үстіне жайғасты.

Залдың безендірілуі көңілді жабырқатады. Қара түсті матамен тұтас қымталған қабырғалар да мұңға бөлейді. Ал жасыл көгал түрінде безендірілген сахнаның алдыңғы жағындағы жасанды гүлдер шоғыры мен малта тастар бір кезде молаға айналады. Сахнаның артқы тұсындағы бірнеше бағана өсіп тұрған ағашқа ұқсайды.

Сюжет желісі көктемгі аспанда ары-бері жөңкілген бұлттар арқылы ширыға түседі. Бұлт торлаған аспанды сахна үстіндегі орнатылған үлкен монитордың көмегімен бейнелеген.

«Көктемнің оянуы» спектаклінің премьерасына келген көрермендер. Алматы, 26 наурыз 2015 жыл.
«Көктемнің оянуы» спектаклінің премьерасына келген көрермендер. Алматы, 26 наурыз 2015 жыл.

Ведекиндтің пьесасы 18 көріністен, ал DTK спектаклі қысқартылған 12 көріністен тұрады. Мысалы, екі жеткіншектің жүзімдік басындағы демалыс кезінде өзара сырласатын, сүйісетін тұстары жоқ. Финалдық көрініс те өзгеше қойылған. Ведекинд нұсқасында ол мистикаға толы. Мельхиор Морицтің зиратына келіп, досының аруағымен сырласады. Досы шақырған Мельхиор суицидке дайындалады. Бірақ, маска киген бейтаныс адам келіп, Мельхиорды ол райынан қайтарады. DTK қойған спектакльде финалдық көрініс Мельхиордың монологы түрінде берілген.

Жиі қол соққанына қарағанда, көрермендердің көбіне спектакль ұнаған сияқты. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы оқытушысы Ольга Батурина қойылым туралы пікірімен бөлісті.

– Меніңше, Алматыда тәуекелге барып, эксперимент жасаудан қорықпайтын мұндай жанды, еркін әрі нағыз театр жоқ сияқты. Мұнда жиі келетінім де содан. Олардың тілі мүлде бөлек. Кей тұстарда Брехт тәсілдерін пайдаланады. Мен мысалы, реалистік театр қойылымдарынан жалықтым. Маған әлдебір өзгеше образдар жасайтын театрлар қатты ұнайды. Мұндағы сценография да ерекше. Ал мына мола мен гүлзар да ерекше. Мұнда ойландыратын образ көп, - дейді ол.

Германияда «Көктемнің оянуы» пьесасы алғаш рет 1906 жылы қойылған, оны көрермен ықыласпен қабылдаған. Пьесаны көрген Всеволод Мейерхольд келесі жылы оны Санкт-Петербургте қойған. Мейерхольдтің спектаклінен кейін орыс қоғамында қойылым мен Ведекиндтің пьесасы туралы қызу талас туған. Көптеген көрнекті мәдениет қайраткерлері, әсіресе ақын Александр Блок қойылымды қатты сынаған. Ол пьесаны «жосықты-жосықсыз суреттерді тиянақсыз қиыстыра салған жеңіл-желпі сықақ пен лепірме қиқаңның қосындысы» ретінде сипаттаған.

Ведекинд пен оның пьесасы жайлы тіпті Иосиф Сталиннің қас жауы – Лев Троцкий де жазған. Ол пьесаны эротикалық эстетизм мен әлеуметтік нигилизмнің қосындысы деп атаған. Троцкийге «кейіпкердің дәрменсіздігі ғажап бейнеленген» пьесаның идеясы ұнаған. Бірақ оған сахнада «балалықтан балиғат шаққа аяқ басқан жасөспірімдердің рөлін сақал-мұрты қырылған орта жастағы мырзалардың ойнағаны» ұнамаған.

СССР-де «Көктемнің оянуы» пьесасы мүлде қойылмаған сияқты. Ал постсоветтік кезеңде режиссер Роман Виктюк бұл шығарманың атауын «Эрос пен Танатос мистериясы» деп өзгертіп, Мәскеуде қойған.

XS
SM
MD
LG