Accessibility links

Жібек Мусинова «Үндемей қалма» қозғалысы құрылтайшысына айналды


Есік қаласының тұрғыны Гүлбадар Мусинованың видеоүндеуі жарияланғаны туралы хабарлаған веб-сайттан скриншот.

Есік қаласының тұрғыны Гүлбадар Мусинованың видеоүндеуі жарияланғаны туралы хабарлаған веб-сайттан скриншот.

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Есік қаласының тұрғыны Жібек Мусинова топтасып әйел зорлаудың құрбаны болғаны туралы хабар тарағаннан кейін бұл оқиға әлеумет назарына іліккен еді. Енді Жібек Мусинова «Үндемей қалма» («Не молчи») азаматтық қозғалысының үш құрылтайшысының біріне айналды.

Қарашаның 24-і Астанада Қазақстандағы жыныстық зорлық-зомбылық проблемаларына арналған конференция өтеді. Жиынға мәжіліс депутаттары, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері ғана емес, жыныстық зорлау құрбанына айналған деп болжанған Жібек Мусинова да қатысады. Конференцияда ол зорлық-зомбылыққа душар болған қазақстандық әйелдер атынан сөз сөйлейді деп жоспарланған.

РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

Жібек Мусинова топтасып зорлауға ұшырады деп болжанған биылғы тамыздың 14-іне қараған түнгі оқиғаны жергілікті баспасөз құралдары «резонансты қылмыс» деп атаған. Полицейлер төрт күдіктіге қатысты қылмыстық істі бойжеткеннің анасының видеоүндеуінен кейін ғана қозғаған, ал қылмыстық іс журналистердің назарына ілікті.

«Үндемей қалма» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Дина Смайылованың Азаттыққа айтуынша, тамыздың 17-сі күні Жібектің анасы Гүлбадар Мусинова олардан көмек сұрап келген. Ол төрт жігіт отбасылық мерекеге арналған отырыстан қызын ұрлап әкетіп, аяусыз зорлаған деп мәлімдеген. Анасының айтуынша, қыздың бауырлары бойжеткенді жергілікті ішкі істер басқармасына жақын маңда тұрған көліктен тапқан кезде қыз жалаңаш, соққыға жығылған әрі өте ауыр психологиялық халде болған. Гүлбадар Мусинова «қазір күдіктілерді ұстаудың орнына, жергілікті полиция оларды босатып қоя берді» деп мәлімдеген.

«Үндемей қалма» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Дина Смайылова Қазақстанда мұндай оқиғалар көбейіп бара жатқанын айтады.

Алматы облысындағы Есік қаласына кіреберіс жол бойындағы жазу.

Алматы облысындағы Есік қаласына кіреберіс жол бойындағы жазу.

- Қазір «Үндемей қалма» халықтық қозғалысы жыныстық зорлыққа байланысты істерді қарап жатқан сегіз сот отырысына қатысып жатыр. Мұндай істерде полиция медициналық сарапшылар және травматолог дәрігерлермен сөз байласып алатынын өз тәжірибемнен білемін. Бұл коррупцияға айналған схема, мысалы, травматолог соққыдан келген зардаптың ауырлық дәрежесін жеңілдетіп көрсетеді. Полиция жәбірленушіні үгіттеуге кірісіп, бітімге келісуге көндіріп береді, ал кейін қылмыскер полиция мен медициналық сарапшыларға ақша бере салады. Ал зорлық-зомбылық құрбаны қолына мардымсыз ақша ұстатады. Ол енді ешкім мазаламаса екен деген оймен келіседі, - дейді Дина Смайылова.

Тамыздың 19-ы күні интернет қолданушылар Гүлбадар Мусинованың видеоүндеуін көргеннен кейін бұл іс қоғам тарапынан наразылыққа ұласты. Тамыздың 23-і күні үш күдікті тұтқындалып, 25-і күні төртіншісі ұсталды. Оларға қылмыстық кодекстің төрт бабы – «Адам зорлау», «Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері», «Адамұрлау» және «Бұзақылық» баптары бойынша айыптар тағылды.

Қыркүйектің 14-і күні Есік ішкі істер басқармасына қарасты полицияның тергеу бөлімі бастығының орынбасары, екі тергеуші және кадр бөлімі бастығы қызметінен босатылғаны хабарланды. Полицияның бір қызметкеріне қатысты «Салғырттық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

ҮНДЕМЕЙ ҚАЛУҒА БОЛМАЙТЫН КЕЗДЕР

«Үндемей қалма» қоғамдық қозғалысы қатарында Қазақстанның түрлі қаласынан қосылған 30-дан аса белсенді бар. Көбі - өздері де жыныстық және тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер. «Үндемей қалма» қоғамдық қозғалысы жетекшісі Дина Смайылованың өзі де жас кезінде топтасып адам зорлау құрбаны болған. Биыл шілденің 9-ында Facebook желісіндегі парақшасында Дина Смайылова «Айтуға қорықпаймын» және «Үндемей қалма» акциялары аясында көп жылдардан бері жанын жаралап келе жатқан құпиясымен бөліскен. Оның сөзінше, әлгі құпиясын ашқаннан кейін көптеген әйелдер оған қолдау хаттарын жолдай бастаған. Көбімен достасып кеткен. Көп ұзамай оған тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болған қыз-келіншектерге көмектесетін қозғалыс құру идеясы келген.

Белсенділеріміздің көбі – жыныстық зорлаудың «кешегі» құрбандары. Әйелдер біріксе, ондай трагедияның ауырлығы, жан жарасы сәл жеңілдейді.

- Біздің қозғалысымыз – ерікті жандар қозғалысы. Жыныстық зорлық құрбандарына заңдық және психологиялық көмекті тек өз еркімізбен көрсетіп жүрміз. Бұл қызметі үшін заңгерлер де, психологтар да ешқандай ақша алмайды. Белсенділеріміздің көбі – жыныстық зорлаудың «кешегі» құрбандары. Әйелдер біріксе, ондай трагедияның ауырлығы, жан жарасы сәл жеңілдейді, - дейді азаматтық белсенді.

Дина Смайылованың айтуынша, «Үндемей қалма» қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі – жыныстық агрессияға ұшыраған құрбандарға қатысты қоғамдық пікірді өзгерту. Батыс елдерінде жыныстық сипаттағы қылмыстар ауыр дәрежедегі қылмыс саналады, ал Қазақстанда мұндай қылмыс жасағандардың көбі жазасыз қалады. Белсендінің айтуынша, әйелдер жұрттың сөзінен қорқып жыныстық зорлау фактілерін жасырады.

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде Жібек Мусинова туралы жағымсыз сипаттағы ақпараттар көбейіп кетті. Сотталушылардың адвокаттары Андрей Иванников пен Қосанәлі Тұрманбетов «Жібек Мусинова мас болған әрі күдіктілердің бірімен жыныстық жақындыққа өз еркімен барған» деп мәлімдейді. Екеуінің сөзінше, Жібектің өз еркімен кафеден 20 минутқа күдіктілердің бірімен шығып кеткенін көрген әлдебір куәлер бар.

Жібек Мусинованың адвокаты Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, Есік қаласындағы сот отырысында молекулалық-генетикалық сараптамаға қатысты «қарапайым қисынға сыймайтын адам сенгісіз жайттар болып жатыр». Сарапшылар түсініктерінде әлдебір қайшылықтар пайда болған-мыс.

Есікте топтасып адам зорлау ісіне қатысты сот үкімі қарашаның 15-інде шығуы тиіс болған, бірақ судья Ерлан Баймолдинов сот тергеуін қайта жүргізу туралы шешім қабылдаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG