Accessibility links

Жәкішев сотталғаннан кейінгі «Қазатомпром»


«Қазатомпром» ұлттық компаниясының қамаудағы бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының қамаудағы бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев.

Бес жыл бұрын «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішев тұтқындалды. Одан бір жыл бұрын ол «Қазақстан әлемдегі уран индустриясы көшбасшылары қатарына енуді жоспарлайды» деген. Бұл жоспар жартылай орындалды.

Уран, ядролық отын, сирек металл өндіру және экспортпен айналысатын ұлттық оператор - «Қазатомпром» компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев бес жыл бұрын, 2009 жылы мамырдың 21-і күні Астанадағы кеңсесінде тұтқындалды. Бірнеше күннен кейін «аса қомақты қаржы жымқырды» деген айып тағылып, көп ұзамай осындай айыппен екінші қылмыстық іс қозғалды.

Бұл айыптаулар бойынша ол 14 жылға сотталды. Жақтастарымен бірге «қылмыстық істің саяси астары бар» деп санайтын Мұхтар Жәкішев тағылған айыптарды мойындамайды.

Қамауға алардан шамамен бір жылдай бұрын Мұхтар Жәкішев «Қазақстан уран өнеркәсібінде әлемдік көшбасшыға, ал ядролық энергетика нарығында негізгі ойыншыға айналуды көздейді» деп мәлімдеген болатын.

2008 жылдың сәуірінде Bloomberg агенттігі «70 жыл бұрын мұнай кеніштері Сауд Арабиясы үшін қандай рөл атқарса, Қазақстан үшін уран кен орындары сондай рөл атқаруы мүмкін» деп жазған. Ағылшын тіліндегі CentralAsiaOnline.com порталының деректері бойынша, Қазақстанда уранды арзан әрі көп көлемде өндіруге болады.

Ол кезде Мұхтар Жәкішев «уран қоры жағынан әлемде Австралиядан кейін екінші орында тұрған Қазақстан 2009 жылы уран кенін өндіруден бірінші орынға шыға алады» деп мәлімдеген. Сол жылы Мұхтар Жәкішев қамалып, оның орнына Владимир Школьник тағайындалғанына қарамастан, оның саланы дамыту стратегиясы іске асты.
Жұмысшылар уран тотығы салынған контейнерді жауып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Хорасан-1 уран кеніші, 24 сәуір 2009 жыл.

Жұмысшылар уран тотығы салынған контейнерді жауып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Хорасан-1 уран кеніші, 24 сәуір 2009 жыл.

2009 жылдың қорытындылары бойынша, Қазақстан 14 мың тоннадан көп уран өндірген. Бұл екінші орынға сырғыған Канада көрсеткішінен 4 тоннаға көп, ал Қазақстанның өзінің 2008 жылғы өнімінің үштен біріне артық. 2013 жылы 22,5 мың тонна уран кенін өндірген Қазақстан қазір де көш бастап тұр.

Бірақ Мұхтар Жәкішевтің табиғи уран экспортынан көбірек пайда түсетін ядролық отын шығару жоспары толық орындалмады.

Мысалы, канадалық компанияларымен бірігіп, Өскемен қаласында уранды қоспадан тазарту зауытын салу туралы Мұхтар Жәкішев мәлімдеген жоба әлі басталған жоқ. Соңғы дерек бойынша, бұл кәсіпорынды пайдалануға беру мерзімі 2018 жылға шегерілген.

Қазір «Қазатомпром» компаниясы ядролық отын циклының аралық өнімі - отын таблеткаларын шығару технологиясымен жұмыс істейді. Бірақ бұл цикл тізбегіндегі соңғы өнім – атом электр станцияларында қуат өндіретін, жылу бөлгіш компоненттер шығару әзірше жоспар күйінде қалып отыр.

Биыл наурызда Голландияда өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «ядролық отынның табиғи уранды өндіруден бастап отын компоненттерін шығаруға дейінгі толық циклын дамыту қажет» деген еді.

Әлемдегі уран қорының 12 пайызы шоғырланған Қазақстан ондаған жылдар бойы уран кенінің маңызды өндірушісі болды. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық дерегі бойынша, ел территориясында игеріліп жатқан 17 кен орнының бесеуі ғана «Қазатомпром» ұлттық компаниясының толық иелігінде. Қалғандарын компания Франция, Канада, Жапония, Ресей сияқты шетелдік серіктестермен бірге игереді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG