Accessibility links

Астанадағы айтыс: Дәулеткерей мен Бақыталы


Айтысқа қатысқан ақындар. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Айтысқа қатысқан ақындар. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Желтоқсаннның 2-сі мен 4-і аралығында Астанада Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің таңы жарық» деген атпен ақындар айтысы өтті.

Төрт жылдан бері айтыс сахнасынан көрінбей кеткен Дәулеткерей Кәпұлы мен Қытайдан келген айтыскер Бақыталы Тілеуберді айтыстың екінші күні сөз қағыстырған болатын. Қос ақын қоғамымыздың бүгінгі күнгі өзекті мәселелері туралы мүлдем сөз қозғамады.

Айтысты бастаған Дәулеткерей Кәпұлы қарсыласының киген киімін тілге тиек қылды.

– Қызыл киіп келіпсің біздің елге,
Қызыл көрген қырандай шүйілейін.
Жігітсің қызыл тулы елден келген,
Бұл жайды көкейіңе түйесің де.
Байрағыңның түсінен костюм киіп,
Еліңді сонша қатты сүйесің бе?
Қызылдан қорлық көрген қазақ едік,
Тарихты өзің жақсы білесің де.
Қазақты қырғын қылған қызыл үкімет,
Қаттаулы қасіреті тұр есімде.
31-де халқымды аштан қырған,
Шақ қалып шаранамды түгесуге.
... Қызылға қызыл қанмен жауап берген,
86 тарихтың үлесінде.
Қазақтың бір баласы болғаннан соң,
Көк байрақтың киесін білесің де.
Басқа елдің азаматы болғаннан соң,
Амал жоқ, қызылға бас иесің де.
Ей, Бақыт-ау, осындай сөз естігенше,
Қой жайып жатпадың ба Күнесіңде, - деп сөзбен қағытты.

Өз кезегінде Бақыталы Тілеуберді жауап беруден жалтарды.

– Артық қой өзге күннен бұл күніміз,
Томарға сүрінбесін дүлдүліміз.
Өз еркімен қанат қағып, ұшса екен,
Қапаста қамалмасын бұлбұлымыз.
Бас жаққа барыспайық сен екеуміз,
Кейде айтылып кетеді шындығымыз, - деді.

Айтыстың радиолық нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG