Accessibility links

Синоптиктердің SMS-і ақтөбеліктерді шошытты


Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнәр телефонына 112 нөмірінен келген SMS-ті оқып тұр. Ақтөбе, 24 қыркүйек 2013 жыл.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнәр телефонына 112 нөмірінен келген SMS-ті оқып тұр. Ақтөбе, 24 қыркүйек 2013 жыл.

Ауаның ластануы туралы синоптиктер хабарламасын алған қала халқы экологиялық ахуалға қатысты алаңдайды. Төтенше жағдай департаменті халықты құлақтандыру туралы қаулыны орындағанын айтады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жанар Бегімбетованың ұялы телефонына дүйсенбі, 23 қыркүйектің кешінде 112 нөмірінен SMS (хабарлама) келген. Онда «2013 жылы қыркүйектің 24-інде қалада ауа ластануы деңгейі жоғары болады» деп жазылған.

– Бұл хабарлама зәре-құтымды алды. Шынымды айтсам, ауа ластанып кеткен жағдайда не істеу керегін білмейді екенмін. Ойлана келе, «терезелерді ашпайын, баламды үйден шығармайын» деп шешім қабылдадым. Балам бүгін балабақшаға барған жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшама кеңес сұрап жазба жариялаған едім. Аңғарғаным – Ақтөбеде мен сияқты не істерін білмей отырғандар көп екен, – дейді Жанар Бегімбетова.

Ол таңғы 5-те оянған кезде қаланың үстін қара бұлт қаптап тұрғанын аңғарған. «Әдетте мұндай байқалмайтын» дейді тоғызыншы қабатта тұратын келіншек.

Қаланың Гүлнәр есімді тұрғыны 112 нөмірінен келген SMS-ке мән бере қоймағанын айтты.

– Таңғы тоғыздар шамасында терезеден көкжиекке қарасам, қаланың үсті күндегідей көк тұман екен. 25-қабатта тұратындықтан бізге ол аса таңсық жайт емес. Өз басым 112-ден келген хабарламаны «қан қысымы жоғары, денсаулығында кінәрат бар тұрғындарға арналған болар» деп қабылдадым, –дейді ақтөбелік Гүлнәр.

ВИДЕО: Ақтөбе қаласының көк тұман басқан көрінісі
(24 қыркүйек 2013 жыл)

ТОСЫН ХАБАРЛАМА ЖІБЕРУШІЛЕР

«Қазгидромет» кәсіпорны Ақтөбе қалалық филиалының бөлім бастығы Айгүл Сайымованың Азаттыққа айтуынша, сейсенбі күні ауаның айрықша лас болатындығы туралы хабарлама алған тұрғындар «енді қайттік» деген сауалмен синоптиктерге дүйсенбінің кешінен бері қоңырау шала бастаған.

– Бұл хабарламаны төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке жіберген өзім болатынмын. Кеше кешкілік телефоныма келген SMS-ті көріп, аң-таң болдым. Өйткені бұл жалпы жұртқа арналмаған ақпарат болатын. Метео жағдайға орай, желсіз тымық күні ауаның ластанатыны жайлы, сондықтан атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды уақытша болса да шектеу керектігі туралы хабар жергілікті өндіріс орындарына арналған еді. Ал төтенше жағдайлар департаменті оны жалпыға жариялап, елді әбігерге түсіріп қойды, – дейді Айгүл Сайымова.
Ақтөбеде ауаның ластанатыны туралы SMS хабарлама. Ақтөбе, 24 қыркүйек 2013 жыл.

Ақтөбеде ауаның ластанатыны туралы SMS хабарлама. Ақтөбе, 24 қыркүйек 2013 жыл.


Синоптиктің сөзіне қарағанда, қыркүйектің 21-22-сі күндері Ақтөбедегі ауа райы өте қолайсыз болған, зиянды қалдықтар ауада тұтасып тұрған. Оның үстіне бүгін Ақтөбеде желдің жылдамдығы секундына 0-2 метрден аспай тұр.

– Ауаның әдеттегіден анағұрлым лас екендігі рас. Мұндай жағдай жылына кемінде екі-үш рет қайталанып тұрады. Бұл – табиғи нәрсе. Газтұтқы киюдің қажеті жоқ, – дейді Айгүл Сайымова.

Төтенше жағдайлар жөніндегі Ақтөбе облыстық департаменті синоптиктерден келген SMS-ті ««Теле 2» және «Билайн» байланыс операторлары арқылы тұрғындарға жібергенін растады.

– Ел үкіметінің төтенше жағдайларда халықты құлақтандыру туралы арнайы қаулысы бар. Біз соған сәйкес әрекет еттік, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Әйгерім Наурызбаева.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Азаттыққа айтуынша, «мұндай жағдайларда тұрғындар автокөлікті мейлінше аз пайдаланып, ауаға зиянды қалдықтар мен улы газдардың бөлінуін шектеуі тиіс».

Бірнеше мұнай компаниясы мен өндіріс орны бар Ақтөбе облысының тұрғындары экологиялық ахуалға байланысты жиі шағымданады. Осы өңірдегі Шұбарши ауылының тұрғындары «ауадағы жағымсыз иіс кесірінен белгісіз бір індетке шалдығып», жаппай ауырғандарын, ал дәрігердің «ауылда ешқандай індет тарамады» деп мәлімдегенін Азаттық бұдан бұрын да жазған.
XS
SM
MD
LG