Accessibility links

Жалдамалы әскерге автовокзалда үгіттеп жүр


Алматы автовокзалындағы әскерге сарбаз жалдау орны. 28 тамыз 2013 жыл.

Алматы автовокзалындағы әскерге сарбаз жалдау орны. 28 тамыз 2013 жыл.

Қазақстан армиясын келісім-шарт негізіндегі әскери қызметке көшірмек. Жалдамалы сарбазға тәуір жалақы төлеуге уәде береді. Азаттық тілшісі кәсіби армияда қызмет етуге шақырған үгіт орындарының бірінде болды.

Азаматтарды шарт бойынша армияға шақыру жұмыстары Алматыда жаздың соыңнда басталды. Қорғаныс істері жөніндегі аудандық басқармалар (бұрын «әскери комиссариат» деп аталған) қаланың әр тұсынан жылжымалы пункттерін ашып жатыр.

Азаттық тілшісі Алматының Әуезов аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының «Сайран» автовокзалында ашқан үгіт пунктінде болды. Әскери басшылық бұл орынды таңдау себебін «Тұрғылықты жері бойынша жұмыс таба алмай, сырттан келген жігіттер мұнда көп жүреді. Енді оларды келісім-шарт бойынша әскери қызметке келуге тартып көреміз» деп түсіндірді.

«ПӘТЕР, ШЕН, ЖЕҢІЛДІК БЕРЕМІЗ»

«Сайран» автовокзалының алдындағы алаңда тұрған дыбыс күшейткіштен шыққан музыканың қатты үні мен үгітшілердің жар салған дауысы осы жерде жолаушы шақырып тыным таппайтын жеке көлік иелерінің үнін басып кеткен. Автовокзалдың екінші қабатының балконынан салбыраған екі үлкен плакаттың аясына тұрып алған бойжеткендер армияға жалдануға ниет білдіргендерді тізімдеп жатыр. Плакаттың бірінде қазақстандық сарбаз, екіншісінде совет қолбасшысы Бауыржан Момышұлы бейнеленген.

Кәсіби әскер қатарына жалдайтын орын. "Сайран" автовокзалы, Алматы, 28 тамыз 2013 жыл.

Кәсіби әскер қатарына жалдайтын орын. "Сайран" автовокзалы, Алматы, 28 тамыз 2013 жыл.

Контракт-қызметтің шарттарын дыбыс күшейткіш арқылы хабарлап тұр. Қызметтегі офицерлер мен отставкадағы әскерилер бұл қызметтің қыр-сырын білгісі келгендерге оның артықшылықтарын түсіндіріп жатыр. Тілек білдірген бірнеше адам кандидаттар тізіміне тіркеліп қойыпты.

Тараз қаласының 24 жастағы тұрғыны Шыңғыс Медеубаев шұғыл әскери қызметін Өскемен қаласында, ішкі әскер қатарында атқыш-пулеметші болып өткеріпті. Әскерден 2008 жылы кіші сержант шенінде қайтқан. Кейін Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы «Хамле» компаниясында жұмыс істепті.

– Әскери оқу оқып, офицер болғым келеді. Мына ұсынып жатқан шарттары ұнап тұр, пәтерақыны төлейді екен, жалақысы да тәуір көрінеді. Түскен оқуыңның 50 пайызын төлеп береді, – дейді Шыңғыс Медеубаев.

Келісім-шарт бойынша әскерге жалдануға тілек білдірген Михаил Едалов. Алматы, 28 тамыз 2013 жыл.

Келісім-шарт бойынша әскерге жалдануға тілек білдірген Михаил Едалов. Алматы, 28 тамыз 2013 жыл.

Алматының 28 жастағы тұрғыны Михаил Едалов та келісім-шартпен жалданып, армияға барғысы келеді. Ол міндетті шұғыл әскери қызметті Алматыда, ішкі әскердің патруль бөлімшесінде өткеріп, 2010 жылы ефрейтор шенінде аяқтаған.

– Запастағы әскери қызметшілердің Қапшағайда өткен бір айлық әскери-далалық жаттығуынан жуықта келдім, - дейді Михаил Едалов.

Шыңғыс Медеубаев сияқты ол да армияда жүріп әскери оқуды сырттай оқып, офицер болғысы келеді.

КІМДЕР ӘСКЕРГЕ КЕЛІСІМ-ШАРТПЕН АЛЫНАДЫ?

Алматы қаласы Әуезов ауданы қорғаныс істері басқармасының бастығы полковник Аманжол Сағымбековтің айтуынша, келісім-шарттық әскери қызметке қабылдау жыл бойы жүреді. Кәсіби армияға қызметке тұрғысы келетін кандидат Қазақстан азаматы, жас шамасы 19-35 аралығында болуы тиіс. Өзі атқарғысы келетін әскери қызмет түріне сәйкес әскери-есептік мамандығы да Алматы қаласы Әуезов ауданы қорғаныс істер басқармасының бастығы полковник Аманжол Сағымбеков. 28 тамыз 2013 жыл.

Алматы қаласы Әуезов ауданы қорғаныс істер басқармасының бастығы полковник Аманжол Сағымбеков. 28 тамыз 2013 жыл.

​ болуы керек. Кандидат шұғыл әскери міндетін өтеген немесе азаматтық жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқыған не қорғаныс министрлігінің арнайы ұйымдарында әскери дайындықтан өтуі тиіс.

Жылжымалы пункттің үгітшілері шартқа отырған қызметкер әскери атағы, атқаратын қызметі, санаты және істеген жылына қарай 80 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін (530-дан 1 мың долларға дейін) жалақыны уақытылы алып тұратынын айтады.

Жалдамалы әскерилерге мемлекет есебінен баспана беріледі.Қызметтік баспана жоқ болса, оны жалдаудың өтемақысы төленеді. Әскерилер мен олардың отбасының мүшелеріне әскери-медициналық мекемелерде тегін медициналық қызмет көрсетіледі.

Келісім-шартпен әскерде қызмет етуге үгіттеп тұрған адам. Алматы, 28 тамыз 2013 жыл.

Келісім-шартпен әскерде қызмет етуге үгіттеп тұрған адам. Алматы, 28 тамыз 2013 жыл.

Келісім-шарт негізінде әскери қызметке жалданудың бір артықшылығы ретінде істеген жылына қарай берілетін ұзақ демалысты атайды.

10 жылдан аз қызмет еткендерге 30 күндік демалыс, 10-нан 20 жылға дейін қызмет еткендерге – 35 күн, ал 20 жылдан көп қызмет еткендерге 40 күн демалыс беріледі. Жоғары оқу орнына емтихан тапсырып, түсіп жатса, сырттай оқуға демалыс беру де қарастырылған. Ғылыми дәреже алғысы келетін жандарға қосымша шығармашылық демалыс беріледі.

Қазақстан ЖОО-да оқитын ондай сарбаздардың оқу ақысының жартысын мемлекет есебінен төленетіні айтылады.

КІМДЕРДІ АЛМАЙДЫ?

Әскери қызметтің бұл түріне сот өз бетінше әрекет етуге қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі деп таныған тұлғалар мен әскери міндетін атқаруға кедергі болатын сырқаты бар жандар қабылданбайды.

Бұрын сотталған немесе коррупциялық қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған адамдарға да есік жабық. Жағымсыз қылығы үшін мемлекеттік немесе әскери қызметтен қуылғандар үш жылға дейін бұл қызметке алынбайды.

Талдықорғанның 20 жастағы тұрғыны Арман Советбеков - армияға бара алмайтын адамның бірі.

–- Өткен жылы көктемде армияға барып, Өскеменде қызмет еткім келген. Бұрын Боткинмен (сары ауру) ауырғанмын, сол себепті алмады. Ақша ұсынып көріп едім, болмады. «Боткинмен ауырғансың, жарамайсың» деді, - дейді Арман Советбеков.

Ол Талдықорғанда жұмыс таппай, «егер шұғыл әскер қатарында болып келсем,
Ақша ұсынып көріп едім, болмады, «Боткинмен ауырғансың, жарамайсың» деді.
жалақысы мен жеңілдігі көп кәсіби армияға түсіп, контрактник болармын» деп ойлаған. Ол 60 мың теңгеден асатын жалақыны көп деп ойлайды.

Арман Советбековтің досы, өзін Дінмұхамед деп таныстырған жігіт Қазақстан армиясында төленетін 60 мың теңгені (400 долларға жуық) көп жалақы деп санамайды.

– Француз армиясының легионері болғым келеді. Ол жақта қызмет ететін қазақстандықтар 10 мың долларға дейін жалақы алады деп естідім. Бірақ ол жаққа бару жолын кімнен сұрауды білмеймін, - дейді аты-жөнін толық атамай, суретке де түскісі келмеген Дінмұхамед.

Бойы 186 сантиметр, шымыр денелі Дінмұхамедтің айтуынша, ол әлемнің кез келген елінің армиясында легионер болудан қорықпайды.

ШАРТ ЖАСАСҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ҚАРЫМЫ

Қарулы күштерді жұмылдыру және жасақтау басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары, отставкадағы полковник Сәрсенбай Жұмашев әскери қызметке келісім-шарт негізінде шақыру идеясынан нәтиже шығатынына сенбейді. Бірақ ол өзін Қазақстан қарулы күштерін жалдамалы кәсіби армияға ауыстыру идеясының авторымын деп атайды.

Ол бүкіл әскери ведомствода төменнен жоғарыға дейін кәсіби біліктілік жетіспейтінін айта келе:

– Кәсіби маманды кәсіпқойлар даярлауы тиіс, - дейді.

Отставкадағы полковник Сәрсенбай Жұмашев. Алматы, 9 мамыр 2012 жыл.

Отставкадағы полковник Сәрсенбай Жұмашев. Алматы, 9 мамыр 2012 жыл.

Әскери заңдарда келісім-шарт негізінде әскери қызметтің ерекшелігі ескерілмеген. Мысалы, әскери бөлімнен бірнеше сағатқа рұқсатсыз кетіп қалу - яғни «самоволка» деп аталатын ұғым ескіргенімен, әскери жарғыда әлі бар.

– Әскери жарғылар бұрынғы совет заманындағы күйінде қалды. Одан әлі күнге «самоволка» туралы түсінік алынбаған. Армияға шартпен жалданып барғандарға «самоволканың» қатысы қанша? – дейді қорғаныс министрлігінің бұрынғы шенді қызметкері.

Сәрсенбай Жұмашев «Осындай концептуальдық олқылықтардың жанында кейбір бөлімшелерде болып жататын, мысалы, бұрынғы «дедовщинаның» орнын келісім-шарт бойынша қызмет атқаратындардың әлімжеттігі басуы немесе олардың солдат қазанына қол салуы сияқты ұсақ-түйек қателіктер түк емес» дейді.

Сәрсенбай Жұмашевтің айтуынша, қазақстандық контрактниктердің кәсіби біліксіздігі 2012 жылдың мамырында «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен бір қорықшыны атып тастаған кезде анық көрінді. «Жарғыда сақшы мен кезекші ғана қарауылда тұрып, қалғандары алаңсыз ұйықтап жатады деп жазылмаған. Тәртіп бойынша міндетті түрде үш ауысым болуы тиіс: бірі қарауылда тұрады, бірі сергек жүреді, ал үшінші ауысым бұл кезде ұйықтап, тынығады» дейді ол.

Қазақстанның қарулы күштері шұғыл әскери қызмет түрінен, яғни жылына екі рет әскерге міндетті шақырылатын сарбаздардан бас тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Армияны келісім-шарт негізінде жалданатын, яғни кәсіби әскери қызметшілермен жасақтау жоспарланған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG