Accessibility links

"Тең дәрежеде жасай алмайтын келісімдер де бар"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада. 6 қыркүйек 2013 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада. 6 қыркүйек 2013 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Қытай - Қазақстан экономикасының ірі инвесторына айнала бастады. Қытай президентінің Қазақстанға сапарын қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы Азаттықпен сұхбатта қорытындылады.

Азаттық: Қыркүйек айында Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде Қытай басшысы Си Цзиньпин: «Қытай Орталық Азияда үстемдік етуге ұмтылмайды» деп мәлімдеді. Шынымен солай ма?

Дүкен Мәсімханұлы: Жалпы халықаралық қалыптасқан дипломатиялық үрдістерде «мен осы елге үстемдігімді жүргіземін» деген нәрсе ашық айтылмайды. Қалай болғанда да Совет Одағы ыдырағаннан кейін Батыста АҚШ бастаған алпауыт елдер, Ресей, Шығыстағы Қытай мен Жапония Орталық Азия аймағына өзінің ықпалын жүргізуге ұмтылып келеді.

Орталық Азия елдері тәуелсіздік алып жатқан жас мемлекеттер болғандықтан экономикасы мен саяси-әскери қуаты әлі де әлсіз. Олар дамыған елдердің қолдауына мұқтаж. Осындай мұқтаждықты кім болса да пайдаланып қалғысы келеді.

Азаттық: Қашаған жобасындағы Conoco Philips-тің үлесін Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) сатып алатыны белгілі болды. Жыл басынан бері бұл үлеске Үндістан үміт етіп келген еді. Үндістан ала алмаған үлестің Қытайға сатылуы нені білдіреді?

Дүкен Мәсімханұлы: Біріншіден, Қазақстан мен Қытай - сенімді әріптес, әрі тату көрші. Өзара мәңгі достыққа қол қойған елдер. Екіншіден, Қазақстан - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер қалай болғанда бір-біріне экономикалық тиімді жағдайларды, жеңілдіктерді жасап беруге тиіс.
Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы, Еуразия университетінің профессоры
Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы, Еуразия университетінің профессоры

Бұған қоса, Қытай халық республикасының алдында ондаған миллиард доллардай қарызымыз бар. Қытай әлемдік дағдарыс кезінде көмек қолын созды. Сондықтан үлес сатылар кезде осының бәрі ескерілді деп ойлаймын. Үндістанмен қарым-қатынас Қытаймен салыстырғанда әлсіздеу.

Азаттық: Қытайдың Қазақстанның шикізат ресурсындағы үлесі белгілі ме?

Дүкен Мәсімханұлы: Бұған қатысты қолымда нақтылы дерек жоқ. Си Цзинпинь келген кезде тек мұнай-газға ғана емес, Қазақстанның астығына да қызығушылық танытты. Демек, бұл салада да әрі қарай байланысымыз тереңдей түспек.

Азаттық: Қазір екі ел арасында трансшекаралық суларды қолдану мәселесіне байланысты қазақ-қытай ортақ комиссиясы құрылған. Бірақ комиссияның жұмысы жайлы ақпарат өте аз. Бұл комиссияның жұмысынан хабарыңыз бар ма? Жұмысы қалай жылжып жатыр?

Дүкен Мәсімханұлы: Жалпы комиссияның қашан құрылғанынан, құрамында кімдер бары туралы баспасөзде де ашық айтылмады. Жақында Си Цзинпиньмен кездесу кезінде біріккен декларация қабылданды. Негізі Қытай тарабының Қара Ертіс суының 50 пайызын (Қытай тарабы 30 пайыз деп жүр –Д.М). буып, оның суын Жоңғар ойпатына апарып игеріп жатқанына 10 жыл болып қалыпты. Қара Ертіс соған байланысты белгілі көлемін жоғалтты.
Іле өзен. Алматы облысы, 8 шілде 2013 жыл.
Іле өзен. Алматы облысы, 8 шілде 2013 жыл.

Бұдан бөлек, Іле өзенін құрайтын Текес, Қас, Күнес өзендерінің де суын буып, сол маңайдағы немесе Тянь-Шанның арғы бетіндегі Ақсу аймағының шөлді алқаптарына апару жоспарланып отырған. Қазір Іле өзенінің біразы буылып алынды. Комиссияның өте күрделі бұл мәселені қалай шешіп жатқаны белгісіз.

Себебі Қытай тарабы өзендерді бөгеу құрылысын бастап, Қара Ертіс жақты баяғыда пайдалануға беріп қойған. Комиссия құрылысты тоқтатқызып, суды бұрынғыдай жібереді дегенге сенім жоқ. Дегенмен Қытайға бұрылатын судың көлемін азайтып, бізге ағып келетін трансшекаралық өзендердің экологиялық тазалығына мән бергізсе, соның өзі біз үшін үлкен жетістік. Менің ойымша, бұл мәселе тең дәрежеде шешіле қоймайды.

Азаттық: Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сол өңірдегі бос жерлерді "уақытша" қытайлық инвесторлардың пайдалануына беруге болатыны" жайлы айтты. Бұл қаншалықты дұрыс қадам деп ойлайсыз?

Дүкен Мәсімханұлы: Бердібек Сапарбаевтың сол мәлімдемесін өз құлағыммен естіген жоқпын. Егер рас болса, бұл – үлкен қателік. Меніңше, егер шынымен де бос жерлер болса, қытайлықтарды әкелгенше жұмыс, жер жетпей жүрген азаматтарымызды сол өңірге апарып, қолына күрек, жұмыс тауып берген абзалырақ болар еді.
Ғылым, технология, гуманитарлық және мәдени қарым-қатынасқа мән берілмей келеді. Бұл жолы да солай болды.

Екіншіден, әкім шынымен де сондай ойға келіп, қазақ үкіметі оны қолдаса, елімізге келген қытайлардың белгілі мерзімге келіп, елде қалмай өз еліне қайтып кету жағына кепілдік етуіміз керек. Бұл - дүние жүзінде бар тәжірибе. Әйткенмен қазақ шенеуніктері қытайлық еңбек иммигранттарының осында қалып қалмауына кепілдік береді дегенге сенбеймін.

Азаттық: Қытайдың жаңа басшысы ресми сапармен Қазақстанға тұңғыш рет келіп отыр. Бұл сапардың қандай ерекшелігі болды деп ойлайсыз? Қазақстан үшін саяси-экономикалық тұрғыда қай келісім-шарт маңызды болады деп ойлайсыз?

Дүкен Мәсімханұлы: Жаңа төрағаның алғашқы сапары деген болмаса аса бір үлкен жаңалық, ерекшелік байқаған жоқпын. Бұрынғы келісімдер, ескі байланыстар тереңдетілді. Бұған дейін Цзян Цзэминь де, Ху Цзиньтао да тек экономикалық қарым-қатынасқа мән берді.

Ғылым, технология, гуманитарлық және мәдени қарым-қатынасқа мән берілмей келеді. Бұл жолы да солай болды. Президент айтқандай, бәрібір Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас экономикалық тұрғыда басымдығын сақтап қала береді.

Азаттық: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG