Accessibility links

«Миттал Стил Теміртау» шахтасында болған жарылыс бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдары сотқа берілді


Былтырғы жылы қыркүйек айының 20-сында "Миттал Стил Теміртау" шахтасында болған жарылыстың салдарынан 41 шахтердің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аяқталып, материал жұма күні сотқа жіберілуі керек. Бұл туралы "Азаттық" радиосынан Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасынан хабарлады. Бұл іс бойынша қазір айып тағылған 8 адамның 5-і қамауда отыр.

«Миттал Стил Теміртау» кәсіпорнына қарасты Ленин атындағы шахтада қыркүйектің 20-сында болған жарылыстың салдарынан 41 жұмысшы қаза болған. Осы факті бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу жұмыстарының аяқталғанын хабарлады «Азаттық» радиосына Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері Рашид Ефизов қаңтардың 5-күні.

- Бүгін бұл істі сотқа беру мәселесі Қарағанды облыстық прокуратурасында шешілуде. Тергеу жұмысы желтоқсанның 25-інде аяқталып, іс Қылмыстық процессуалды кодекстің 280-ші бабында көрсетілген тәртіп бойынша прокуратураға берілді. Мендегі бар ең соңғы мәлімет бойынша материал бүгін сотқа кетуі керек, - деді Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері Рашид Ефизов.

Ал шахтадағы жарылыс бойынша 8 адамға айып тағылғанын айтады Қарағанды облыстық прокуратура қызметкері Нұрбек Құсбақов:

- Ленин атындағы шахтада болған жарылыс бойынша істі Шахтинск қалалық соты қарайды. Бұл іс бойынша 8 адам ұсталды. Оның 5-і қамалды, 3-і тұратын жерін тастап кетпеу туралы қолхатпен жүр.

Бұл азаматтарға Қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша, яғни, 232-ші бабы «Өз міндетіне немқұрайлы қарау», 245-ші бабы «Тау-кен жұмысын жүргізу кезінде абайсызда адам өліміне немесе басқа да ауыр жағдайға соқтырған қауіпсіздік ережелерін бұзу» және 152-ші бап «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» деген баптарға сәйкес айыптар тағылған. Бірақ, көп жағдайда, жұмысшы өлімі болатын ірі шикізат компаниялары басшылары тікелей жауапкершілікке тартылмай қалатындығын айтқан болатын дейді Қазақстандағы Еңбек Конфедерациясының президенті, Парламент мүшесі Серік Әбдірахманов:

- Анау «Қазақмыстың», мынау «Миттал Стил Теміртаудың» қолдаушы-«крышалары» өте жоғарыда отыр. Сондықтан, ешкімнің оларға тісі батпайды. Әңгіме – осында! Біз де Мәжілісте осы мәселені көтеріп талай айттық, Бас прокуратураға да сауал жолдадық. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже жоқ!

Бұл кезде шахтада қаза болғандардың жесірлері «Миттал Стил Теміртау» компаниясының көмір департаментіне қарсы берген арызы сотта жатқандығын айтады Қарағанды облыстық прокуратура қызметкері Нұрбек Құсбақов:

- 18 жесір сотқа арыздарын жіберді. Іс сотта жатыр. Бірақ, сот әлі оны қараған жоқ.

Ал сотқа арызданушылардың қорғаушысы Евгений Танков арызды сотта қарау келесі аптада басталуы керек деп отыр:

- Әлі сот мәжілісі болған жоқ. Күтіп отырмыз!

Былтырғы жылғы қыркүйектің 20-сында Ленин атындағы шахтадағы апат салдарынан қаза болған шахтерлердің жесірлері өтемақының дұрыс берілуін талап етіп, 2006 жылдың желтоқсан айында сотқа шағымданған болатын. Олар моральдық өтемақы көлемін 7 миллион теңгеге бағалаған. Арыз иелері өздеріне 10 жылдық айлық көлемінде есептеліп берілген өтемақы қолдарына аз болып тигенін айтқан.

«Митталл Стил Теміртау» компаниясы өндірістегі жұмысшы өлімінің саны жағынан Қазақстанда «Қазақмыс» корпорациясынан кейінгі орында тұр. Ресми деректер бойынша, алдыңғы жыл мен былтырғы жылдың шілде айлары аралағында Қазақстанда кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болған 77 адамның дені – жұмысшылар. 33 қаза тау-кен саласында болса, 15-і құрылыс саласында орын алған, қалғаны шаруашылықтың басқа салаларына тиесілі.
XS
SM
MD
LG