Accessibility links

Биыл кеншілердің кәсіби мерекесі аталып өтілмеді. Оған Күзембаев атындағы шахтада болған жарылыс себеп болып отыр. Кейбір шахтерлер бұл шешімге қарсы. Олар жыл сайынғы жеңілдіктен қағыламыз деп қауіптенеді.


Тамыз айының соңғы жексенбісінде Кеншілер күні атап өтіледі. Бұл шешім 1947жылғы қыркүйектің 10-дағы жарлықпен бекітілген. Биыл мерекені үш күн бойы өткізу жоспарланған екен. Алайда Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсет Нұркенов Күзембаев атындағы шахтадағы қайғылы оқиғадан кейін мерекелік шаралардың барлығы 4 қыркүйекке шегерілді деп хабарлады.

«ЕШҚАШАН КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРМАУШЫ ЕДІ»

- Енді ешқандай да шаралар болмайды деп ойлаймыз. Кеншілердің айтуынша, қыркүйектің жұмыс кестесі құрылып қойған. Сондықтан да 4 қыркүйек күні ешқандай жеңілдіктер мен демалыс берілмейді. Барлығы жұмыс істейді. Кеншілер күнін ешқашан кейінге қалдырмайтын, - дейді «Кеншілер отбасы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Андрей Цуканов.

Тамыздың 20-ы Қарағанды облысы Сарань қаласындағы «Арселлор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты шахтада көмір мен газ атылды. Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттары бойынша, жарылыс кезіндегі метанның шоғырлануы 58 пайызды құраған. Ол уақытта жер астында 100-ден аса кенші болған. Олардың көбі жер бетіне шығарылды, бірақ, екеуі мерт болды. Қазіргі уақытта жарылыстың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

29 жыл шахтада жұмыс істеген Тахир Мұхамедиянов Кеншілер күнін жыл бойы күтетінін айтты:

- Үш күн қазалы деп саналады. Үш күн өтті. Бұл жалғыз менің пікірім емес. 29 тамыз ерекше күн болуы керек еді, - дейді ол.
Кеншілер өздері дем алатын арнайы орындарға жолдамалардың аз берілетінін, реабилитациялық орталықтың жоқтығын айтып шағымданды.

Кеншілердің айтуынша, қазалы күндерге бола мерекені шегергеніне қарамастан қалада у-шу мен әндер тоқтатылмаған.

- Қазалы күн болса, ол барлық жерде көрініп тұруы керек. Қазақстандық арналардың ешқайсысынан концерттерді беруді тоқтатпаған. Бәрі баяғыдай. Мұндай күндері бәрі жабық болуы керек. Кафе, ресторандар да, - дейді Тахир Мұхамедиянов.

Әдетте Кеншілер күні думандық шаралар ұйымдастырылады. Ал биыл қазақстандық және шетелдік әншілер қатысатын концерт қойылады деп жоспарланған.

- Шахтинскіде үлкен алаң бар, сол жерде бәйге, жарыстар болатын. Киіз үйлер тігіліп, концерттер берілетін. Қалада да мерекелік шаралар болатын, орталық алаңда әртістер келіп көңіл көтеретін. Биыл ресейлік әншілер келуі керек еді. Келесі күннің таңы атқанша тойлайтын едік, - дейді кенші Мұхамедиянов.

Кеншілер өздері дем алатын арнайы орындарға жолдамалардың аз берілетінін, реабилитациялық орталықтың жоқтығын айтып шағымданды.

БІР ШАХТАДАҒЫ ҰҚСАС ЕКІ АПАТ

Бұл Күзембаев атындағы шахтада болған алғашқы жарылыс емес. 2010 жылы мамыр айында осы шахтада көмір мен метан газының лықсуынан қопарылыс болып, екі кенші қаза тапты. Алайда апаттың себебін тексерген комиссия төтенше жағдайға табиғи фактор себеп болды деген қорытынды шығарды. Тахир Мұхамедиянов мұның бәрі қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан дейді.
Компания еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік техникасын жаңарту үшін 2008-2011 жылдар ішінде 438 миллион АҚШ долларын жұмсаған.

- Бір жерде бір жыл ішінде бір сипаттағы апаттың екі мәрте болуы тектен-тек емес. Кен ісін білетін адам бірден түсінеді. Алайда өзге шахталарда да жағдай мәз емес. Барлық жерде қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Төрт жыл ішінде шахталарда үш мәрте жарылыс болды. Талай адам қаза тапты, - дейді ол.

Компанияның ресми сайтындағы ақпарат бойынша, «жапа шеккендерге қаржылай көмек беріледі. Қайтыс болған кеншілердің отбасыларына он жылдық жалақы көлемінде ақшалай және басқа да көмек көрсетіледі».

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның баспасөз мәлімдемесінде компания еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік техникасын жаңарту үшін 2008-2011 жылдар ішінде 438 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Ал Күзембаев атындағы шахтасына осы уақыт аралығанда 52 миллион АҚШ доллары құйылған екен.

Компанияның ақпараттары бойынша, 2011 жылғы шілде айына дейінгі мәліметке сәйкес онда 18 350 адам жұмыс істейді. Осы уақыттағы орташа жалақы – 148 577 теңге. Бұл 2010 жылға қарағанда 12,9 % -ға жоғары.
Тамыздың 20-сы күнгі жарылыс «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-дағы алғашқы қайғылы оқиға емес. 2004 жылдың қыс айында 23 адамның өмірін қиған жағдай болды. 2006 жылы Ленин атындағы шахтадағы жарылыста 41 адам қайтыс болды. 2008 жылы Абай шахтасындағы қайғылы оқиға кезінде де ондаған адамдар көз жұмды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG